“Дүйсенбіде барлығының 5 айлық еңбекақысын беремін”

Шұбарқұдық депосының 20 жұмысшысы қаңтардан бері еңбекақыларын ала алмай жүр.  2015 жылдан бері зейнетақы қорына да еш салым түспеген. Компанияның бас директоры Сағындық Габдысаттаров 27 маусым күні барлығының еңбекақысын аударатынын айтты.

Арайлым ҚАСЫМ

@araikassym

Жұмысшылар тепловоз жөндеу арқылы мекемеге ай сайын 15-20 млн. теңгеге дейін кіріс кіргізіп отырғанын айтады.  Мекемеде келісім шартсыз жұмыс жасап жүргендер де жетеді. Алайда қолында заңды құжаттары болмағандықтан олар ақысын даулай алмай отыр. Олар Қандағаш  көлік прокуратурасына да, еңбекті қорғау департаментіне де, аудан әкімдігіне де шағымданған. Нәтижесінде, компания басшылығының үстінен іс қозғалған. Десе де, прокуратура 5 айдан бері ақшасыз жүрген жұмысшыларға «Келіп, процесті бақылауға болады» дегеннен басқа жауап айтпай отыр. Осында 2007 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан инженер-технолог  Арман Әлімбаев айлықтың бұған дейінде 1-2 айдан кешіктіріліп беріліп жүргенін айтады. Ашуға мінген жұмысшылар бейнеролик түсіріп, журналистерден көмек сұрады. Компанияның атқарушы директоры Серік Бақтыбаев қарджылық істерге тісі батпайтынын айтты.

- Мен қазір еңбек демалысындамын. Өзім де басқа жұмысшылар сияқты айлықсыз отырмын. Айлыққа қатысты мәселелерге менің «күшім» жүрмейді.  Жеке компания болғандықтан гендиректор ғана шеше алады. Бірнеше күн бұрын ол кісімен сөйлескенімде түскен ақшаны салыққа ұстап қалғанын айтты. Біздің жұмыста да жағдай мәз емес. Жұмысшылар айтқандай ай сайын 15-20 млн теңге түсіріп отырған жоқпыз. Жұмыс бар, үлгермейміз. Кейбір айларда 3 млн. теңге ғана шыққан кездер болған,-дейді ол. Жиырма жұмысшыны ақшасыз қалдырған компанияның бас директорымен де байланысқа шығып көруге тырыстық. Бірнеше күннен кейін телефонын алып, сұрақтарымызға құлықсыз жауап берген ол әңгімені «Не керек?» дегеннен бастады.

- Амандық болса дүйсенбі күні толығымен жабамыз. Барлық жұмысшының 5 айлық ақшасын беремін,-деді. Жұмыс жасап тұрған компанияны банкрот деп тануға негіз жоқ екенін айтқан Сағындық Габдысаттаров осынша уақыт жұмысшыларға не үшін еңбекақы төленбегенін, түсіндіре алмады. Ал 2015 жылдан бері салым болмаған зейнетақы қорындағы қарыздарын бөліп төлейтінін жеткізді.  

 

Әлеумет
13:30, 24 июнь 2022
1 352
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив