"Көңілдесіммен құдаласып жатырмын"

 

"Сырласу" айдарына шығатын хаттарды жібермей оқимын. Кейбірін аяймын, кейбіріне ашуым келеді. Қарапайым нәрсені білмей, осы жерге жылап-сықтап хат жазатындарды түсінбей өтетін шығармын. Бірақ, әркімнің өз басында бір тақсыр тағдыры бар екен. Менің де оқиғамды біреу оқып, мені қарғар. Мүмкін, біреу аяушылық танытар. Мен ешкімнің пікіріне мұқтаж емеспін. Тек, өз ішімдегіні бөлісіп, сәл де болса жеңілдесем деген ниет.

Көңілдес десе шошына қараймыз. «Көңілдесі бар екен» деген сөз ерген адамға көзқарасымыз жақсы емес. Бірақ сол «көңілдеске» неге құмар адамдар? Себебін анықтап көрдіңіз бе? Ол – өмірді сүйетін, өзінің рахаты мен ләззаты үшін өмір сүретін, барлығынан ләззат алатын, төсекті міндетім деп емес, рахатым деп қабылдайтын жан. Солай екеніне келісесіз бе? Еркекті де тартып тұратын сол «магнит» емес пе? Жасым қазір 45те. Кемпір емеспін, бірақ жас та емеспін. Өз жасыма сай бір басына энергиясы жететін келіншекпін. 3 балам бар. Күйеуім бар, бірақ күйеуімнен әбден көңілім қалған. Жастау кезімізде көзіме шөп салып, талай қатындармен ойнас қылғаны бар, тіпті көзімше ақ төсегіме әкеліп, көңілдесімен көңіл қосқаны бар, қол жұмсағаны бар, бәрі қосылып, оған деген сезім, сыйластық дегеннің бәрін көңілімнен де, жүрегімнен де өшіріп тастаған. Балаларым толық отбасында өссін деп амал жоқтықтан, бәріне көніп, екеуміз бір шаңырақта тұратын көршілер секілді өмір кешіп келеміз. Тіпті екеуміз екі бөлек жатамыз. Бір қатынасқа түспегенімізге де біраз болды. Ол да сұрамайды, өзінің сыртта біреуі бар шығар. Болса бола берсін. Тек менен аулақ болса болғаны, тіпті басым ауырмайды. Үйде көргім келмегендіктен, жолсерік болып жұмысқа шығып кеттім. Сол сапарларда түрлі еркектермен төсектес те болдым. Санасам, ұзын саны 70 еркекпен жатыппын. Бір реттік төсектес болғасын, кімнің кім екенін сұрап та жатпайсың ғой, тіпті есіңде де қалмайды. Сондай көңілдестерімнің бірімен жақсы сөйлесіп, араласып, кейін де тұрақты кездесіп тұратын болдық. Оның да отбасы бар. Әйелімен ара қатынасы қандай екенінен хабарым жоқ. Маған ол керек те емес. Мен де, ол да қасымыздағы жан жарымыздан көрмеген жылуды сырттан іздеп жүрген жандармыз. Өзі менен бес жастай үлкендігі бар. Осылай кездесіп жүргенімізге 4 жылдай болды. Кездесу кезінде, әңгіме арасында бала-шағасы бар екенін айтып қалатын. Одан әрі қазбалаған емеспін. Ол да менің бала-шағам, байым бар екенінен хабардар. Екеуара уақытты көңілді өткізіп, бір біріміздің қажеттіліктерімізді өтеп, рахатқа батып қана жүргенбіз. Бірақ, аяқ астынан өміріміз өзгеріп кеткелі жатыр. Бәрін басынан бастап айтайын.

Күйеуімнен жеріп, жолсерік боп жұмысқа енді тұрған кезім. Қасымда серігім Айнагүл де көзі дөңгеленіп, былқ -сылқ еткен әдемі келіншек. Негізі мені осындайға ауыздандырған сол десем де болады. Бір күйеудің қорлығынан әбден шерменде боп қатып қалған көңілімді ыстық шәймен булап отырып, ішімдегі бар сырымды ақтартып алды да:

  • Ха! Сен де страдать ететін адамды тапқан екенсің?!- деп алақанын санына шарт еткізді.
  • Қазір мен бір-екі жігітті шақырамын, күшті көңіл көтереміз.

