Дроппер болу-қылмыс

 

Дроппер – өз атына банк картасын, шот немесе электронды әмиян ашып алаяққа беретін адам.  Жаңа заң бойынша дроппер болу– қылмыс. Бұл туралы Ақтөбе облысы ПД  Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының  жедел уәкілі  Жәнібек Шагиров мәлімдеді.

Еркежан СЕРІК

kerekinfoaktobe@gmail.com

Егер сізге белгісіз біреу табысы жоғары, қашықтықтан  жұмыс істеуді ұсынса, бірден бас тартыңыз. Бұл алаяқ болуы мүмкін. Қазіргі таңда цифрлық алаяқтықпен күрес күшейіп барады. Интернеттегі қылмыстық схемаларға көптеген азаматтар саналы түрде барып жатады. Кейде білмей қатысып, өздерін үлкен қатерге тігеді. Полиция капитаны Жәнібек Асылбекұлының айтуынша, осындай  схемалардың ішінде жиі кездесетіні – дропперлік. Егер сіз өз атыңыздан банк картасын, шот немесе әмиян ашып, оны басқа адамға, соның ішінде алаяққа берсеңіз дроппер болып есептелесіз. Алаяқтар дроппер арқылы ақша аудартып,  қолма-қол ақша шештіртіп алып, өздері тасада қалып қояды. Мұндай қадамға көбіне студенттер, жұмыссыз жастар мен зейнеткерлер барады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, адамдар көбіне оңай олжаға кенелгісі келеді. “Карта ашып берсең, саған ақша түседі” деген желеуге сеніп қалады. Осындай сылтаумен жеке деректері мен банк шоттарын сұрайды. Біреулері бұған әдейі келісім берсе, бәз біреулері не болып жатқанын түсінбей қалуы мүмкін. Соңында бәрін кеш түсініп, сан соғып жатады. Сондықтан мұндай әрекет заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке жатады.

Жаңа бап – “Дропперлік”

Дроппер-жай ғана орындаушы емес. Биыл Қазақстанда Қылмыстық кодекске арнайы 232-1-бап енгізілді. Бұл бап арқылы енді дропперлерге де, алаяқтық схемаларды ұйымдастырушыларға да нақты жаза қарастырылған.

Не үшін қандай жаза?

  • Егер сіз өз атыңызға ашылған банк шотын немесе картаны басқа адамға берсеңіз – 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуыңыз мүмкін.
  • Егер сіз мошенниктердің ақшасын қабылдап, басқа шоттарға аударсаңыз, немесе алаяқтық операцияларға көмектессеңіз – бұл үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
  • Егер сіз басқа дропперлерді ұйымдастырып, осындай схемаларды құрып, басқарсаңыз – 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкіңіз тәркіленуі мүмкін.

-Егер сіз мұндай әрекетке алғаш рет тартылып, өз еркіңізбен құқық қорғау органдарына хабар берсеңіз жазаңыз жеңілдейді. Тергеуге көмектессеңіз, онда қылмыстық жауапкершіліктен босатылуыңыз мүмкін,-дейді Ақтөбе облысы ПД  Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының  жедел уәкілі  Жәнібек Шагиров.

Статистика сөйлесін

Былтырдроп-карталар арқылы 24 миллиард теңгеден астам ақша айналымға түскен. Генпрокуратура мәліметінше, елімізде 6 000-нан астам дроппер анықталған. Бұрын мұндай тұлғалар тек куә ретінде шақырылса, енді жауапқа тікелей тартылады.

 Қалай қорғану керек?

  • Жеке куәлік, ЖСН, банк картасының деректерін бөтен адамдарға бермеңіз.
  • “Тез ақша табамыз”, “онлайн жұмыс”, “шотың керек” деген ұсыныстарға күмәнмен қараңыз.
  • Егер сізден біреу банк шотын ашып беруіңізді сұраса – бұл алаяқтық схема болуы мүмкін.
  • Жақындарыңызға, әсіресе жастар мен зейнеткерлерге бұл туралы айтып түсіндіріңіз.

Еске сала кетейік,  дроппер болу – бұл жай ғана ақша табу емес, бұл – қылмыс. Заң алдында бәрі жауап береді. Жеңіл ақша табамын деп, алаяқтың тұзағына түсіп қалмаңыз. Мұндай ұсыныстан бас тарту сізді үлкен қауіптен құтқарады.

Құқық
15:30, 18 июль 2025
265
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив