"Үсіп отырмыз": Ақтөбе қаласының тұрғындары сары аязда жылусыз отырғандарын жеткізді
Ақтөбедегі Есет батыр тұрғындары үйлерінде тоңып отырғандарын айтып, шағымданды. Сықырлаған сары аязда кейбіреулері ұлып кеткен баспанасын тастап, тумаларын жағалаған. Олар суықтан балалары ауырып, бар тапқан-таянғандары дәрі-дәрмектен ауыспайды деп журналистерге жанайқайын жеткізді.
Назгүл ӘБЕТОВА
Ақтөбедегі Есет батыр тұрғын алабындағы үй тұрғындары қыстың қақ ортасында өз үйлерінде бүрсең қағып отыр. Айтуларынша, электр пеші мен газ жағып жан бағуға мәжбүр. Өткен аптадағы сарышұнақ аязды күндері қара суық үйде сырт киіммен отырған. Тұрғындардың базынасын Керек.info газетінің тілшісі де тыңдап қайтты. Есет батыр тұрғын алабында екі адамның басы қосылса айтатын әңгімесі-жылу мәселесі. Амандық-саулық сұрасқан соң, “қай үйде тұрасың, үйің салқын ба?”,-деп жатқандарды құлағымыз шалды. Салқынның кесірінен ауру-сырқау да көбейген. Тіпті пневмонияға шалдығып, ауруханада жатқан балалар да бар. Үйді электр пешімен жылытуға барлығының мүмкіндігі жоқ. Бірі жарыққа көп ақша төлейтінін айтса, енді біреулері кішкентай балалары үшін қауіпті деп отыр.
Сыз тартқан үйден, дерт тапқан
Ажар Байманова -Есет батыр тұрғын алабындағы № 5 үйдің тұрғыны. Осында тұрып жатқанына 11 жыл болған. Ажар үш апта жөтелген ұлын аурудан жаза алмаған. Батарея ысып тұрғанымен, ешқандай жылу жоқ. Сондықтан балаларға ық болсын деп үйінің ішіне шатыр құрып қойған.
- Осы 11 жыл ішінде мұндай проблема болған жоқ. Пәтерім бұрышта орналасса да, ешқашан салқын болған емес. Екі айдың ішінде үй ұлып кетті. Бұл бір ғана үйдің проблемасы емес, бірнеше үй тұрғындары шағымданып жатыр. Үлкендер бірдеңе қылып салқынға шыдармыз, баламыз үшін уайымдаймыз. Біз тұратын үйде қырқынан шықпаған, дүниеге келгеніне 15 күн ғана болған нәрестелер бар. Балалар пневмониямен ауруханаға түсіп жатыр. Ұлымда кетпейтін көкжөтел пайда болды. Шыны керек, ауруын жаза алмадым. Дәрі беріп жатырмын, ауа салқын болғасын қайтадан жөтеле бастайды. Ем қонған жоқ. Амал жоқ, үйдің ішіне палатка тіктім. Палатканың іші ық. Екі ай бойы жылусыз тоңып отырдық. Жылуы жоқ уақыттағы ақшамызды қайта есептеуді талап етеміз,-деді ол.
“Үйіміз мұздатқыш сияқты ”
Ал Гүлдана Нысаинова төрт баласымен ас бөлмесінде ұйықтайды.Таңертең жаққан газды кешке дейін сөндірмейді. Онсыз мүмкін емес. Басқа бөлмеге кірсек, мұздатқыштың ішіне кіргендей боламыз дейді.
- Соңғы екі жылда жылу дұрыс емес. Басында ұстағанда батарея қол тигізбейтін. Былтыр шыдадық, биыл шыдау мүмкін болмай тұр. Төрт балам бар. Балаларыммен ас бөлмесіне жатамыз. Сол бөлмеде тамақ ішеміз, сол жерге жатамыз. Басқа бөлмеге кірсек, мұздатқышқа кіргендей боласың, Әбден ұйықтағанша газды жағып қоямын. Әкімдікке барсақ, “жылуға қатысымыз жоқ” деп шығарып салды. Біз коммуналдық төлемдер үшін қарыз болсақ, сот арқылы өндіріп алады. Ол жақтан мәселе туындаса, шешуге асықпайды. Ақшамыздың 50 пайызын шегерсін. Жылынбаған үй үшін бір айға жылуға 15 мың теңге төлеп отырмын. Жұрттың бәрі ауырып жатыр,-дейді Гүлдан Нысаинова.
