Ақтөбелік тұрғын суға батып бара жатқан қызды құтқарып, өзі қаза тапты

 Ақтөбеде 39 жастағы ер адам Елек өзеніне батып бара жатқан 10 жасар қызды құтқарып, өзі суға батып кеткен.

Назгүл ӘБЕТОВА

@nazgulabetova

Оқиға 4 мамыр күні болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, кешкі уақытта Елек өзеніне 39 жастағы ер адамның суға батып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Сүңгуірлер ер адамның денесін 4,5 метр тереңдіктен алып шыққан. Марқұмның туысының айтуынша, сол жердегі саяжайлардың бірінде тұрады. Сол күні 6 баласымен су жағасына барған. “Көмектесіңдер! Көмектесіңдер!” ,-деп жанұшыра айқайлаған дауысқа елең етіп, бірден суға секірген.

- Сол маңайдағы саяжайлардың бірінде үй салып жатқан еді. Суға батып бара жатқан қызды құтқарып үлгерген. Аяғы тайып кетті ме, құрысып қалды ма, білмеймін... Бірақ, өзі судан қорқатын еді. Артында шиттей баласы қалды. Балаларын “Малышка” ауданындағы мектепке өзі таситын, -дейді марқұмның туысы.

Керек.info газетінің тілшісі марқұм Медет Тулеугалиев құтқарып қалған 10 жасар қыздың әкесі Кәдірхан Хамзинмен де тілдесті. Ол сын сағатта қызын ажалдан аршалап қалған батырдың ерлігі елену керек деп санайды.

-Өзеннің жағасына 2 жасар қызымды суға түсіріп жүрген едім. Екі баламның суға батып бара жатқанын көріп, дереу жүгірдім. Су тайыз, бірақ аздап ағыс болатын. Дереу сүңгіп, балаларымды жоғарыға қарай аяғыммен итеріп жібердім. Бір батып, шығара алмадым. Өзеннің орта жағы терең екен. Екінші рет тағы тырысып едім, су жұтып қойдым. Айқайлайын десем, дауысым шықпайды. Әрең дегенде “құтқарыңдар!” деп айқайладым. Сол кезде бірден жағада тұрған Медет жүгіріп келді. Өзі жүзу білмесе де, баланы құтқару үшін суға секірді, -деп еске алды Кәдірхан Хамзин.

Суға батып бара жатқан 8 жасар ұлын әкесі өзі құтқарып қалады. Ал 10 жасар қызды құтқару кезінде 39 жастағы ер адам қаза тапты. Баланың аман қалуына жанұшыра көмектесіп, өзі суға батып кеткен Медет Тулеугалиевтің еңбегі батырлықпен пара-пар.

- Ол нағыз батыр! Ерлік ісінің дәлелі болса екен деймін. Тумаларының айтуынша, суға түсіп көрмеген. Соған қарамастан, үлкен ерлік жасады. Балалары әкесінің батыр болғанын білу керек. Үлкен марапатқа лайық азаматтың ерлігі назардан тыс қалмаса екен,- дейді 10 жасар қыздың әкесі.

Марқұмның артында әйелі мен 6 баласы қалды. Үлкені 13 жаста болса, кішісі 9 айлық. Ерлік жасаған ер адамның денесі 6 маусым күні жер қойнына тапсырылды.


Қоғам
09:00, 08 июнь 2023
1 041
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив