Су әлемінің сарбазы
Сағадат Елтайұлы - 18 жасынан бастап жедел құтқару жасағында сүңгуір болып жұмыс істейді. Ол 21 жыл ішінде суға батып бара жатқан 30-дан аса адамды құтқарып қалған. Ол 80-ге жуық адамның денесін судан алып шыққан. Құтқару кезінде ол өзін ұмытып, адамдардың жанын аман алып қалуды ғана ойлайды.
Назгүл ӘБЕТОВА
@abetovanazgul
Сағадат Бердіғалиев 21 жылдан бері Ақтөбе облысы ТЖД “Жедел құтқару жасағында” сүңгуір болып жұмыс істейді. Бала кезінде су астындағы тіршілікті теледидардан көріп, қызыққан.
- Ағам құтқарушы болатын. Бір күні ағамның жұмысына еріп бардым. Ағам менің көзімше, үш адамды судан құтқарып қалды. Сол кезден бастап құтқарушы мамандығына қызығушылығым оянды. Ағам “сүңгуір болғың келе ме” ,-деді. Мен бірден келісе кеттім. Тіпті жалақысына да қараған жоқпын. Ол кезде қазіргідей жағдай жоқ. Бір құтқару пунктінде барлық қызметкерлерге екі баллон, екі костюм болатын. Соны алма-кезек киетінбіз. Содан үш ай курстан өттім. Әбден машықтанып, су астына түсуге рұқсат алдым. Судың астындағы тіршілік басқаша. Бізді өзгелер судың астында жүзеді деп ойлайды. Жоқ, жүзбейміз, жүреміз. Беліңе арқанды байлап, костюміңді сайлап су астына түсесің. Бастысы, сигналды жаттап алу керек. “Екі тартып, бір сілку ” қандай сигнал екенін ұйықтап жатқан жеріңнен оятып сұрағанда кідірместен айтуың керек. Ол халықаралық сигнал.
Сағадат Елтайұлы -1 санатты сүңгуір. Оған 60 метр тереңдіктегі суға түсуге рұқсат берілген. Бірақ Ақтөбеде ондай тереңдіктегі су жоқ. Ақтөбе, Қарғалы су қоймасы әрі кетсе 20-25 метр тереңдікке жетеді. Судың астына күн сәулесі жетпейді. Тіпті 10 метр тереңдіккке түскеннің өзінде, дым көрінбейді. Біз судың астынан денені іздегенде, түрін көрмейміз. Денені қолымызбен ұстап, білеміз. Суға батып кеткен адамның тірі қалмайтынын білсек те, ең болмаса денесін тапсақ деп тілейміз.
Ең ауыры - баланың денесін судан алып шығу
Сүңгуірлер уақытпен санаспайды. Түнде де мұздай су астына түсе береді. Бірде кезекшілікте отыр едім, Қобдада бала суға кетіп қалғаны жайлы хабарлама келді. Түнделетіп Қобдаға бардық. Көпір үстінде халық лық толы. Бәрі үмітпен суға қарап тұр, Қолдарында жарық шамы. Дала тастай қараңғы. Суға түсіп, баланы денесін алып шығу керек болды. Түнгі 1-лер шамасы. Су асты қараңғы. Менің қолымда жарық шамы бар. Бірақ ол лай суда көмек бере алмайды. Су астында 20 минуттай жүріп, 5 метр тереңдіктен денені тауып алып, жағаға шығардым. Мен үшін ең ауыры-баланың денесін судан шығару.
Баласын құтқарып қалған ана
Ана мен баланың махаббаты - таза, шынайы сезім. Оны ештеңемен салыстыруға болмайды. Тіпті өзінің дәм-тұзы таусылатынын сезсе де, баласының тірі қалуы үшін жанталасқан ана оқиғасы әлі күнге есімнен кетпейді.
Қобда ауданында ер адам көлігімен құдалықтан келе жатады. Қасында әйелімен баласы болған. Көпірде өте бергенде көлігімен суға секіріп кетеді. Күйеуі жүзіп шығып, аман қалады.