Сөйтті де кезекті бір станцияға келгенде біреулерге хабарласты. Көп ұзамай, жымың-жымың еткен екі жігіт ағасы біздің купеге кіріп келе жатты. Солармен күліп-ойнап әңгіме айтып, біразға дейін отырып қалыппыз. Әйтеуір, бір кезде екеуміз екі жігіттің қойнында жатқанымыз есімде. Содан кейін де Айнагүлмен талай еркектің басын айналдырдық. Адамның оған да еті үйренеді екен. Тіпті кей кезде арым мазалап бара жатса, күйеуімнің менің сыртымнан жүріс жасап, көңілдестерімен жүргенін елестетіп, өзімнің ісім соған жауап қайтару секілді көрінетін еді. Осылай екі жыл өтті. Кезекті бір сапарымызда біздің вагонға бір кісі мінді. А нүктесінен Б нүктесіне дейін баратын пассажир екен. Билет тексеріп жүріп, аты-жөнін біліп алдым. Дене бітімі, киген киімі, үстіне сепкен әтіріне дейін ұнап барады. Шәй апарып берген боп, күлімдеп болмашы бір әзіл айтып кеттім. Ол да кетәрі емес екен, бір қарасам «қарындас, шәйім суып қалды» деп өзі менің купеме келіп тұр. Ішке кіріңіз деп, қасыма отырғызып, дастархан жайдым. Ішіп-жеп, біраз әңгіме айтып, хал-жағдай білісіп, таныстық. Менен бес жасқа үлкендігі бар, дәрігер боп қызмет етеді екен. Телефон алмастық. Сол түні бірге болдық. Ертесіне ол өз станциясынан түсіп қалды. Содан бері хабарласып, кездесіп жүрдік. Араға уақыт салып, тіпті бір бірімізге бауыр басып қалғандай, әр сенбі-жексенбі тұрақты кездесетінді шығардық. Ал мен жұмысқа шықсам, ол күтіп алып, менімен бірге сапар шегетін. Үш баласы бар, отбасы бар еркек екенін айтқан. Аса мән бермедім. Ол көрікті де сымбатты болатын. Қасында жүрсең өзіңді бақытты сезінесің, əңгімелері де əсерлі, ішіңді пыстырмайтын. Бір күніміз,бір күнімізден қызықты өтетін. Осылай екеуміздің махаббат оқиғамыз жалғаса берер ме еді, егер...

Бір күні ұлым үйленетіін айтты. Қуандық. Ағайын-туыстарға хабар беріп той қамына кірісіп кеттік. Алдымен жаңа құдалармен таныс-біліс болайық деп тәтті шайға шақырдым. Сөйтсем, құда болып өзімнің көңілдесім келіп тұр. Екеуміз де бір бірімізді көріп абдырап қалдық. Бірақ сыр білдірмедік. Мен оның қызын келін ғып түсіргелі жатыр екем. Жастар өте бақытты. Олардың арасына түсер жай жоқ. Үйленбе дей алмаймын. Оның әйелімен де сол тәтті шәйдің үстінде таныстық. Мұндай оқиғаны кинолар мен сериалдарда ғана көретін едік, енді міне, өз басыма келіп отырғанына таң қалып мен отырмын. Ол да бұл жағдайға таңырқап отырған сияқты. Тәтті шай жақсы өтті. Жаңа құдалармен таныстық, білістік. Қонақтар абыр-сабыр болып жатқанда, оңашаға шығарып алып, көңілдес-құдам мені құшақтап сүйіп жүр. Құдды жастар емес, біз үйленгелі жатқандай, көзі жайнап кеткен. Сонымен құдаластық. Құдалық, тәтті шәй өткесін, көңілдесіммен тағы бір рет өзіміздің пәтерімізде кездестік. Айтпақшы, ол екеуміздің кездесуімізге деп бір бөлмелі пәтер алған. Екеуміздің махаббат ұямыз болған сол жерге барып, мауқымызды басқан соң, басымызға түскен жағдайды ақылдастық. Енді туған құда-құдағай болғалы жатырмыз. Бірақ, бір бірімізден бас тартқымыз келмейді. Менің басымдағы оқиғаны оқыған оқырман сөге жамандаса да, ендігі жайым осы болмақ. Туған құдаммен көңілдес болу жазған екен маңдайыма. Келініме де туған қызымдай қарайтыныма сенімдімін. Ең бастысы, балаларға біздің жолымызды бермей, бір біріне адал, бақытты болып өмір сүрсе екен деп тілеймін.

Маржан, қала тұрғыны

(кейіпкердің есімі өзгертілген)

Оқырман хаты (18+)
07:59, 11 март 2025
133
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив