“Балаңыз жол апатына ұшырады”
“Ало, мен полиция қызметкерімін. Қызыңыз жол апатына ұшырады”. Осылай деп қоңырау шалған “полиция қызметкері” зейнеткерлерді алдап соқты.
Назгүл ӘБЕТОВА
@abetovanazgul
Ақтөбеде зейнеткерге белгісіз біреу хабарласып, қызының жол апатына түскенін айтқан. “Полиция қызметкері” бұл мәселені шешу үшін 2 млн.теңге талап кеткен. Телефон тұтқасын “қызына” берген. Ол дірілдеген, үрейлі дауыспен көмек сұраған. Осылайша қызын құтқармақ болып үйіне келген адамға ақша беріп жіберген. Бұл бір ғана жағдай емес. Полицияның дерегінше, сол күні немересін құтқармақ болған 87 жастағы қария алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру кезінде бейнебақылау камераларының көмегімен ақшаны алып кеткен адамды ұстады. Ол Қостанай обьлысының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Ұсталған азаматтың сөзінше, ол көрсетілген мекенжайларға барып, ақшаны жинап алған. Сосын ол қаражатты белгіленген шотқа аударған. Бұл оған жүктелген міндет екен. Бұл "қызметі" үшін 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін ақы алып отырған. Күдіктінің 5 алаяқтық фактісіне қатысы бар екені белгілі болды. Ол азаматтардан 5 млн.теңге алған. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін Ақтөбе облыстық полиция департfменті сақ болуға шақырады. Егер сізге “полиция қызметкерімін” деп қоңырау шалып, туысыңыздың қиындыққа тап болғанын хабарласа, онда еш ойланбастан 102 телефон нөміріне қоңырау шалыңыз.


