Ақтөбеде мектеп директоры пара алды
Ақтөбеде М. Дулатұлы атындағы №63 жалпы білім беретін орта мектеп-лицейдің директоры сотталды. Экс-педагог кәсіпкерден пара алғаны үшін заң алдында жауап берді.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
jansaya_esmaganbet
Мектеп директоры басшылық қызметке былтыр тамыз айында тағайындалған. Алайда арада 4 ай өткенде заң бұзып, парамен ұсталды. Сот материалдарына қарағанда, 2025 жылдың қараша айында мектепке интернет орнатып, оны жөндеу үшін мемлекеттік сатып алу аясында конкурс жарияланады. Оған жалғыз кәсіпкер қатысып, жұмысты 339 876 теңгеге жасауға келіседі. Бірақ қосымша жөндеу жұмыстарының жүргізілгеніне қарамастан кемшіліктер анықталып, көрсетілген қызмет техникалық ерекшелікке сай болмай шығады. Сол кезде экс -педагог жеке кәсіпкердің көрсеткен қызмет актісіне қол қойып, оны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану үшін сотқа арыз бермеу үшін 300 мың теңге пара талап етеді. Кәсіпкер бұл қаржының көптігін айтып, 250 мың теңге тауып бере алатындығын айтады. Мектеп директоры бұл ұсыныспен келіседі. Көп ұзамай кәсіпкер интерактивті панельді жөндеп, қайтадан ұсынады. Сол кезде экс-директор оның параны бермейтінін түсініп, көрсетілген қызмет актісіне қол қоюдан бас тартады. Ол тек ақшаны бергеннен кейін ғана актіге қол қоятынын айтады. Осыдан кейін кәсіпкер бұл әрекеттің заңсыз екенін түсініп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне шағымданады. Осылайша мектеп басшысы 2025 жылдың 10 желтоқсанында қызметтік кабинетінде жеке кәсіпкерден 250 мың теңге параны алу кезінде ұсталады. Сотта Алима Айзақова қылмысын мойындап, өзіне айыппұл жазасын тағайындауын сұрады. Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен экс-педагог Қылмыстық Кодекстің 366-бабының 2-бөлігі ( пара алу) бойынша кінәлі деп танылды.
- Алима Айзақова Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған параның 30 еселенген мөлшерікөлемінде, яғни 7 млн 500 мың теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалсын. Сотталушығаөмір бойына мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, лауазым атқару құқығынан айырылсын, -деді судья Аян Құсаев. Бұдан бөлек сот білім саласының қызметкері сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін облыстық білім басқармасының атына жекеше қаулы шығарды.

