Ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған семинар-тренинг өтті
2025 жылғы 4–5 тамыз күндері Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің қолдауымен ақпараттық-түсіндіру топтарының (АТТ) мүшелеріне арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты – АТТ мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамыту, діни ахуалды сараптау қабілетін жетілдіру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын меңгерту болды. Алғашқы күні дінтанушы маман Талдыбаев Төлеген Өмірзақұлы «Әлеуметтік желіде жат ағым идеологиясын айқындау техникасы мен БАҚ-пен жұмыс жасау негіздері» және «Жаңа заманда ақпараттың таралу көздері мен принциптері. Ақпарат көздерін іріктеу тәсілдері» тақырыптарында дәріс оқыды. Қатысушылар деструктивті контентті талдау, жалған ақпаратты ажырату және әлеуметтік желілер арқылы профилактикалық жұмыстар жүргізу әдістерін меңгерді. Семинардың екінші күні "Конфессияаралық және дінаралық диалогтың Халықаралық орталығы" өкілі Жақиянов Дулат Жәрдемқұловичтің дәрістерімен жалғасты. Ол ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған көпшілік алдында сөйлеуді дамыту курстарын өткізіп, еліміздегі және халықаралық діни ахуалға шолу жасап, дін саласындағы және дінмен түйісетін салалық заңнамаларға жан-жақты талдау жасады. Сабақтар барысында қатысушыларға өз ойын сенімді жеткізу, аудиториямен байланыс орнату тәсілдері, сондай-ақ қазіргі діни ахуал мен заңнамалық базаның ерекшеліктері кеңінен түсіндірілді. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысындағы АТТ мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, жастар ұйымдарының өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушыларға кофе-брейк ұйымдастырылып, әдістемелік материалдар таратылды. Семинар соңында кері байланыс сауалнамасы жүргізіліп, қатысушылар семинардың мазмұны мен ұйымдастырылу сапасына жоғары баға берді. Бұл форматтағы оқыту семинарлары деструктивті діни идеологияның алдын алу, азаматтық бірлікті нығайту және ақпараттық сауаттылықты арттыру бағытында аса маңызды құрал болып табылады.

