Денсаулық үшін жасалған қадам
Триатлон саябағында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай «Денсаулық қадамдары» атты акция өтті. АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығымен қатар үкіметтік емес ұйымдар, аутрич қызметкерлер қатысты.
Аружан СМАҒҰЛОВА
@smagulova__aruzhan
Қатысушылар қызыл киім киіп, кеуделеріне қызыл лента тақты. Қала тұрғындары мен қонақтарына ақпараттық алаң ұйымдастырылып, профилактикалық кеңес берілді. Сондай-ақ АИТВ-инфекциясына тексерілу үшін жедел тесттер ұсынылды. Қатысушылар Триатлон саябағында жаяу жүріп, салауатты өмір салтын насихаттады.
— 1 желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай ауқымды шараларды өткізу жоспарланды. Соның бірі – «Денсаулық қадамдары» атты акция. Саябақты айналып жүріп өтпестен бұрын денені қыздыру жаттығуларын орындаймыз. Содан кейін саябақты айналып өтеміз. Тұрғындар қызыл киім киген акция қатысушыларына назар аударып, сұрап жатса, міндетті түрде ақпарат береміз. Сонымен қатар акцияға «Болашақ Мұра» атты үкіметтік емес ұйым қатысуда. Жалпы акцияға орталығымыздың барлық қызметкері қатысады, — деді АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталықтың профилактикалық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Динара Уразалинова.
«Болашақ Мұра» қоғамдық қорының ұйымдастырушысы Шаттық Амантайқызының айтуынша, АИТВ орталықтарымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Жобаның негізгі мақсаты – 18–35 жас аралығындағы жастарға, соның ішінде студенттер мен түрлі мекеме қызметкерлеріне АИТВ инфекциясы туралы ақпарат беріп, дұрыс түсінік қалыптастыру. Сондай-ақ қоғамда АИТВ мен өмір сүретін адамдарға қатысты қалыптасқан жаңсақ пікірлерді сейілтіп, олардың айналасындағыларға қауіп төндірмейтінін түсіндіру көзделген.
— Біздің басты міндетіміз – жастарға АИТВ инфекциясы өмірге қойылған үкім емес екенін жеткізу. АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты қоғамда дұрыс көзқарас қалыптастырып, бұл мәселені сауатты түрде түсіндіру маңызды, – деді Шаттық Амантайқызы.
Кездесулер барысында жастар арасында сауалнама жүргізіліп, олардың АИТВ туралы қаншалықты хабардар екені анықталады. Сонымен қатар қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріледі. Жоба мамыр айынан бастау алған. Шаттық Амантайқызының айтуынша, осы уақытқа дейін Ақтөбенің 90 пайызын аралап, жастар арасында АИТВ инфекциясы жайлы жалпылама түсінік қалыптастырған. Жоба желтоқсан айына дейін жалғасады.
Айта кетейік, 20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар, акциялар, жастармен кездесулер, семинарлар мен интерактивті сабақтар өткізіледі. Өңір тұрғындары мамандардан кеңес алып, АИТВ-ға жедел тестілеуден өте алады.


