Мектепке дайындықты денсаулықтан баста
Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалды. Мектепке қызу дайындық жүріп жатыр. Базар маңы ығы-жығы. Бірнеше баланы жетектеп, мектеп формасы мен оқу-құрал алып жүргендерден көз сүрінеді. Алайда мектепке дайындық мектеп формасы мен оқу-құрал алумен шектелмейді. Бастысы- баланың денсаулығы. Облыстың бас педиатры мектеп формасына мән берумен қатар, баланың денсаулығын назардан тыс қалдырмау керектігін еске салады. Өйткені дұрыс тамақтану, ұйқы, таза ауада серуендеу баланың оқу үлгерімі мен көңіл-күйіне әсер етеді.
Назгүл ӘБЕТОВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
“Алдымен баланың оқу үлгерімінен бұрын денсаулығын бақылаңыздар. Дұрыс ұйқы, таңғы ас, құнарлы тамақтану, күнделікті қозғалыс, телефонда ұзақ отырмау, профилактикалық тексерулер мен вакцинаны уақытында алуға ерекше көңіл бөлген жөн. Өйткені дені сау, ұйқысы қанық, дұрыс тамақтанатын және эмоционалдық тұрғыдан өзін қауіпсіз сезінетін бала оқу жүктемесіне де тез бейімделеді”. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас педиатры Лаура Темирашева осылай деді. Маманның сөзінше, баладан тек “сабағыңды оқы” деп емес, “өзіңді қалай сезініп жүрсің?” деп сұрайтын ата-ана болу өте маңызды. Ең дұрысы — баланың профилактикалық медициналық қарап-тексеруден уақытында өтуін қамтамасыз ету. Мұнда баланың бойы, салмағы, физикалық және психикалық дамуы, көруі, естуі, жалпы денсаулық жағдайы бағаланады. Қажет болған жағдайда дәрігер қосымша зерттеулер мен бейінді мамандардың консультациясын тағайындайды.
Лаура Темирашева жаздан кейінгі әлсіздік ауруды білдірмейтінін жеткізді. Оған ұйқы режимінің өзгеруі, күн тәртібінің бұзылуы, физикалық белсенділіктің азаюы, дұрыс тамақтанбау немесе эмоционалдық жүктеме әсер етуі мүмкін.
- Балалардың денсаулығы мықты болып өсуі үшін аз отырып, көбірек ойнауы керек. Ұйқысы жеткіліксіз балалар мен жасөспірімдерде семіздік, қант диабеті, жарақаттар, психикалық денсаулықтың нашарлығы, зейін мен мінез-құлық проблемаларының қаупі жоғары болады, -деді облыстың штаттан тыс бас педиатры.
Баланың иммунитеті бір ғана витаминмен көтерілмейді. Баланың түрі бозарып, тәбеті төмендеп, бас айналып, салмағы өзгеріп, оқу үлгерімі төмендесе дабыл қағу керек. Дәрігерлер осындай жағдай болмас үшін сабақ басталғанға дейін баланың денсаулығын тексертіп алғанды жөн санайды. Баланың бойындағы әлсіздікті байқап, “витамин жетіспейді”,- деп өз бетімен шешім қабылдау қате. Алдымен нақты себебін анықтау маңызды.
- Баланың иммунитетін бір ғана витаминмен “көтеру” мүмкін емес. Иммундық жүйенің қалыпты жұмыс істеуі үшін жеткілікті ұйқы, теңгерімді тамақтану, күнделікті қозғалыс, таза ауа, вакцинация және созылмалы ауруларды бақылау керек. Дәрумендер мен микроэлементтерді, әсіресе жоғары дозада, өз бетінше ұзақ қабылдатуға болмайды. Қоспа немесе препарат баланың жасына, тамақтануына және нақты қажеттілігіне қарай дәрігердің ұсынымымен қолданылғаны дұрыс, -деді ол.
Темір тапшылығы балаларда кездесетін маңызды мәселенің бірі. Бірақ ол тек сыртқы белгілеріне қарап анықталмайды. Нақты диагнозды зертханалық тексеру арқылы дәрігер қояды. Сондықтан “бала бозарып жүр — демек, темір жетіспейді” деп темір препаратын өздігінен бастау дұрыс емес.
Ауру - астан. Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі. Педиатр баланың рационы әртүрлі болуы керектігін ерекше атап өтті. Көкөніс пен жемістер, дәнді дақылдар, ет, балық, жұмыртқа сияқты ақуыз көздері, сүт және қышқыл сүт өнімдері, сондай-ақ жеткілікті мөлшерде су болғаны дұрыс.
Ал таңғы ас — өте маңызды. Бала таңғы ас ішпей мектепке барса, сабақ кезінде ашығу, зейіннің төмендеуі және шаршау сезімі болуы мүмкін.
