Ақтөбедегі атышулы мектептің әрлеу жұмыстары 10 қыркүйекте аяқталады
Есет батыр атындағы тұрғын үй алабының 4 шағын ауданындағы жаңа мектептің ішкі әрлеу жұмыстары 10 қыркүйекте аяқталуы тиіс. Ғимаратты қарап шыққан облыс әкімі Ералы Тоғжанов мердігер тарапынан дұрыс жұмыс жүргізілмегендігін атап өтті. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Назгүл ӘБЕТОВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
4 шағын аудандағы мектеп 2019 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда, құрылыс кезінде мердігер компания жұмыс жүргізу мерзімін бұзғандығы белгілі болды. Ғимаратты аралап шыққан облыс әкімі мердігер тарапынан қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жөндеу жұмыстарымен 25 адам айналысып жатыр. Аймақ басшысының сөзінше, негізі мұндай жұмыстарды 100 адам жасауы қажет. Ескертуді қысқа мерзімде жою тапсырды. Бір ауысымда 900 бала білім алатын мектеп биыл ашылады. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар 10 қыркүйекте аяқталуы тиіс. Еске сала кетейік, Ералы Тоғжанов екі жыл ішінде Ақтөбе облысындағы апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен жою міндетін қойған болатын.