Шығыс Қазақстан облысында түсіндіру жұмыстары өтті


2025 жылғы 6–12 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің қолдауымен республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы (РАТТ) мүшелері Шығыс Қазақстан облысында кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шаралардың басты мақсаты – қоғамда дінтанулық сауаттылықты арттыру, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ деструктивтік діни ағымдардың таралуына жол бермеу және олардың алдын алу болды.
Өскемен қаласында №17 ҚАЖД мекемесінде жазасын өтеушілермен, өнеркәсіп қызметкерлерімен және жастармен «Деструктивтік діни ағымдардың алдын алу» және «Террористік іс-әрекеттердің қауіптілігі» тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын Жақиянов Дулат Жәрдемқұлович жүргізді. Ұлан ауданында дәрігерлермен, мұғалімдермен, діндар азаматтармен және құқық қорғау органдары өкілдерімен «Дәстүрлі отбасылық құндылықтар» мен «Құқықтық жауапкершілік» тақырыптары бойынша дәрісті Канапиянов Ернұр Болатбекович өткізді. Күршім ауданында вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтармен, аудандық аурухана ұжымымен, шекара қызметкерлерімен және полиция өкілдерімен экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы құқықтық түсіндіру жұмыстарын Қасымжанов Бекжан Жұманович жүргізді. Ал Риддер қаласында жастармен, құқық қорғау органдары қызметкерлерімен, өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерімен және әлеуметтік топтармен «Медиа сауаттылық», «Дінтанулық сауаттылық», «Террористік, діни экстремистік және деструктивтік әрекеттердің қауіптілігі» тақырыптарын Сақан Дастан Дарханұлы түсіндірді.
Жиындар барысында қатысушылар теріс діни ағымдардың белгілері мен олардың қоғамға тигізетін қаупі және сақтану жолдары туралы толыққанды ақпарат алды. Ұлттық және отбасылық құндылықтардың қоғамдағы рөлі, толеранттылық, бейбітшілік пен бірлік идеялары жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ құқықтық жауапкершілік, экстремистік және террористік іс-әрекеттерге қарсы заңнамалық нормалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жастар арасында медиа сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын қалыптастырудың маңызы ерекше атап өтілді.


