Ақтөбеде ер адамдар тырнақ әрлейді
Салонда екі ер адам жұмыс істейді. Олар әйелдердің тырнағын әрлеп, бұл кәсіпті табыс көзіне айналдырған.
Аружан СМАҒҰЛОВА
@smagulova__aruzhan
Салтанат Уркумбаева салонды 1 ай бұрын ашқан. Оның сөзінше, қалада ер адамдар қызмет көрсететін салон жоқ екен. Мұнда екі ер адам тырнақ әрлеумен айналысады.
- Ер адамдар өз жұмысын өзгеше істейді. Олар ұқыпты, таза, әрі жауапкершілгі мол. Қалада мұндай салон болмағандықтан эксперимент ретінде ашып көргім келді. Байқасам, олардың қарқыны жаман емес. Өзім де тырнақ әрлеумен айналысамын. Салонда жұмыс істеп жатқан екі жігітті өзім оқыттым. Қазір олар тәжірибе жүзінде өздерін сынап жүр. Жігіттерді бұрыннан танимын. Сондықтан бұл жұмысты оларға ұсындым. Әрі курсты оқиды, әрі жұмыс істейді. Егер ер адамның жұмыс істеуге ниеті болса, қуана қабылдаймыз, - деді Салтанат Уркумбаева.
Салонда жұмыс істейтін жігіттің бірі – Игілік Махамбетияр. Ол Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінде 3 курс оқиды.
- Тырнақ әрлеу маған қызық дүние болып көрінді. Ата-анам, туыстарым, достарым жұмысыма қарсы болмады. Шамамен 10 шақты әйел адамның тырнағын әрледім. Курсты оқу, жұмыс істеу қиын емес. Бастысы, жұмыс істегенде қол дірілдемеуі керек. Салтанат Уркумбаеваны бұрыннан танимын. Оның ұсынысымен осы салаға келдім. Бірақ тырнақ әрлеймін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді, - деді Игілік Махамбетияр.