Санақ басталды
1 тамыздан бастап Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Бұл он жылда бір рет өткізілетін маңызды мемлекеттік шара.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Санақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жүзеге асырып отырған 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санақтары бағдарламасы аясында өткізіліп жатыр. Биыл мұндай санақ Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан және өзге де ондаған елде жүргізіледі.
Ақтөбе облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Жолдасқали Бейісов ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде өтетінін атап өтті.
- Бірінші кезең – онлайн форматта, ол 1-31 тамыз аралығында жүргізіледі. Онлайн-формат gov.kz сайтында өтеді. Бұл интервьюерлерді күтпей-ақ уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мәліметтерді жылдамырақ жинауға және өңдеуге жол ашады. Сонымен қатар бұл қыркүйекте үй-үйді аралайтын мамандарға түсетін жүктемені азайтады. Біз осы жерде барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары санақтан онлайн өтуі тиіс екенін ерекше атап өткіміз келеді. Жалпы алғанда облыс бойынша 745 ауыл шаруашылығы кәсіпорнын, сондай-ақ 9 мыңнан астам шаруа және фермер қожалықтары мен ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлерді қамту жоспарланып отыр. 28 шілдеден бастап оларға sanaq.gov.kz порталында санақтан өту туралы 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар жіберіле бастады,-дейді департамент басшысы.
Sanaq.gov.kz сайтында сауалнамадан өту мүмкіндігі 1 тамыз күні сағат 00:00-де іске қосылды. Сауалдарға жауап беру үшін ЭЦҚ, SMS немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы авторизациядан өту қажет. Тіркелу кезінде растау коды көрсетілген электрондық поштаға немесе телефонға бірден жіберіледі. Айта кетейік, бюро қызметкерлері қоңырау шалмайды және ешқашан төрт таңбалы растау кодын сұратпайды. Сайтта сауалнаманың екі нұсқасы болады: біреуі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған, екіншісі – бақша, жер телімі немесе малы бар үй шаруашылықтары үшін. Сауалдар жерді пайдалану, қолда бар техника, мал ұстау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен өткізу, еңбек жағдайларына қатысты болады. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істеп, сұрақтарға жедел жауап беретін SANAQ мырза чат-боты бар. Санаққа қатысу үшін барлық жағдай жасалған. Егер ауылда компьютер немесе интернет болмаса, респонденттер аудандық әкімдіктер мен статистика бөлімдеріндегі өзін-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады.
- Ақтөбе облысы бойынша осындай 170 орын қамтамасыз етілген. Бұл пункттерде санақтан өтуге арналған қажетті техника болады. Сауалнамаларда көрсетілген барлық ақпарат қатаң құпия сақталады. Ол салық, полиция немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.Тамыз айы бойы 1446 бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Жұмысқа орналасқысы келетіндер 1446 нөміріне хабарласа алады. Санақтың нәтижелері кезең-кезеңмен жарияланады. Алғашқы мәліметтер 2025 жылдың желтоқсанында, ал қорытынды 2026 жылы ұсынылады. Барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен үй шаруашылығы иелерін санаққа қатысуға шақырамыз. Осы арқылы сіз елдегі ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ете аласыз,-дейді Жолдасқали Бейісов.


