Ақтөбеде "Халық бухгалтері" акциясы басталды
“Халық бухгалтері” акциясы басталғалы Ақтөбеде 500-ден аса адам кеңес алған. Кәсіпкерлерге арнайы мамандар заңнама талаптарын қарапайым тілмен түсіндіріп, ақпараттық жүйеде жұмыс істеу бойынша кеңес береді.
Назгүл ӘБЕТОВА
“Халық бухгалтері” республикалық акциясы 5 қаңтарда іске қосылды. Бұл акция кәсіпкерлер мен шағын бизнес иелеріне арналған. Олардың салық саласына қатысты қандай да бір көкейтесті сұрақтары болса, Мемлекеттік кірістер департаментіне баруына болады. Ол жерде бухгалтерлер мен аудиторлар, бухгалтерлік қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі мамандары отырады. Кәсіби мамандар заңнама нормаларын егжей-тегжейлі түсіндіріп береді.
- Акция аясында бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік және ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу туралы көмек көрсетіледі. Аудандарда қажет болған жағдайда мамандардың көшпелі қабылдауы ұйымдастырылады. “Халық бухгалтері” акциясы — салық төлеушілермен жұмыс істеуде бақылау моделінен сервистік сүйемелдеуге көшу жолындағы алғашқы қадам,-дейді Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Серік Сайманов. Кәсіпкерлерге бейнекеңестер мен телефон арқылы байланыс, ресми ресурстар арқылы онлайн кеңес беру, вебинарлар өткізу мүмкіндіктері қарастырылған.
Кеңес беру қаңтар-ақпан айларында дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері сағат
10:00–13:00 аралығында, ал наурыз айынан бастап аптасына 2 рет өткізіледі. Басқарма басшысы Серік Саймановтың сөзінше, күніне 40-50 адам кеңес алуға келеді. Салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндіруге арналған
акция 30 маусымға дейін жалғасатын болады.


