Ақтөбеде пәтер жалдау құны өскен

 Ақтөбе қаласында пәтер жалдау құны шарықтап кеткен. Осы кезге дейін 1 бөлмелі пәтер жалдау 70-80 мың болса, қазір 250-300 мыңнан бір-ақ шыққан.

 Назгүл ӘБЕТОВА

Ресейде мобилизация жариялана салысымен Қазақстанға ресейліктер ағылып келіп жатты. Оның ішінде Ақтөбеде 21 қыркүйектен бастап Халыққа қызмет көрсету орталығына барып 3 мыңнан астам ресейлік ЖСН алған. Шетелдіктердің көптеп келуі пәтер бағасының қымбаттауына да өз әсерін тигізбей қоймады.

Керек.info тілшілері мән-жайды анықтамақ болып, “пәтер жалға беремін” деген хабарландыру бойынша бірнеше пәтер иесіне хабарласып көрген едік. Расымен, жаға ұстатарлық бағаны естідік. Мәселен, Есет батыр тұрғын үй алабындағы 4 мөлтек ауданында осы күнге дейін пәтер жалдау құны арзан болып келген еді. Ал, қазіргі таңда 1 бөлмелі пәтер 200-350 мың, 2 бөлмелі пәтер 300-450 мың теңгеге аспандап кеткен. 8 мөлтек ауданда 3 бөлмелі пәтер коммуналдық төлемдерінсіз 500 мың теңге, “Болашақ” ауданында 1 бөлмелі пәтер 300 мың теңгені сұрап тұр. Батыс-2 ауданындағы баға бет қақтырмайды. 2 бөлмелі пәтер 800 мың теңгеден бір-ақ шыққан.Қала орталығынан 6 бөлмелі пәтерді айына 2 млн теңгеге жалдаймын деген хабарландыруды да көзіміз шалды.

 “Үш балам бар, пәтерге аласыз ба? ” деген сұрағымызға ойланып барып,жалдап қойғанын айтты. Сол номерге сырттан келген азаматша болып қоңырау шалғанымызда “ бос тұр, 40 минуттан соң келе беріңіз!” деген сыпайы жауап естідік. Бұл біз көз жеткізген мысал ғана.

Пәтер жалдап жүрген студенттердің де жағдайын білмек болып, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Лаура Қарабасоваға хабарластық. Ректордың мәліметінше, университет студенттерінің 17 пайызға жуығы жалдамалы пәтерде тұрады. Бүгінге дейін пәтер ақысы қымбаттап, қиындыққа тап болған 8 студент хабарласқан. Оларға университет жатақханасынан орын берілген. Пәтерден шығып, далада қалған студент жоқ.Қазіргі таңда жатақханада 200 орын бос тұр. Дегенмен, баспанаға қатысты қандай да бір қиындық туындаса, +7(747)360-80-96, +7(747)331-71-97 номерлеріне хабарласуға болады.

Еске салсақ, Қазақстандағы жеке және заңды тұлғалар шетелден келетін қонақтарын қабылдайтыны туралы ішкі істер органдарына хабарлауы тиіс. Егер, хабарламаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.


Әлеумет
13:30, 30 сентябрь 2022
905
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив