Ақтөбе облысында 7 мектеп от жағып отыр
Ақтөбе облысында елу жылдан астам уақыт бұрын салынған 80 білім ордасы бар. Соның бесеуі ағаштан, екеуі қамыстан, 29-ы саманнан тұрғызылған.
Назгүл ӘБЕТОВА
Облыстың бас педагогы Бұлбұл Күзембаева шалғай елдімекен мектептерінде далада орналасқан дәретхана бар екенін жасырмады. Айтуынша, олардың есігі тарс жабық. Шұғыл қажет болған кезде ғана қолданылады.
- Облыс мектептері 100 пайыз ішкі дәретханамен қамтамасыз етілген. Дәретханасы далада орналасқан мектеп болмауы тиіс деген тапсырма бар. Алайда алыс елдімекендерде бұл мәселе бар екені рас. Сыртқы дәретхананың есігі қағылып, жабылған. Іштегі дәретхана істемей қалған шұғыл жағдайларда ғана қолданылады,-деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ облыста ағаштан салынған 5 мектеп бар. Оның екеуі Әйтеке би ауданында болса, үшеуі Ырғыз ауданында орналасқан. Сол 5 мектептің екеуінің құрылысы 2027 жылы басталады. Қамыстан салынған екі мектеп Ырғыз ауданында. Қазіргі таңда ол бойынша техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде алдағы уақытта шешім қабылданатын болады. Бұлар бастауыш негізгі мектептері. Ал тарихы тереңдегі саманнан бой көтерген 29 мектеп барлық аудандарда бар деуге болады. Соның екеуі 2027-2028 жылдарға жоспарланған.
1970 жылға дейін салынған 80 мектеп бар екенін атап өткен болатынбыз. Бұл мектептердің жағдайы толық талдаудан өткізілген. Бірқатарына құрылыс, кейбіреулеріне күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл жердегі негізгі мәселе- оқушылар саны. Қазір ауылдық мектептерді баламен толықтыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр 50 мектепке 96 отбасы көшіп келіп, 204 оқушы орналастырылған. Дегенмен 15 мектептің оқушысы ғана нормативке сәйкестендірілген.
-Мектепті жабу мақсатымыз жоқ. Сол мектептерді сақтап қалу үшін балаларды толықтыру мақсатында жергілікті әкімдіктермен жұмыстар жүргізіліп жатыр,-деді Бұлбұл Күзембаева.
7 мектеп пеш жағады
Облыстың үш ауданында 7 мектеп пешпен жылытылып отыр. Соның бірі-Алға аудынындағы Талдысай орта мектебі. Ғимарат 1975 жылы салынған. Сексен орынға арналған білім ордасында қазір 33 бала білім алып жүр. Бүгінгі күні 60 орынға арналған жаңа мектеп салу бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Жобаның құны- 1,8 млрд.теңге. Мектеп құрылысы биыл басталады. Сондай-ақ Мұғалжар ауданында екі мектеп бар. Оның бірі-Ақсу негізгі орта мектебі болса, екіншісі-Сабындыкөл бастауыш мектебі. Биыл Ақсу елдімекеніне көгілдір отын беріледі. Осыған байланысты жылыту жүйесін ауыстыру 2027 жылға көзделген.
- Сабындыкөл бастауыш мектебі – 1962 жылы салынған, контингенті 4 оқушы. Бүгінгі күні мектепті қатты отыннан көгілдір отынға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жылыту маусымына дейін жұмыстар аяқталатын болады. Шалқар ауданы бойынша 4 бастауыш мектеп (№33, №36, №44, №60) теміржол бойындағы шағын разъездерде, бейімделген ғимараттарда орналасқан,-дейді облыстық білім басқармасы.
Бұл елдімекендерде орталықтандырылған газ болмағандықтан, қазір мектеп пешке от жағуға мәжбүр. Басқармадағылар от жағу сабақ процесіне әсер етпейтінін айтады. Онда қауіпсіздік талаптары толық сақталған. Аталған мектептерге электрлік қазандықтар орнатылатын болады. Айта кетейік,Ақтөбе облысында 1 ғасырдан астам тарихы бар мектеп- Шалқар ауданында орналасқан. Кішіқұм ауылдық округіне қарасты Шоқысу ауылында Шоқысу негізгі мектебі 1903 жылы салынған. Жобалық қуаты- 80 орын. Бүгінгі таңда 123 “жастағы” мектепте 78 оқушы білім алып жүр.

