Жас буынмен жасампаз әңгіме
Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев ақтөбелік жастармен ашық жүздесті
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбенің шуақты шілдесінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Қазыбек Әлішев өңірге арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясындағы ең әсерлі сәттердің бірі — жастармен еркін форматтағы кездесуі болды. Жастармен пікір алмасып, ой бөлісу — бұл жолғы жүздесудің басты өзегі.Кездесуге «Жастар рухы» қозғалысының мүшелері, «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің студенттері мен облыстық, қалалық жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері қатысты. Зал толы жастың жүзінен ел ертеңіне алаңдаушылық та, үміт те, белсенділік те айқын аңғарылып тұрды.
– Соңғы сессияда 153 мәселе қаралып, 90 заң қабылданды. Оның ішінде 15 заң — депутаттық бастамалар. Салық, Су, Бюджет кодекстеріне өзгерістер енгізіліп, бюджет енді үш жылға бекітілетін болды. Қылмыстық кодекс те назардан тыс қалған жоқ. Заңсыз есірткі айналымына қатысты жаза күшейтілді. Өкінішке қарай, 4 мыңға жуық жас «есірткі тасымалдаушы» ретінде жауапқа тартылды. Бірінші рет ұсталғандарға 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ірі көлемде таратқандарға 20 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деді халық қалаулысы. Ол Мемлекет басшысының бастамасымен ел аумағында жүріп жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясына тоқталып, жастардың бұл бастамаға белсене қатысуы — елдік сана мен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін атап өтті.
Кездесуде әлеуметтік қолдау тетіктері туралы да тың жаңалықтар айтылды. Енді жұмыссыз жүрген жастар медициналық көмекке қол жеткізе алмай қиналмайды.
– Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан бюджет есебінен қаражат бөлініп, үш миллионға жуық азамат тегін медициналық қызмет ала алады. Сонымен қатар олар алты айға дейін сақтандырылған мәртебеде жүріп, тиісті төлемдерге ие болады. Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін тегін скрининг өткізіледі, – деді депутат.
Қоғамда белең алып бара жатқан лудомания мәселесі де депутат назарынан тыс қалмады. Қазір онлайн казино мен букмекерлік кеңселердің жарнамалары арқылы көптеген жастар несие алып, ойын құрсауынан шыға алмай жүр.
– Кез келген азамат «мен құмар ойындарға қатыспаймын» деп өтініш жазу арқылы өзіне заңмен тосқауыл қоя алады. Бұл — талай тағдырды тығырықтан құтқаратын нақты тетік. «AMANAT» партиясының бастамасымен «Қарызсыз қоғам» акциясы өтіп жатыр. Енді алғаш рет несие алатын азаматтарға онлайн рәсімдеуге тыйым салынып, шешім қабылдауға 24 сағат уақыт беріледі. Сондай-ақ кибералаяқтыққа қарсы заңдар қабылданып, «дропперлерге» қылмыстық жауапкершілік қарастырылып отыр, – деді Қазыбек Әлішев.
Сөз соңында депутат жастарға ақылман аға буынмен жиі сөйлесіп, өмірлік тәжірибеден сабақ алуға, кітапты дос тұтуға кеңес берді. Әр жасты қоғамдық өмірге белсене араласуға, өз ортасына жақсы үлгі болуға шақырды. Жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, қарапайым еңбек адамдарының пікірін тыңдады. Сондай-ақ Хромтау, Шалқар, Ырғыз, Әйтеке би аудандарына барып, азаматтардың жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Айта кетейік, VIII шақырылым барысында «AMANAT» фракциясының депутаттары 62 заң жобасына бастамашылық еткен. Парламент қабырғасында 5300-ден астам түзету енгізіліп, 626 депутаттық сауал жолданған. Сонымен бірге республикалық бюджет бекітілген сайын депутаттардың ұсынысымен өңірлік инфрақұрылым жобаларына 1,5 триллион теңгеге дейін қосымша қаржы бөлуге қол жеткізілген. Бұл — нақты іспен дәлелденген ел алдындағы жауапкершілік.


