Ақтөбеде заманауи демалыс орны бой көтеріп келеді.
Ақтөбе қаласының сәніне сән қосатын тағы бір көрікті орын – Тәуелсіздік даңғылы бойындағы жаңа желілік саябақ халық игілігіне берілмек. Қазір бұл жерде қызу құрылыс жүріп жатыр. Қала тұрғындарына жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында саябаққа әйгілі «Philips» компаниясының заманауи жарық шамдары орнатылуда. Қазірдің өзінде 50-ден астам шам жарқырап тұр, ал болашақта олардың саны 300-ге жуықтайды. Ұзындығы 2,8 шақырымға созылатын бұл кең ауқымды жоба Әлия Молдағұлова даңғылынан Ғазиза Жұбанова көшесіне дейін созылады. Алайда биыл тек Мұстафа Шоқай көшесіне дейінгі бөлігі ғана аяқталады. Себебі бұл аумақта су құбыры желісі тартылуы қажет. Қалған бөлігін мердігер компания келесі жылы толық аяқтап береді. Айта кетерлігі, саябақ бюджет есебінен емес, «Парыз» қорының демеушілігімен салынып жатыр. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің сәтті үлгісі деуге болады. Жаңа демалыс аймағында автоматты суару жүйесі, балаларға арналған ойын алаңдары, стильді орындықтар мен кіші архитектуралық формалар, воркаут алаңы, тротуарлар, фонтан сынды тұрғындар мен қонақтардың жайлы серуендеуіне қажетті барлық жағдай жасалуда. Кешқұрым самаладай жарқыраған жарық шамдары, тыныштық пен табиғат үйлесім тапқан бұл саябақ алдағы уақытта Ақтөбенің ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналатыны сөзсіз.