“Сезінбеген жылуға ақша төлемейміз”
Орынбике Убайдуллина, тұрғын:
- Есет батыр тұрғын алабындағы №1 мөлтек аудандағы төрт қабатты үйде тұрамын. Бірінші қабатта тұратындардың үйі азынап тұр. Желтоқсан, қаңтар айында жылу болған жоқ. Бұл үйде 8 жылдан бері тұрамын. Үстімізге қабат-қабат киініп алып отырдық. Студенттер даладан дірілдеп тоңып келеді, үйге кірсе тағы жылу жоқ. Суықтан үйлерін тастап, тумаларының үйін жағалап жүргендер бар. Кішкентай балалар ауырып, больницада жатыр. Балкон, терезеден проблема жоқ. Бәрі бітеулі. Өзім зейнеткермін. Алатын зейнетақым-70-80 мың теңге. Үйді кредитке алдым. Бір айға жылуға 13 мың теңге келіп тұр. Сол жылуды көрмесек, сезінбесек не деп төлеуім керек? Тұрғындардың сөзінше, пәтерлері салқын, едендері аяққа басуға келмейтіндей мұздай.
Көпбалалы ана Ғазиза Собалова 2-шағынаудандағы №22 үйде тұрады. Жылыну үшін есік-терезелерін көрпемен қымтап тастаған. Сықырлаған сары аяз әбігерге түсірген тұрғын ұйқыдан дірдектеп тұратынын айтады.
- Осында 10 жылдан бері тұрамын. Биылдыққа осы проблемаға тап болдық. 30 градус аязда жардан су ақты. Жылу батареялары қан жылым болып тұрды. Балаларым үйдің ішінде сырт киіммен отырды. Кішкентайым бесікте. Жылытқыш сатып алып қойдық. Бірақ бала болғасын қосуға қорқамыз. Таңертең тұрғанда дірдектеп тұрамыз. Біраз жерге бардық. Қазір күн жылығасын үй жылынды. Ертең тағы күн аяздаса, дірдектеп отырамыз ба деп қорқамыз,-дейді ол.
Шағын ауданының өз жылыту қазандығы бар. Жауапты мамандар жылу тұрақты беріліп отырғанын алға тартты. Олар тұрғындардан шағым түскенін растады. Өтініштері қаралып, комиссия құрылған. “Адал қызмет Ақтөбе” компаниясының басшысы Дәулет Нұрлановтың сөзінше, кейбір үйлерде сүзгілер бітелсе, кейбіреуінде жылу реттегіш крандар ашылмаған.
- Тұрғындар жаздыгүні батареяларды шайып, ретке келтіру керек. Әрине, 10 жылда үйге жөндеу жүргізу қажет қой. Кейбір үйлерде терезенің астынан жылу кетіп тұрғанын көрдік. Соларды қымтап, сүзгілерді тазарту керектігін ескерттік. Тағы да аяз келе жатыр. Алдағы уақытта температураны көтеретін боламыз,-деді Дәулет Нұрланов.
«Бізден проблема жоқ»
Ал Aqtobe su-energy grouр компаниясының жылу желілері жөніндегі орынбасары Жанболат Сарманов жылу қалыпты режимде беріліп жатқанын жеткізді. Айтуынша, жылу толғымен беріліп тұр, барлығы нормативке сай. Қазандық жаңа, барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр.
- Тұрғындардың арызы негізінде комиссия құрылды.Біздің тарапымыздан ешқандай шектеу жоқ. Температура, қысым кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Кейбір пәтерлерде бөлме температурасы +22, +25, +26 градусты көрсетіп тұр.
Кейбір пәтер иелері балкон есігін дұрыс бекітпеген, терезеден жел соғады. Бірінші қабатта тұратындарға еденді бекіту керектігін ескерттік,- деді Aqtobe su-energy grouр компаниясының жылу желілері жөніндегі орынбасары Жанболат Сарманов. Жауапты мекеме көпқабатты үй тұрғындары есік-терезесін бітемегенін алға тартты.Ал қыстың көзі қырауда тоңып отырған халық “кінәні өздеріне артпай” жылу мәселесін шешіп беруді талап етті.
Айта кетейік, Есет батыр тұрғын алабындағы 4 шағын ауданда 116 үй бар.