Ақтөбеде ең алғаш салынған көпқабатты үйге лифт қондырылды
Қаладағы ең алғаш салынған үйлердің бірінде лифт іске қосылды. Мұнда 30 жылдан астам уақыт бойы лифт болмаған.
Аружан СМАҒҰЛОВА
@smagulova__aruzhan
Әбілқайыр хан көшесіндегі 32 үй - қаладағы ең алғашқы салынған көпқабатты үйлердің бірі. Үй 9 қабаттан тұрады. 1968-1969 жылдары бой көтерген көпқабатты үйде 30 жыл бойы лифт болмаған.
- Мұндағы тұрғындар 30 жылға жуық лифтсіз өмір сүрді. Тұрғындардың күшімен модернизация бағдарламасы арқылы лифтіге қол жеткіздік. Мен бұл үйде 2015 жылдан бері тұрамын. Әр қабатта 6 пәтер бар. Жалпы көпқабатты үй 52 пәтерден тұрады. Лифтінің салынғанына қуаныштымыз. Жаңа лифт кілттік жүйеге негізделген, - деді пәтер тұрғыны.
Тұрғындар жаңа лифтінің іске қосылғанына сондай қуанышты. Олар лифтінің ашылу салтанатында шашу шашып, мердігер компанияның директорына алғыс білдірді.
- Компания лифтіні монтаждау, қондыру, жеткізу қызметімен айналысады. Бұл салада жұмыс істегенімізге 15 жыл болды. Лифтіні қондыруға 1 айдай уақыт кетті. Мұнда лифт шахтасы болған еді. Бірақ дұрыс жұмыс істемеді. Біз оны алып тастап, жаңасын қондырдық. Жалпы лифтіні қондыру қиынға соқты. Лифтінің құны әкімдік есебінен төленеді. Лифтінің сапасы өте жақсы. Бұл - белоруссиялық лифт. Дәл осы лифт үйдің параметрлеріне сәйкес келеді. Бұрын самарлық лифт болған еді. Біз ескі лифт шахтасының орнын ауыстырмадық. Себебі шахтаның құрылысын ауыстыруға болмайды. Жаңа лифті 400 кг дейін көтере алады. Лифт 100 пайыз қауіпсіз. Тұрғындар ай сайын лифт қызметі үшін 700 теңге төлеп отырады, - деді мердігер компания директоры Ботагөз Жұмағалиева.
Тұрғындардың сөзінше, бұрында лифт болған. Шамамен 15-17 жылдан кейін жұмыс істемей қалады. Жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осылайша тұрғындар шамамен 1985 жылдан бері лифтісіз өмір сүріп келді.
- Мен 9 қабатта тұрамын. Жасым 71-де. Осы уақытқа дейін лифтісіз мініп, түстік. Қолыңда жүк, дорба болса, мініп, түсу өте қиын. Жедел жәрдем қызметкерлеріне де лифтісіз жоғары қабатқа шығу қиынға соғады. Енді жаңа лифтіде тазалықты, қауіпсіздік ережелерін сақтау керек, - деді пәтер тұрғыны Мария Мұханғалиева.