Заңсыз қару үшін сотталды
Темір ауданында атыс қаруын заңсыз сақтаған ер адам сотталды. Сотта оның шолақ мылтықты кәмелетке толмаған жасөспірімнен алғаны айтылды. Бұл жөнінде Темір аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Темір аудандық соты сотталушы Е-ге қатысты ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі бойынша (қару-жарақ, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) қылмыстық істі қарады.
Оқиға 2025 жылдың сәуір айында болған. Сот анықтағандай, сотталушы Темір ауданының Кеңқияқ кентінде көшеде кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің велосипедінің жүк салғышынан ұңғысы кесілген атыс қаруын көрген. Соңыра оны тоқтатып алып, кәмелет жасқа толмауына байланысты атыс қаруды өзімен сақтамауы керектігін айтады. Сөйтіп , ол қаруды өзіне заңсыз иемдену мақсатында қысқартылған шолақ мылтықты алады. Осыдан кейін ер адам өзінің тұрғылықты мекен-жайындағы пәтердің жатын бөлмесінде аталған атыс қаруын заңсыз иемденіп, сақтаған.
Тергеу кезінде жасөспірімнің аты-жөні анықталған жоқ. Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Соттан өзіне бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұрады.Қылмыстық іс сот отырысында қысқартылған тәртіппен қаралды.Сот үкімімен сотталушы Е. ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.Үкім заңды күшіне енді.