Қобдада бір сыныптың оқушылары тәттіден уланды

Қобда ауданы орталығындағы мектептің 23 оқушысы тәттіден уланды. Белгісіз өнімнен уланған 4 класс оқушылары ауруханадан шықты.

 Назгүл ӘБЕТОВА

@abetovanazgul

 Қобда ауданындағы Қобыланды батыр атындағы мектептің 4 класс оқушылары тәттіден уланды. Оқиға 18 ақпан күні болған. Керек.info газетінің тілшісі мән-жайды білмек болып аудан әкімінің орынбасары Арман Қабыловқа хабарласқан еді. Айтуынша, мектеп оқушысы мектептен тысқары жердегі дүкеннен тәтті сатып алған. Сыныпқа апарып, балаларымен бөлісіп жеген. Дәм татқан 7 оқушы лоқсып, басы айналған. Қалған оқушылар иісінен өздерін жайсыз сезінген.  Бұны байқаған сынып жетекшісі  дереу мектеп әкімшілігі мен ата-аналарға, жедел жәрдемге  хабар берген.

 -Жедел жәрдем 23 оқушыны аудандық ауруханаға жеткізді. Оның ішінде 4 ата-ана қолхат жазып, балаларын үйіне алып кетті. 19 ақпан күні 10 оқушы, 20-сы күні  қалған 9 оқушы ауруханадан шығарылды. Олардың жағдайы жақсы. Денсаулықтарына қауіп төніп тұрған жоқ. Үйлеріне жіберілгеннен кейін де балалар дәрігерлердің бақылауында болады,-деді Арман Сағынтайұлы. Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанованың сөзінше, бастауыш сынып оқушылары сол күні мектеп асханасында тамақтанбаған. Белгісіз өнімді дүкеннен сатып алған. Дүкенге тексеру жұмыстары жүргізілді. Аталған өнімді растайтын құжаттар анықталмаған. Техникалық регламентке сәйкес таңбасы болмай шыққан. Айта кетейік, санитар мамандар облыста 45 сауда орнына тексеру жүргізген. Нәтижесінде  2 дүкеннен күмәнді өнімді тапқан. Қытай тәттісін зерттеу үшін лабораторияға жіберді. Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі аталған жағдай бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

 

Әлеумет
12:53, 21 февраль 2025
297
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив