“БейнеХҚКО” туралы білесіз бе ?
“БейнеХҚКО” сервисі-ХҚКО бара алмайтын азаматтарға арналған. Жыл басынан бері cұранысқа ие цифрлық арнаны қазақстандықтар 25 676 рет қолданған.
Назгүл ӘБЕТОВА
@abetovanazgul
Егер сіз шалғай елдімекенде тұрсаңыз, немесе отбасылық жағдайға байланысты ХҚКО бара алмасаңыз, онда қызметті қашықтан алуға мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін сізге “БейнеХҚКО” көмекке келеді. Бұл туралы “Азаматтарға арналған үкімет ” МК КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының PR-менеджері Тарғын Жақыпов хабарлады.
Бұл сервис арқылы бала туу мен күтіміне байланысты, көпбалалы отбасыларға, мүгедек адамдарға жәрдемақы тағайындауды жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ соттылығының болуы, болмауы жайлы анықтама алып, ерекше қажеттілігі бар адамдарға әлеуметтік қызметтер мен түрлі көмек рәсімделеді.
“БейнеХҚКО” сервисін пайдалану қиын емес. Ең алдымен “ЦОН” мобильді қосымшасын орнатып, тіркелу қажет. Әрі қарай, қосымшада бейнебайланыс бөлімін таңдап, операторға қосыласыз. Сервис арқылы ХҚКО қызметкері кеңес береді. Сондай-ақ құжаттарды рәсімдеуге және өтініш беруге көмектеседі.
Қажет болса оператормен тілдесу терезесі арқылы жүктелген құжаттарды қабылдайды. Егер қызмет үшін баж салығын төлейтін болса, онда екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасы арқылы онлайн жүргізіледі.

