«Ұялмаңыз, проктологқа келіңіз»
Тік ішек аурулары туралы ашық айтуға көпшілік әлі де қысылады. Дегенмен дәл осы ұяңдық кейде адамның өміріне қауіп төндіреді.Неліктен геморрой жасарып барады? Лазер барлық науқасқа жарай ма? Тік ішек обырының алғашқы белгілері қандай? Осы және өзге де сұрақтарға тәжірибелі проктолог Ғалымжан Ахметғалиев жауап берді.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Проктологтың есігін қағуға көпшілік ұялады. Соның салдарынан ауруды асқындырып алып, дәрігерге соңғы сатысында ғана келетіндер аз емес. Тіпті геморройды өз бетінше әлеуметтік желідегі кеңестермен емдеп, ақыры операцияға мұқтаж болып жататындар көбейген.35 жылдан астам уақытын проктология саласына арнаған, 6 мыңға жуық ота жасаған тәжірибелі проктолог Ғалымжан Ахметғалиев қазіргі кезде тік ішек ауруларының жасарып бара жатқанын айтады.
Ұялғанша, уақытында қаралған дұрыс
– Бізге адамдар ұялып келеді. Тіпті келгісі де келмейді. Ауру әбден асқынып, геморрой сыртқа шығып кеткенде, қан тоқтамай кеткенде немесе қан азайып, гемоглобині күрт төмендегенде ғана келеді. Ал уақытында қаралса, мұндай қиындықтардың көбінің алдын алуға болады, – дейді дәрігер. Маманның айтуынша, 40 жастан асқан адамдар міндетті түрде колоноскопиядан өткен жөн. Бұл тек геморройды ғана емес, тік ішек жыланкөзі, анальді жарық, құйымшақ кистасы, үшкір кондиломалар, анальді полип және басқа да тік ішек ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Геморрой тек жүргізушілердің ауруы емес
Бұрын геморройды «жүргізушілердің ауруы» деп атайтын. Себебі ұзақ уақыт көлік тізгінінде отыру, ауыр жүк көтеру аурудың дамуына әсер етеді. Қазір жағдай өзгерген.
– Ер адамдарда ұзақ отыру мен ауыр көтеру себеп болса, әйелдерде көбіне іш қату кездеседі. Көпшілігі су аз ішеді. Кейбірі үлкен дәретке екі-үш күнде бір-ақ рет барады. Бұл – қалыпты жағдай емес. Іш қатуды міндетті түрде емдеу керек, – дейді дәрігер.
Әсіресе, жаз мезгілінде ағзадағы сұйықтық теңгерімін сақтау маңызды. Күніне 2-3 литрге дейін су ішіп, талшыққа бай тағамдарды көбірек тұтыну ішектің дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі.
– Геморройдың негізгі себептерінің бірі – үлкен дәрет кезінде қатты күшену. Сондықтан күн сайын дәретке еркін шығатын жағдай жасау керек, – дейді ол.
Тік ішек аурулары жастар арасында да көбейді
Бұрын проктологқа негізінен егде жастағы адамдар келсе, бүгінде жағдай мүлде басқа.
- Қазір студенттер, жас қыздар да келеді. Тіпті тұрмысқа шықпаған, босанбаған қыздардың арасында да геморрой кездеседі.Оның себебі – дұрыс тамақтанбау. Чипсы, фастфуд, газдалған сусындар күнделікті асқа айналып барады, – дейді дәрігер.
Лазер барлық жағдайда көмектеспейді
Көпшілік геморройды лазермен ғана емдеткісі келеді. Бірақ бұл барлық науқасқа бірдей жарамайды.
– Геморройдың І және ІІ сатысында сақина салу, күйдіру сияқты әдістер тиімді. Ал біздің адамдардың көбі ІІІ-ІV сатысында келеді де, «лазермен жасап беріңіз» дейді. Өкінішке қарай, ауру асқынып кеткен кезде лазер көмектеспейтін жағдайлар болады. Мұны халық білуі керек, – дейді Ғалымжан Ахметғалиев.
Интернетке емес, дәрігерге сеніңіз
Дәрігер әлеуметтік желідегі жарнамаларға сеніп, өз бетінше емделудің қауіпті екенін ерекше ескертеді.
–Интернеттен көрген дәрілерді сатып алып, өздігінен емделіп жүргендер көп.
Соның салдарынан ауруын асқындырып алады. Кез келген ауруды үй жағдайында емес, дәрігердің бақылауымен емдеу қажет. Проктологтың қабылдауында қажет болған жағдайда аноскопия арқылы 8-10 сантиметрге дейін, ректоскопия арқылы 25-30 сантиметрге дейін тік ішек тексеріледі.
Ай сайын тік ішек обыры анықталады
Тәжірибелі дәрігердің айтуынша, тік ішек обыры да жиі кездеседі.
– Ай сайын кем дегенде бір-екі адамнан анықтап жатамыз. Олардың көпшілігі бұған дейін ешқашан тексерілмеген. Поликлиникадан дәрілер алып, соны қолданып жүре береді. Екі-үш ай бойы қан тоқтамай, шырыш аралас қан бөлініп жүрсе де мән бермейді.
Дәрігердің айтуынша, тік ішек обырында бөлінетін қанның түсі көбіне қою қара-қызыл болады.Ол алғашқы буындағы дәрігерлерге де үндеу жасады.
