Ақтөбеде семіз бала көбейді
Облыста 242 бала инсулинге тәуелді. Ақтөбе облысында 111 бала семіздікке шалдыққан. Бұл дұрыс тамақтанбаудың және қозғалыстың жоқтығымен тікелей байланысты. Сонымен қатар балалар арасындағы қант диабетінің көбейіп келе жатқандығы да дәрігерлерді алаңдатып отыр. Ақтөбеде осы аурудың 1- типімен ауыратын 242 бала инсулинге тәуелді.
Назгүл ӘБЕТОВА
kerekinfoaktobe@gmailcom
Ұйқы-тегін ем
Семіздік -әлем бойынша ең өзекті мәселе. Әртүрлі онкологиялық ауруларды және жүрек қантамыр жүйесінің ауруларын тудырады. Семіздік кезінде ағзада зат алмасу процесі бұзылысқа ұшырайды. Семіздіктің әсіресе балалар арасында көбейіп бара жатқаны дәрігерлерді алаңдатып отыр. Ақтөбе облысында 111 бала есепте тұр. Бұл өте көп. Облыстың бас балалар эндокринолог дәрігері Марина Жамағатқызының айтуынша, көптеген аурулар артық салмақтың салдарынан дамиды. Оған түрлі факторлар әсер етеді. Қазір балалардың көпшілігі далада ойнамайды, қимыл қозғалыс өте аз. Ата анасы күнұзағына жұмыста. Ал олар күні-түні гаджетке телміріп отырады. Сондай ақ газдалған сусын, жеңіл тағамдарды жеуге әуес. Қозғалыс болмағандықтан, ағзада артық май жинала берді. Бұрын бауырды май басу тек үлкендерде кездесетін. Ал қазір балаларда да жиі тіркеледі. Маман артық салмақ жинаудың тағы бір себебі- ұйқы режимінің бұзылуы екенін айтып отыр.
- Ұйқы- адам үшін аурудың алдын алудағы ең қажеттіліктердің бірі. Өйткені, ұйқы- тегін ем. Ерте жатып, ерте тұруды әдетке айналдыру керек. Кешкі сағат 10-да ұйықтап қалған дұрыс. Сол уақытта мелатонин және соматротропты гормон бөлінеді. Ол жақсы бөлінсе, тамақ жақсы қорытылады, жасушалар жаңарады. Баламның бойы өспей қалды деп жатамыз. Неге? Уақытында ұйықтамаған бала бой өсіретін гормонға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар ерте жатқанда зат алмасу да жақсы реттеледі. Егер бұл уақытта ұйықтамаса, түнгі ұйқы 7-8 сағаттан аз болса ағза толыққанды қалпына келмейді. Сондықтан ішкі тәртіп болған адамның денсаулығы да жақсы болады, -деп түсіндірді эндокринолог. Семіздікке шалдыққан бала сырт көзге көрініп тұрады. Медицинада дене салмағының индексі деген ұғым бар. Дәрігер алдымен алдына келген баланың бойы мен салмағы сәйкес келе ме, соны анықтайды. Балада артық салмақ бар екені белгілі болса, қай жеріне тері май қабаты көп жиналған соған көңіл бөлінеді. Кей жағдайда эндокринолог маманы семіздікке әкелетін бүйрекүсті безінің ауруларын да анықтап жатады. Қалыпты жағдайда бүйрекүсті бездері адамның өмірі үшін маңызды гормондар бөліп тұрады. Егер бұл гормондар шамадан артық бөлінер болса, ол гиперкортицизм деген ауруға ұшыратады.
Марина Жамағатқызының сөзінше, семіздік тек эндокринологиялық ауру емес. Бұл ауруға шалдыққандарды емдеуге жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр, тар бейінді мамандар, тіпті психолог бақылауы керек. Тек қана тамақтану режимі емес, ұйқысы, физикалық белсенділігі, салауатты өмір салтын ұстануы да ескеріледі. Дәрігерлермен ата-анасы тығыз байланыста, берілген тапсырмаларды мұқият орындаса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Ол үшін ата-ана балаға үлгі болу керек.
Айта кетейік, облыс бойынша есепте тұрған 111 бала семіздіктің 2 және 3 дәрежесіне шалдыққан.
2- типті қант диабеті- үндемейтін ауру
Семіздікпен ауыратын балалардың көбісінде қант диабетінің 2- типі пайда болады. Диабеттің екінші типі ұзақ уақыт білдірмейді. Қант диабетіне шалдыққан адамдардың көз көруі, бүйрек жұмысы нашарлайды. Себебі қанттың мөлшерінің көп болуынан ұсақ тамырлар зақымдалады. Қазіргі таңда диабеттің асқынулары өте көп. Облыстың бас балалар эндокринологы Марина Жамағатқызы қант диабетінің 1 және 2 типі бар екенін атап өтті. Біріншісі инсулинге тәуелді болса, екіншісі тәуелсіз түрі. Аты айтып тұрғандай, тәуелділік-адам өмір бойы инсулинге бағынышты болады.