“Құрамында тұзы, қанты және қаныққан майлары көп тағамдарды шамадан тыс тұтыну дұрыс емес тамақтану әдетінің қалыптасуына, артық салмақ пен метаболикалық бұзылыстар қаупінің жоғарылауына ықпал етеді. Сондықтан ата-ана “мүлдем болмайды” деп тыйым салғаннан гөрі, баланың күнделікті рационында пайдалы тағамдардың үлесін көбейткен дұрыс”. Осылай деген маман Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да мектептерде пайдалы тағамдар мен сусындардың қолжетімділігін арттырып, қант, тұз және қаныққан майы көп өнімдерді шектеуді ұсынғанына тоқталды.
- Мектептегі тамақтану да жас ерекшелігіне сай теңгерімді болуы тиіс. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолданыстағы тамақтануды ұйымдастыру қағидаларында мектеп мәзірі жас ерекшеліктері мен тамақтанудың физиологиялық нормаларын ескере отырып жасалатыны көрсетілген, -деді дәрігер.
Егер балада аллергия болса, мектеп медбикесіне ескерткен жөн. Сонымен қатар экранға ұзақ отыру көбіне қозғалыстың азаюымен және ұйқы уақытының қысқаруымен қатар жүреді. Мазасыздық ұзаққа созылып, баланың ұйқысына, тәбетіне, сабаққа баруына немесе күнделікті өміріне айқын әсер етсе, педиатрмен және қажет болған жағдайда психологпен кеңескен артық етпейді.
Мектеп оқушысы қанша сағат ұйықтауы керек? Мектеп оқушысы қанша сағат ұйықтауы керек: Денсаулық сақтау министрлігі оқу жылы қарсаңында ата-анаға ұсынымдар берді. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін ата-аналарға балалардың қалыпты ұйқы режимін алдын ала қалпына келтіру ұсынылады. 6–12 жастағы мектеп оқушылары тәулігіне 9–12 сағат, ал 13–18 жастағы жасөспірімдер 8–10 сағат ұйықтауы қажет. Толыққанды демалыс баланың зейінін шоғырландыруына, жаңа ақпаратты жақсы меңгеруіне және оқу күні бойы жұмысқа қабілеттілігін сақтауға көмектеседі.
Мектепке дайындық – мектеп формасын, рюкзак пен оқу құралдарын сатып алумен ғана шектелмейді. Күн тәртібін алдын ала реттеу де маңызды. Әсіресе жазғы демалыс кезінде бала кеш жатып, кеш тұруға үйреніп қалған болса, оған ерекше назар аударған жөн, -делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында. Мамандар оқу жылы басталғанын күтпей, ұйқыға жату және таңертең ояну уақытын біртіндеп ертерек уақытқа ауыстыруды ұсынады. Бұл мектеп режиміне жайлы бейімделуге мүмкіндік береді.
Ұйқыға деген қажеттілік жас ерекшелігіне байланысты. Америкалық педиатрия академиясының ұсынымдарына сәйкес, балаларға:
* 1 жасқа дейін – тәулігіне 12–16 сағат ұйқы;
* 1 жастан 2 жасқа дейін – 11–14 сағат;
* 3 жастан 5 жасқа дейін – 10–13 сағат;
* 6 жастан 12 жасқа дейін – 9–12 сағат;
* 13 жастан 18 жасқа дейін – 8–10 сағат ұйқы қажет.
Мектеп оқушылары үшін ұйқының ұзақтығымен қатар оның тұрақты болуы да маңызды. Баланың күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянғаны дұрыс. Толыққанды ұйқы ағзаның қалпына келуі үшін қажет және зейінге, есте сақтау қабілетіне, эмоционалдық жағдайға, сондай-ақ жаңа ақпаратты қабылдау қабілетіне тікелей байланысты.
Бірінші сынып оқушыларына ерекше көңіл бөлу қажет. Бірінші сыныпқа бару баланың қалыптасқан күн тәртібін айтарлықтай өзгертеді. Жаңа режим, сабақтар, ерте тұру және көптеген жаңа әсерлер бейімделуге белгілі бір уақытты талап етеді. Сондықтан қажет болған жағдайда мамандар бірінші сынып оқушыларына ұзақтығы екі сағатқа дейінгі қосымша күндізгі демалысты қарастыруды ұсынады. Алғашқы апталардағы басты міндет – баланың жаңа күн тәртібіне біртіндеп үйренуіне көмектесу және оның қалпына келуіне жеткілікті уақыт беру.
Каникулдан кейін мектеп режимін қалай қалпына келтіруге болады. Мектеп режиміне алдын ала және күрт өзгеріссіз көшкен дұрыс. Егер бала жазда кеш ұйықтауға үйреніп қалса, ұйықтау уақытын біртіндеп ертерек уақытқа ауыстыруға болады.