–Науқасты міндетті түрде қолғап киіп, саусақпен тексеру қажет. Қолмен қарағанда көптеген қауіпті өзгерістер бірден сезіледі. Күдік туса, уақыт жоғалтпай қосымша тексеруді бастап, емдеуге кірісу керек, – дейді маман.
Жыланкөздің емі – тек операция
Проктологияда геморройдан кейін жиі кездесетін аурулардың бірі – жыланкөз (свищ).
- Жыланкөз көбіне парапроктиттен кейін пайда болады. Оның емі – тек операция. Ешқандай дәрілер көместесе алмайды. Аурудың алғашқы екі сатысында операция салыстырмалы түрде жеңіл өтеді. Ал үшінші сатысында ота күрделеніп, тіпті нәжісті ұстай алмау сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан жыланкөзді жүре бермей, уақытында емдеткен дұрыс, – дейді дәрігер.
Пышақсыз операция дәуірі
Ғалымжан Ахметқалиевтің айтуынша, қазіргі проктология бұрынғыдан мүлде өзгеше.
- Бұрын отаны тек пышақпен жасайтынбыз. Науқастар 10 күнге дейін ауруханада жататын. Күніне бірнеше рет ауырсынуды басатын дәрі салатынбыз. Қазір лазер мен термошов технологияларының арқасында операция әлдеқайда жеңіл өтеді. Лазермен жасалған науқас көбіне үш күнде, термошовпен жасалғандар төрт-бес күнде үйіне шығады. Тілік аз болғандықтан, жара да тез жазылады. 1980-жылдары отаны тек новокаинмен жасаған кездер болды. Ол уақытта қазіргі мүмкіндіктер жоқ еді. Медицина дамығандықтан бүгінгі операциялардың сапасы мен қауіпсіздігі мүлде басқа деңгейге көтерілді, – дейді.
«Арманым – ұшқыш болу еді»
Ғалымжан Ахметғалиев медицинаға кездейсоқ келгенін жасырмайды.
- Әкем хирург, анам гинеколог болды. Бірақ мен бала күнімде дәрігер болуды армандаған жоқпын. Ұшқыш болғым келді. Өкінішке қарай, көзімнің көруі нашар болғандықтан ол арманым орындалмады. Сабақ басталар алдында медицина институтына құжат тапсырдым. Кейін онколог болып жұмыс істедім, содан кейін проктологияға келдім. Қазір осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Өңірдегі проктологтардың бәрін танимын. Бұл салада маман өте аз, – дейді ол.
Дәрігердің қызықты оқиғалары
Проктологтың жұмысы күтпеген жағдайларға толы. Кейбір оқиғалар күлкілі көрінгенімен, олардың бәрі адам денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.
– Бір күні үлкен дәретке шыға алмай жүргенін айтқан науқас келді. Бірақ себебін айтпады. Тексеріп қарасам, тік ішегіне электр шамын тығып алған екен. Өздігінен шығара алмай, бірнеше күн бойы солай жүрген. Оны алып бердім, – дейді дәрігер.Тағы бір оқиға ерлі-зайыптыға қатысты болған.
– Бір отбасы келді. Әйелі жолдасының тік ішегіне су сабын кіргізіп жіберген екен. Оны да алы шықтық. Сондықтан адамдарға айтарым – ойға келгеннің бәрін істей бермеңіздер. Тік ішекке бөтен зат салу өмірге қауіпті. Денсаулықпен әзілдеуге болмайды, – дейді тәжірибелі хирург.
Дәрігердің кеңесі
Маманның айтуынша, тік ішек ауруларының алдын алудың қарапайым жолдары бар:
- дәреттен кейін мүмкіндігінше жылы сумен жуыну;
- дұрыс тамақтану;
- жеткілікті мөлшерде су ішу;
- іш қатуға жол бермеу;
- алкогольді шектеу;
- үлкен дәрет кезінде қатты күшенбеу.
- ауыр зат көтермеу
Қатты нәжіс тік ішектің ішкі қабатын жаралап, жыртық пайда болады. Сол жыртықтан кейін жыланкөз дамуы мүмкін. Егер үлкен дәреттен кейін қан кетсе немесе қатты ауырсыну болса, уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралу керек, – дейді ол.
Операциядан кейін де күтімнің маңызы зор.
– Геморрой немесе жыланкөзге операция жасалғаннан кейін салқын тигізбеу керек. Мұздай суға түспеген дұрыс. Бассейнге бір жылға дейін бармаған жөн. Себебі операциядан кейін бұлшықеті толық қалпына келуі керек, – дейді дәрігер.
P.S. Проктологтың қабылдауына барудан қысылатындар көп. Алайда бірнеше минуттық тексеру кейде адамның денсаулығын ғана емес, өмірін де сақтап қалуы мүмкін. Колоректальды қатерлі ісікке қарсы скринингтің нәтижесі жақсарды.
2026 жылдың алғашқы алты айында 50–76 жас аралығындағы 48 110 адам колоректальды қатерлі ісікке қарсы скринингтен өтті. Бұл – жоспарланған тұрғындардың 67,4 пайызы.
Өткен жылдың осы кезеңінде қамту көрсеткіші 44,2% болса, биыл 67,4%-ға жетті. Сондай-ақ тексеруден өткен адамдар саны 29 076-дан 48 110 адамға дейін артқан.
Бұл тұрғындардың скринингке белсенді қатыса бастағанын және ауруды ерте анықтау жұмыстарының тиімділігі артқанын көрсетеді.


