"Контрафакт" - қауіптің көлеңкесі

 

Қазіргі таңда отандық нарықта контрафактілік өнімдердің көбеюі алаңдатарлық деңгейге жетті. Әлеуметтік желіден бастап, сауда алаңдарына дейін жалған тауарлар ашық саудаланып жатыр. Бұл – тек экономикалық қылмыс қана емес, тұтас қоғамға төнген қауіп. Жалған өнімдердің құрбаны — ең алдымен қарапайым тұтынушы.

Осы мәселеге байланысты 4-7 тамыз аралығында еліміздің барлық өңірлерінде «Контрафакт» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты – зияткерлік меншік объектілерінің құқықтарын қорғау, заңсыз айналымдағы контрафакт өнімдердің жолын кесу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Шара барысында полицейлер интернет желісіндегі сауда алаңдары мен әлеуметтік желілерге кешенді мониторинг жүргізіп, заңсыз жарнамаланған өнімдерді анықтады. Сонымен қатар, контрафакт өнімдер сатылуы мүмкін деген дүкендер, қоймалар мен сауда нүктелеріне де тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесінде бұрын жасалған 7 алаяқтық қылмыс (ҚР ҚК 190-бабы бойынша) анықталып, ашылды. Қазіргі таңда бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, шығу тегі белгісіз, тиісті құжаттарсыз сатылмақ болған 25 ұялы телефон тәркіленіп, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-бабы (арнайы белгіленбеген орында сауда жасау) бойынша 3 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді.

— Контрафакт өнімдер дегеніміз – бұл рұқсатсыз шығарылған немесе жалған белгілермен таңбаланған тауарлар. Олардың қатарына брендтік киім мен аяқ киім, лицензиясыз бағдарламалық қамтамасыз ету, жалған дәрі-дәрмек, косметика, алкоголь мен темекі өнімдері, сондай-ақ танымал техникалық құрылғылардың көшірмелері жатады, — дейді Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жанибек Шагиров.

Мамандардың айтуынша, контрафакт өнімдері — бұл жай ғана заңсыз сауда емес. Бұл – адамның денсаулығы мен өміріне тікелей қауіп төндіретін фактор. Әсіресе жалған дәрі-дәрмектер мен сапасыз техникалық құрылғылар түрлі қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін. Қазақстан нарығында қауіпті әрі сапасыз өнімдердің пайда болуы халықтың өмір сүру сапасына, денсаулығына зиянын тигізіп қана қоймай, ел экономикасына да орасан шығын келтіреді. Сондықтан мамандар кез келген тұтынушыны қырағы болуға шақырады. Сауда жасағанда тауардың сыртқы таңбасына, бағасына, сапа сертификатына мән беру қажет. Әдетте жалған өнім екі есе арзан бағада ұсынылатынын естен шығармаған жөн. Полиция қызметкерлері тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады. Белгісіз сайттардан немесе әлеуметтік желідегі күмәнді жарнамалар арқылы өнім сатып алмауға кеңес береді. Сонымен қатар, лицензиясы жоқ бағдарламаларды құрылғыға орнатпау – әр азаматтың өзінің ақпараттық қауіпсіздігіне қосқан үлесі болмақ. Егер сіз контрафакт өнімдерді сату немесе жарнамалау фактісіне куә болсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласып, құқық қорғау органдарына ақпарат беріңіз. Сіздің берген дерегіңіз – заңсыз әрекеттердің жолын кесуге ықпал етіп, талай тұтынушыны қауіп-қатерден арашалап қалуы мүмкін.

Құқық
16:30, 07 август 2025
2 620
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив