Ақтөбеде 18 әйел жатыр мойны обырынан көз жұмған
Ақтөбеде бір күннің ішінде тексерілуге келген 41 әйелдің үшеуінен қатерлі ісік анықталды. Бұл туралы жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында өткен ашық есік күнінде белгілі болды.
Назгүл ӘБЕТОВА
@abetovanazgul
Жатыр мойны обыры- әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісіктің бірі. Онколог-дәрігерлердің айтуынша негізінен бұл дертке адам папиллома вирусы себепкер. Төрт жыл сайын өткізілетін скринингтен жүйелі түрде өту- аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда қатерлі ісіктің алдын алу бағытында өткізілетін ашық есік күніне келетіндер қатары аз. Онкологиялық орталықта өткен ашық есік күнінде кеңес алуға 41 әйел келді. Соның үшеуінен жатыр мойны обыры , біреуінен қатерлі ісікке күдік, 14 әйелде қабыну анықталған.
М.Оспанов атындағы БҚМУ медицина орталығы клиникалық-диагностикалық бөлімше меңгерушісінің міндетін атқарушы Зибагүл Бағжанның айтуынша, жатыр мойны обыры - жатыр мойны шырышты кабатында пайда болатын қатерлі ісік. Обырдың алғашқы кезеңінде ешқандай белгі байқалмауы мүмкін. Сондықтан дәрігер әйелдерде кездесетін эрозия, полип сияқты ауруларға бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді.
-Ерте жүктілік, темекі шегу, жиі түсік тастау, эрозия, дисплазия, лейкоплакия, полип обыр тудыруы мүмкін. Әрине кез келген дерттің алдын алуға болады. Ол үшін жылына бір рет гинекологиялық тексерілуден өтіп тұрған жөн. Клиникалық белгілердің пайда болуы ісіктің дамуын көрсетеді,- деді Зибагүл Сайранқызы.
М.Оспанов атындағы БҚМУ медицина орталығы жетекшісінің онкологиялық жөніндегі үйлестірушісі Олжас Оразаев бұл обыр бірнеше кезеңнен өтіп, біртіндеп дамитынын айтты. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі мен клиникалық көріністері болады. Олжас Оразаев облыста 2023 жылы осы қатерлі ісіктен 20 әйел, былтыр 18 әйел көз жұмғанын жеткізді. Жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша скриниг 30 жастан 70 жасқа дейінгілер арасында 4 жыл сайын өткізіледі.
Қазіргі таңда облыста жатыр мойны обырымен 947 әйел онкологиялық есепте тұр.
Деректерге сүйенсек, жатыр мойны обырына қатысты статистика адам шошырлық. Елімізде жыл сайын бұл аурудың 1900 жаңа жағдайы тіркеліп, 500 адам көз жұмады екен.
Былтыр облыста 109 әйел жатыр мойны обырымен диспансерлік тіркеуге алынған. Қыркүйек айынан бастап 11 жастағы оқушы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынып жатыр. Осы уақыт ішінде облыста 4800-ден астам жуық оқушы қызға екпе салынған.