Ақтөбелік тұрғын, өз саяжайында есірткі зертханасын ашқан
48 жастағы саяжай иесі саяжайында қарасора өсірген. Саяжай кәдімгі зертханаға қажетті соңғы үлгідегі техникалық құралдармен жабдықталған.
ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жылдам жасақ қызметкерлерімен бірлесіп, саяжай алаптарының бірінде қарасора өсімдіктерін өсіру және одан әрі өңдеу бойынша жабдықталған есірткі зертханасын тапты. Саяжай иесі қарасораны жеке пайдалану мақсатында өсіргенін айтқан. Күдіктінің айтуынша, тұқым мен техниканы интернет дүкендерден алған. Тәркіленген 400 граммнан астам зат сараптама жіберілген. Ал ақтөбелік саяжай иесі ҚР ҚПК 128-бабы бойынша уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Күдіктіні есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Оның мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылмақ. Ақтөбе облысы ПД осындай жағдайлар туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, 102 телефоны хабарласуыңызды сұрайды.