Есірткісіз өмірді таңда!
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Ішкі істер басқармасы және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесіп ұйымдастырған шараға медицина қызметкерлері, жастар, жасөспірімдер және қала тұрғындары қатысты. Акцияның басты мақсаты — жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын қорғау, жауапты және қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыруға ықпал ететін жағымды психологиялық және әлеуметтік орта құру. Сонымен қатар, психоактивті заттарды қолданудан бас тарту мәдениетін дамыту. Ақтөбе облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлім бастығы, полиция майоры Азамат Қияшевтың айтуынша, биыл кәмелетке толмағандар арасында есірткіге байланысты қылмыс тіркелмеген.
– 26 маусымға орай ұйымдастырылған акцияға 500-ге жуық адам қатысты. Мақсатымыз — жастарға салауатты өмір салтының құндылығын жеткізу, оларды спорттық және мәдени шараларға көбірек тарту арқылы бос уақытын тиімді өткізуге үйрету. Дені сау ұрпақ — елдің болашағы. Есірткі қылмысының алдын алу бағытында 2025 жыл ІІМ-де «профилактика жылы» болып жарияланды. Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстары жалғасады. Былтыр кәмелетке толмағандарға қатысты алты іс қаралған. Оның ішінде бір іс бойынша 17 жастағы 11-сынып оқушысы 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Көбінесе адамдаржарнама арқылы жұмыс іздеп, есірткі курьері болып алданып қалады. Мұндай “жеңіл” жолмен үлкен пайда табу мүмкін емес екенін білген дұрыс. Жастардың кейде есірткіні өздері тұтынбай-ақ, заңсыз таратумен айналысатыны өкінішті. Осы іс — шараның мақсаты — проблема туралы ақпараттандыру ғана емес, оған мұқтаж адамдарға нақты көмек пен қолдау көрсету, сондай-ақ қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ету, – деді полиция майоры. Шара барысында есірткі тасымалын анықтауда қолданылатын арнайы үйретілген иттердің көрсетілімі ұйымдастырылды. Кинологиялық қызмет орталығының аға инспектор-кинологы, полиция капитаны Ғабит Якудаұлының айтуынша, қызметтік иттерді дайындау — жауапты әрі шыдамдылықты талап ететін іс.
– Иттерді күшік кезінен бастап 6 айдан 1,5 жасқа дейінгі аралықта үйретеміз. Бүгінгі шарада есірткі затын табуға үйретілген Вирус есімді ит өз тапсырмасын сәтті орындады. Қызметтік иттер есірткі заттарынан бөлек, жарылғыш заттарды, қылмыс орнында қалған адам иісін де іздеп табады. Қазір біздің орталықта 18 қызметтік ит бар. Олар шамамен 10 жасқа дейін қызмет етеді. Кейін арнайы комиссияның қорытындысымен зейнетке жіберіледі. Зейнетке шыққан иттерді, егер қаласа, өз кинологы алып кетуге немесе басқа адам асырауға алады. Бірақ адамды ұстау бағытына үйретілген иттер мұндай мүмкіндікке берілмейді, себебі олар қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан олар әдетте орталықта өмірінің соңына дейін қалады. Бізде иттерге бір мал дәрігері, төрт важатый және 11 кинолог қызмет көрсетеді, – деді Ғабит Якудаұлы.
Облыстық психикалық денсаулық орталығының бас медбикесі Гүлшат Амангелдіқызы да жастарға үндеу жасады.
– Есірткіге қарсы айлық акцияға біздің мекемеден 40 қызметкер қатысып отыр. Жастарға есірткінің зиянын түсіндіру — біздің басты міндетіміз. Ай сайын 4-5 оқу орнына барып, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Бізге көбінесе 20 жас шамасындағы жастар түседі. Емдеу курсы 20 күннен бір айға дейін жалғасады, кейде мәжбүрлеп емдеу де қолданылады. Қайтадан келетіндер де жоқ емес. Психологтармен кешенді жұмыс атқарылады. Жастарға айтарым — есірткіден аулақ болсын, салауатты өмір сүрсін. Өмірде қызықты дүниелер өте көп, болашағын ойлайтын жастардың қатары көбейсе дейміз, – деді бас медбике.
Қалалық мәслихат депутаты Райса Байлиева да нашақорлықтың қоғамға келтіретін зиянын атап өтті.
– Біздің дағдарыс орталығында қазір 25 әйел бар. Олардың арасында нашақорлыққа немесе ішімдікке тәуелді болып, қиын жағдайға тап болғандар жиі кездеседі. Орталықта әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіледі, тұрғындар 6 айға дейін тұра алады. Жұмысқа орналасуына да көмектесеміз. Мысалы, жуырда 21 жастағы әйел түсті, ол жетімдер үйінде өскен, тұрмысқа шыққанымен, күйеуі қуып жіберген. Осындай қиын тағдыр иелеріне көмек қолын созамыз. Жастарға айтарым — өмірге жеңіл қарамаңыздар, есірткіден аулақ болыңыздар. Оның соңы отбасыңыздан, жұмысыңыздан, өмірдегі құндылықтардан айыруы мүмкін. Қай ортаға түсетініңізге сақ болыңыздар, – деді депутат.
Акция бағдарламасы аясында мынадай іс-шаралар қамтылды:
Акцияға қатысушыларды шоғырландыру;
Қонақтардың салауатты өмір салты туралы үндеулері;
Фитнес-тренерлер өткізген дене белсенділігіне арналған жаттығулар;
Көрнекі насихат материалдарымен безендірілген «Денсаулық бұрыштары»;
«Денсаулық қалашықтары» — наркологтар, психологтар, терапевтердің кеңесіблыстық психикалық денсаулық орталығы мамандарының ақпараттық алаңы;
ЖИТС орталығы мамандарының экспресс-тестілеуі және кеңес беруі;
Балалар арасында асфальтқа сурет салу байқауы және жеңімпаздарды марапаттау;
Жастар денсаулық орталықтарының мамандарының кеңестері;
Ақпараттық және оқыту материалдарын тарату;
Концерттік бағдарлама.