Бір бөлменің көлеміндей ғана су болатын. Аман қалған баланың айтуынша, анасы оны көліктен шығарып, тірі қалу үшін итеріп жіберген. Сосын “қош бол!”,-дегендей қолын бұлғаған. Біз көпір астындағы су кішкентай болғанға су таяз деп ойладық. Судың астына түссем, терең екен. Тереңдігі 10 метрден асады. Су астынан көлікті таптық, төңкеріліп жатыр. Оны әрең дегенде шығарып алдық. Әйел көлік ішінде шығар деп едік, онымен болмай шықты. Су мұздай. Басында жазғы костюммен сүңгідім. Тоңып қалғасын, жаздың өзінде қысқы костюмді киюге тура келді. Қайта су астына түскенде, көлік қасынан 5 метрдей жерде әйелдің денесі жатыр екен. Көліктен шығып үлгерген. Бірақ демі жетпей қалған болуы керек.
Су астындағы өмір
Сүңгуір - құтқарушы болу оңай емес. Қауіпті мамандық болғанымен, Сағадат өз саласының тәжірибелі маманы. Суға түсетін костюмнің салмағы барлық жабдығымен 50-60 келіге дейін тартады. Соған қарамастан ол су астында өзін еркін сезінеді. Бастысы, ағысқа төтеп беріп, су астында кездескен қиындықтарды жеңіп шығуы керек. Жылдың кез -келген мезгілінде судың астына түседі. Олар теориялық базадан бөлек, практикалық дағдыны да меңгеруі қажет. Су астындағы қозғалыс белгілі бір жолмен жүзеге асады
-Сүңгуір декомперссия ережесін қатаң сақтауы қажет. Сүңгу алдында өзіңде судың астына толық дайындап, арнайы процедураларды сақтауға тиіссің. Суға батып кеткен адамды судан алып шығару психологиялық тұрғыдан қиын. Бүгін батқан адам судың астында жатады. Денені тапқаннан кейін арқанды үш рет тартамыз. Бұл бізді шығар деген белгі. Судың астында салмақ аз болса, сүңгуір жүре алмайды. Айда жүрген сияқты теңселіп қаласың. Судың астынан шығарған адам ісінбейді. Денесі ірі адам болса да, судың астынан шығарғанда салмақ сезілмейді.
Адам суға батып кетті делік. Ешкім көрмеген, бірақ жағада киімі жатыр. Бұл жағдайда сол маңайды аумаққа бөліп алып, іздей бастаймыз. Бірнеше күн іздестіру жұмыстарын жүргізгенімен, нәтиже бермеуі мүмкін. Бес күн өткен соң, адам денесі ісініп, судың бетіне шығады. Кішкентай қателік кетсе, өзің де судан шыға алмай қалуың мүмкін. Ең алдымен, сүңгуірге сенімділік пен төзімділік қажет. Осы арқылы су астындағы қиындықты жеңесің.
Алғашқы қобалжу мен қорқыныш
Осыдан бірнеше жыл бұрын “Мал базары” ауданы маңайында 25 мамыр күні мектеп бітіруші түлек суға батып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Алдымда сүңгуір ретінде алғашқы жұмысымды орындау міндеті тұрды. Басында менде қобалжу, қорқыныш болды. Бұл менің су астындағы алғашқы жұмысым болатын. Судың астында денені тапқанда қорқыныш болды. Баланың денесіне қолым тигенде бойым дірілдеп, артқа қарай екі қадам шегініп кеттім. “Ештеңе ойлама, бұл сенің жұмысың”,- деп өз-өзімді қолға алып, денені судан алып шықтым. Суға батқан үш адамның денесін шығарғаннан кейін қорқынышымды жеңдім. Әрине, адам денесін судан шығару оңай емес. Туыстары көз ілмей, су жағасында күтіп отырады. Үмітпен қарап, тірі қалатындай сезінеді. Бірақ ол мүмкін емес.


