Жыл соңына дейін 67 ауылға мобильді интернет қосылады
Ақтөбе облысында жыл соңына дейін ауыл халқының 98,5 пайызы мобильді интернетпен қамтылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Назгүл ӘБЕТОВА
Ақтөбеде облыс әкімінің төрағалығымен “Қолжетімді интернет” пилоттық ұлттық жобасын іске асыру бойынша ақпарттық жиын өтті. Цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, ең өзекті мәселе- 100 адамнан аз тұрғыны бар елдімекенде мобильді интернет тарту. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қиындықтарға қарамастан барлық техникалық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, қаланың өзінде интернет сапасына қатысты сын айтылып жүргені де назардан тыс қалмады. Өңір басшысы мұны операторлармен бірлесіп шешу жөнінде нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.
- Сапаны жақсарту жұмыстарына проблемалары бар барлық учаскелер қамтылуы тиіс,-деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.
Облыста 213 ауылда мобильді интернет қолжетімді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 280 ауылға көбейеді деп отыр. Нақтырақ айтсақ, облыс халқының 98,5 пайызы мобильді интернетпен қамтылады.