- Қант диабетінің 2-типі- инсулинге тәуелді емес деп те айтуға болмайды. Себебі мұндай пациенттер есепке тұрғаннан кейін таблетка ішіп емделіп бастайды. Кейін диета сақтамай, салауатты өмір салтын қалыптастырмаса, адамда қант мөлшері көбейіп, жағдайы ауырлай бастайды. Міне, осы кезде бұл науқастырды инсулиндік емге ауыстырамыз, -дейді маман. Сондықтан “мен инсулинге тәуелсізбін, -деп алаңсыз жүруге болмайды. Нақтырақ айтқанда, диабеттің екі түрі де ұйқы безінің ішіндегі инсулинді бөліп шығаратын бета жасушаларының бұзылысынан пайда болатын ауру. Бета жасушалары-қандағы глюкоза деңгейін реттейтін инсулин гормонын өндіріп отырады. Диабеттің екі типіне де ортақ белгі – бұл инсулин шығуының бұзылыстарынан пайда болатын қандағы қант деңгейінің көтерілуі. Эндокринологтың айтуынша, бета жасушаларының инсулинді бөлуінің бұзылуы және жасушалардың инсулинге төзімділігінің бұзылысы немесе ұйқы безінің қабыну салдарынан екінші типтегі қант диабеті ауруы туындайды. Ал бірінші типте бета жасушалары мүлде болмайды. Яғни инсулин мүлде өндірілмейді. Сондықтан 1- типтегі науқастар инсулинді тұрақты түрде қабылдап отыруы тиіс. Бірінші типтің негізгі себептері- генетикалық бейімділік және аурудың басталуына әкелетін әртүрлі вирустық аурулар мен иммунитетті күйрететін күйзелістер. Бірінші типтегі қант диабеті көбіне балаларда және жас адамдарда дамиды. Бірінші типті қант диабетінің ерекшелігі өте жылдам дамиды және аз уақыт ішінде бұл науқастарда ауыр жағдайларға ұласып кетеді. Бала көз алдыңда солып қалады
Егер балада әлсіздік болып, шөлдей бастаса, жиі дәретке барса -бей-жай қарамаңыз. Тамаққа тәбеті болса да, арықтай береді. Көз алдыңда бала солып, әлсіреп қалады. Бұл ағзада инсулин бөлінбеу әсерінен қант деңгейінің және кетонның көбейіп кеткендігінен дамиды. Өйткені, инсулин- қандағы қантты жасушаларға тасымалдайтын реттеуші.
- Инсулин -әрбір жасушаның есігін ашып, қантты жеткізіп отырады. Жасуша содан энергия алады. Егер жасушаларда глюкоза қант болмаса, жасушалар энергияны қайдан алады? Әлсіздік осыдан басталады. Жасушалар глюкоза болмағандықтан энергияны белок пен майлардан алады. Сол уақытта ағзада май мен белоктар ыдырай бастайды. Майлар ыдырап қышқылданады, сол қышқылдар кетондық денелерге ауысады. Баланың аузынан ацетон иісі шыға бастайды. Ағзада майлардың қышқылдану салдарынан адам уланады. Ең қиыны улану процесі миға дамитын болса науқас есін жоғалтуы мүмкін. Тіпті комаға түсіп кетуі мүмкін. Бұл жағдайларды қант диабетінің жедел асқынулары: кетоацидоз және кома деп атайды. Өкінішке орай, қант диабетінің бірінші типінде науқастар осындай асқынулармен аурухананың реанимациялық бөліміне түседі. Ауру астан ...
Дәрігер балалар арасында семіздік белең алып бара жатқанын айтып өтті. Бала денсаулығын сақтап, олардың толыққанды дамуы үшін биыл 1 қыркүйектен бастап мектеп асханаларында тамақтанудың жаңа стандарты енгізілді. Бұдан былай оқушылар тұзды, қанты мол, шылқыған майға қуырылған тағамдарды тұтынудан бас тартады. Тағы бір қуанарлығы, асханада фастфуд пен газдалған сусын сатылмайды. Сондай-ақ , шұжық өнімдерінің орнына ет, көкөніс, жеміс-жидек беріледі. Қаулыға сәйкес, ас мәзірі технолог, нутрициолог мамандармен бірлесіп әзірленген. Сарапшылар стандарт талаптарын қатаң сақтау балалар арасындағы семіздікті 10-15 пайызға, 2 типті қант диабетін 10-20 пайызға төмендетуге ықпал ететінін айтып отыр.
Ақтөбе облысында 242 бала инсулинге тәуелді. Жыл сайын 30 балаға дейін есепке алынады. Денсаулықтың кепілі: Құнарлы тамақтану, дұрыс ұйқы, қозғалыс, көтеріңкі көңіл-күй.


