Ақтөбелік әйел ақшасынан қағылды
Өзін "банк қызметкері" деп таныстырған бейтаныс ер адам 31 жастағы әйелге қоңырау шалып, жәбірленушінің атынан несие рәсімделіп жатқанын айтады. Жағдайды болдырмас үшін өзіне келген смс кодты айтуын сұрайды. Кейін жәбірленушінің картасындағы барлық қаражатты басқа банк шотына аударып алған. Жалпы шығын көлемі екі миллионды құраған.
ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіні анықтауға және ұстауға бағытталған жедел шаралар қолға алынған. Ақтөбе облысының полиция департаменті осындай жағдайлардың алдын алу үшін ешкімге, тіпті банк қызметкеріне де жеке шоттар мен карталарға қатысты SMS-код және басқа да дербес ақпаратты айтуға болмайтынын ескертеді. Есіңізде болсын, банктер мен төлем жүйелері ешқашан хаттар жібермейді немесе клиенттерден шот деректерін сұрамайды. Сіздің барлық деректеріңіз банкте бар.