Ата-аналарға бірнеше қарапайым ережені ұстану ұсынылады. Күн тәртібін сақтау. Баланы күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтатып, бір уақытта оятуға тырысқан жөн. Мүмкіндігінше демалыс күндері де қалыптасқан тәртіпті сақтаған дұрыс. Ұйықтар алдында гаджеттерді пайдалануды шектеу. Кешкі уақытта смартфон, планшет және компьютерді пайдалануды азайтып, сондай-ақ тым белсенді ойындар мен эмоциялық тұрғыдан әсерлі контенттен бас тартқан жөн. Ұйқы алдында тыныш орта қалыптастыру. Серуендеу, жылы душ қабылдау, кітап оқу немесе тыныш әңгімелесу балаға күндізгі белсенділіктен демалысқа ауысуға көмектеседі. Бөлмені ұйқыға дайындау. Бөлмені үнемі желдетіп, қолайлы температураны сақтап, жайлы ұйықтайтын орын ұйымдастырған жөн.
Ұйқы уақытын қысқартуға болмайды. Қосымша сабақтар, үй тапсырмалары немесе ойын-сауықтар түнгі демалыс уақытын үнемі қысқартпауы тиіс. Ұйқының жеткіліксіздігі кері әсер етуі мүмкін: баланың зейінін шоғырландыруы, назарын сақтауы және оқу күні бойы нәтижелі жұмыс істеуі қиындайды. Сондықтан мектеп басталғанға дейін күн тәртібін қалпына келтіріп, ерте тұру мен уақытында ұйықтауды біртіндеп қалыпты әдетке айналдырған дұрыс. Толыққанды ұйқы – оқу күнінің нәтижелі өтуінің маңызды әрі қарапайым құрамдас бөлігі. Ұйқысы қаныққан бала сабаққа зейін қоюға, жаңа ақпаратты қабылдауға, оқу жүктемесін жеңіл еңсеруге және күні бойы белсенді болуға бейім келеді.
Сөмкең болсын ыңғайлы. Мектепке баратын оқушыны сөмкесіз елетету мүмкін емес. Сөмке - күнделікті қолданатын маңызды заттардың бірі. Сондықтан сөмкені дұрыс таңдау маңызды. Ол баланың денсаулығына әсер етеді. Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жансерік Құлмановтың сөзінше, сөмкенің сыртқы көрінісіне ғана емес, сапасы мен қолайлығына да назар аудару қажет. Алдымен сөмкенің өлшемі оқушының бойына сәйкес болуы қажет. Тым үлкен сөмке баланың арқасы мен иығына ауыр салмақ түсіреді.
- Бастауыш сынып оқушылары ұстайтын сөмкенің салмағы 700 грамнан, ал жоғары сынып оқушылары үшін 1 келіден аспауы тиіс. Нақтырақ айтсақ, 1–4 сынып оқушыларына арналған рюкзактың өлшемдері белгіленген параметрлерге сәйкес болуы тиіс. Өлшемдерді ұлғайтуға рұқсат етіледі, бірақ 3 сантиметрден аспауы керек. Сондықтан ортопедиялық арқалығы бар рюкзакты таңдаған дұрыс, -деді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ мектеп оқушыларының сөмкесінде жарық шағылыстыратын элемент болу керек. Өйткені бұл элемент қараңғы уақытта жүргізушілердің назарын аудартады. Бұл баланың қауіпсіздігі үшін қажет. Сатушыдан сөмке сатып аларда міндетті түрде сәйкестік сертификатын сұрау керек. Ақтөбе облысында биыл санитар мамандар 5 сөмке ксатып алып, зертханалық тексеруге жіберген. Нәтижесінде 5 сөмкенің біреуі Кеден Одағының техникалық регламенттеріне сәйкес болмай шыққан.
20 мың оқушы: Біз мектепке барамыз! Айта кетейік, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның мәліметінше, облыс мектептерінде 194 мыңнан астам оқушы білім алады. Бірінші сыныпқа 20 234 баланы қабылдау жоспарланған. Қазіргі таңда облыста 7 120 орынға арналған 15 мектеп, сондай-ақ IT-хаб пен арнайы балабақша салынуда. Оқу жылы басталғанға дейін жалпы сыйымдылығы 5 030 орын болатын 7 жаңа мектепті ашу және №8 орта мектеп пен Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназияға қосымша ғимараттардың құрылысын аяқтау жоспарланған. Ақтөбе қаласында үш мектеп – Алтын Орда шағын ауданында, Оңтүстік-Батыс-2 және Шилісай-1 тұрғын алаптарында ашылады. Тағы төрт мектеп Мұғалжар ауданының Ащысай ауылында, Темір ауданының Кеңқияқ және Шұбарқұдық ауылдарында, сондай-ақ Мәртөк ауданының Кеңсахара ауылында ашылады.


