АБАЙ ТОЙЫ: БАТЫСТАН ШЫҒЫСҚА

 

"Батысым-шығыс боп кетті" (Абай)

Қазаққа қаншама ғасырға жететін қазына сыйлап кеткен дүр Абайдың тойы Қарауылда дүркіреп өтті. Күллі қазақ көз тіккен көрнекті той көпшіліктің де көңілінен шыққан сияқты  Кеше ғана облыс орталығына айналған аймақтың тыныс-тіршілігі мен ауызбіршілігі осы тойдан анық көрінді.

Абайша айтсақ “Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос” деп енді ғана еңсе тіктеген өлкеге еліміздің түкпір-түкпірінен меймандар ағылып, әр облыс ақшаңқан киіз үйлерін тікті. 180 жылдыққа Абай облысы жұдырықтай жұмылып тіккен 180 киіз үйдің көрінісі тіпті бөлек болды. Бағзы замандағы бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне еніп кеткендей ерекше әсер қалдырды. Алдымен әр елден және әр облыстан келген делегация мүшелері, ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері таныстырылып, қонақтар керуенін құрады. Семейде басталған ғылыми, мәдени іс-шаралар легі 10 тамыз күні Абайдың туған жері қазіргі Абай ауданы Қарауыл аумағында мәдени-көпшілік, спорттық мерекемен жалғасын тапты. Алдымен Шәкәрім университетінде өткен “Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным” халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында таныстырылған Абай академиялық сайты мен Абай шығармаларының академиялық жинағы көпшіліктің көзін де, көңілін де сүйсінтті. Ал AR аталатын лингвист ғалымдар мен IT мамандарының бірлесе жасаған кітабы жасанды интеллектің ұлы тойға арналған үлкен жемісі. QR кодты басқанда Абай шығармалары жасанды интеллект жасаған Абайдың бейнесімен бірге өріліп, баланы да, үлкенді де өзіне тартып тұрады. Бұл да жас буынның арасында Абай шығармаларын насихаттаудың нағыз көрінісі. Сол күні кешкі уақытта Абай атындағы облыстық кітапханаға әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған ақындар мен қаламгерлердің “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” тақырыбындағы дүниежүзілік поэзия фестивалін тамашаладық. АҚШ, Италия, Германия, Румыния, Үндістан, Конго, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінен келген ақындар Абайдың өлеңдерін өз тілдеріне аударылған нұсқасын оқып, мерейтойлық құрметке ие болды. Сол кеште Түрксой жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет біршама қазақтың маңдай алды ақындарына Түрксой жазушылар одағына мүшелік билет пен төсбелгіні табыс етті. Ақынның тойында ақындар көрген құрметтің жөні басқа. Облыс әкімі Берік Уәли де жолынан жаңылмай ақ дастархан жайып, әр облыстан келген делегация мүшелеріне қонағасы берді. Жидебайдағы “Абай-Шәкәрім мемориалдық кешеніне” барып, хакімнің аруағына құран бағыштап, білек көтеріп, тілек тілеген меймандардың мерейі өсті. Ал ақын тұтынған заттарды көзбен көріп, жүрекпен сезінудің бөлек әсері кез келген қазақты бей-жай қалдырмады. Қарауылға бет бұрғандағы көріністі тек көзбен көру керек, сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. 40 мыңға жуық адамның басын біріктірген, 180 киіз үй тігілген, бала Абайдан дана Абайға дейінгі белес, асуды көрерменге көрініс ретінде ұсынған абайлықтарға айтар алғыс аз емес. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізген сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Берік Уәли данышпанға арналған іс-шаралар шымылдығын ашып берген соң, спорттық-мәдени іс-шаралар жалғасты. Абай елі Абайдың тойындағы өнер, спорт бәйгелеріне 10 көлік тігіпті. Берік Уәли мырза атап өткендей Абай облысы, Семей қаласында 1984 жылдан бері бір де бір мәдени нысан бой көтермеген екен. Той қонақтары әр облыстың тойға шашуы ретінде бір-бір мәдени нысан тарту етілетіні айтылып қалды. Мәселен, спортшы әкімі бар біздің Ақтөбе Семейге “Жекпе-жек” сарайын салып беретін болды. Шапса тұлпардың тұяғы, ұшса құстың қанаты талатын шығысқа сапарымыздың бір парасы осындай болды. Бұл тойдың жеткен жетістігін де, кеткен кемшілігін де жарыса жазып жатқандар аз емес. Біз еңсесін енді тіктеген облыстың кемшілігін тізуге емес, адамзатқа ортақ тұлға Абай атамыздың тойына қызмет етуге бардық. Шалғай сапардан тың идеялармен, ерекше шабытпен елге оралдық. Осы сапарда қолдау көрсеткен облыс басшылығына делегация атынан риясыз ризашылық білдіремін. Қазақ “Бұдан жаман күнімде тойға барғанмын” деуші ме еді, ендеше біз де:

“Қазағымның әр жерінде,

Дәл осындай той болсын!” - деген тілекпен оралдық!

Жұлдыз Қожабекова

Айтыскер ақын

ҚР Жазушылар Одағының мүшесі

 

Әлеумет
10:49, 25 август 2025
2 518
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив