АИТВ-инфекциясына тексерілу. Кім және қашан тексерілуі керек?
АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы. АИТВ – адамның иммундық жүйесінің жасушаларын зақымдайтын немесе олардың қызметін бұзатын ретровирус. Вирус берілу барысында иммундық жүйенің төмендеуіне әкеледі, нәтижесінде иммундық тапшылық пайда болады. Иммундық тапшылық - бұл иммундық жүйенің инфекциялармен және басқада аурулармен күресудегі рөлін орындай алмайтын жағдайы. Иммунитеті әлсіреген адамдар әртүрлі инфекциялар мен қатерлі ісік түрлеріне бейім келеді; олардың көбі иммундық жүйесі қалыпты жұмыс істейтін адамдарда сирек кездеседі. Ауыр иммундық тапшылықпен байланысты ауруларды оппортунистік инфекциялар деп атайды, өйткені олар иммунитеттің әлсіреуі салдарынан дамиды.
АИТВ-инфекциясына тексерілу – ерікті түрде жүргізілетін шара. Дегенмен, тексерілу қажет болатын жағдайлар да бар. АИТВ-ға тексерілу – ең алдымен, өз денсаулығыңызға деген қамқорлықтың белгісі.
Мынадай жағдайларды қарастырып көрейік: жыныстық өмірді бастаған әрбір адамға АИТВ-ға тестілеуден өту ұсынылады. Ең дұрысы — жыныстық қатынасқа түспес бұрын серіктестің АИТВ статусын анықтау. Егер бұл алдын ала жасалмаса, АИТВ-ға тестілеуден жыныстық қатынастан кейін бір ай немесе үш ай өткен соң өту қажет.
Бұл кезең АИТВ инфекциясының «терезе кезеңі» деп аталады. Бұл кезеңде инфекция жұққан жағдайда да кейбір зертханалық тестілер теріс нәтиже көрсетуі мүмкін. Жыныстық серіктес ауысқан жағдайда да АИТВ-ға тестілеуден өту мәселесіне жауапкершілікпен қарау қажет.
Инфекцияның қан арқылы берілу қаупі туындаған жағдайда да (мысалы, есірткі пайдалану кезінде залалсыздандырылмаған екпелерді пайдалану салдарынан) осындай тәсіл қолданылады. АИТВ жұқтыру қаупі бар жағдайлар қайталанған кезде және бастапқы тексеру нәтижелері теріс болған жағдайда, жылына кемінде екі рет қайта тексеруден өту ұсынылады.
Енді тағы бір жағдайды қарастырып көрейік: ауру белгілерінің болуы. Кейде АИТВ-ға тексеруден өту клиникалық көрсеткіштерге байланысты қажет болады: мысалы, егер адамда иммун тапшылығының айқын белгілері байқалса немесе АИТВ инфекциясын көрсететін клиникалық белгілер болса, мұндай тексерудің қажеттілігін дәрігер анықтайды. Сондай-ақ, жыныстық жолмен берілетін аурулар, В немесе С гепатиті, туберкулез диагнозы қойылған кезде, сондай-ақ герпес, атипті пневмония және басқа да жағдайларда скринингтен өту ұсынылады.
Қанмен және басқа да биологиялық сұйықтықтармен тікелей жанасу қаупі бар мамандық иелері, мысалы, медицина қызметкерлері, АИТВ-ға жыл сайын тексеруден өтеді.
АИТВ-мен өмір сүретін адамдармен қарым-қатынаста болатын жандар үшін тексеруден өту ерекше маңызды. АИТВ-мен өмір сүретін адаммен тұрақты түрде жыныстық қатынаста болатындар, тіпті мүшеқапты үнемі қолданғанның өзінде, жылына кемінде бір-екі рет тексеруден өткен дұрыс.
Әрине, жүкті әйелдер жүктілікті бақылау үшін медициналық ұйымға жүгінген кезде АИТВ-ға тексеруден өтуі қажет. Қазақстанда жүкті әйелдер жүктілік бойынша есепке тұрған кезде және жүктіліктің 28–30 аптасында АИТВ-ға тексеруден өтеді. Сондай-ақ жүкті әйелдің жыныстық серіктесіне де АИТВ-ға тексеруден өту ұсынылады.
Бұл инфекцияны уақтылы анықтауға және вирустың вертикальді жолмен (жүктілік, босану кезінде және ана сүті арқылы) берілу қаупін азайту мақсатында және антиретровирустық терапияны дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.
АИТВ-ны жұқтыру қаупі жоғары топтарды тексеруге келетін болсақ, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер, жыныстық қызмет көрсететін әйелдер және есірткіні инъекциялық жолмен қабылдайтын адамдар міндетті түрде тұрақты тексеруден өтуі тиіс.
АИТВ-инфекциясын қаладағы АИТВ-ның алдын алу жөніндегі облыстық орталықта АИТВ-ға тест тапсыру арқылы анықтауға болады.
Эльвира Анешова
Облыстық АИТВ-инфекциясының
алдын алу орталығының лаборант-дәрігері


