Ақтөбеде 4 баланы жылан шағып алды
Ақтөбе облысында бір айдың ішінде 4 баланы жылан шағып алған. Екі жағдай – облыс орталығында, екеуі Хромтауда тіркелген.
Назгүл ӘБЕТОВА
kerekinfoaktobe@ gmail.com
Жазда адамдар отбасымен табиғат аясына серуендеуге шығады. Алайда қауіпсіздік шараларын елемейді. Бала қараусыз қалса, жылан шағып алу қаупі артады. Мамандар жылан көбіне қалың шөптің арасында, су маңайында, құрылыс материалдарының арасында жүретінін айтады. ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтөбе облысында 4 баланы жылан шағып алған. Соның екеуі облыс орталығында, екеуі- Хромтауда. Сондықтан ата-аналар балаларына қарапайым қауіпсіздік ережелерін түсіндіруі керек.
- Балаға жыланға жақындамауды, және оны ұстамау керектігін айтыңыз. Бала ойнап жүріп, қалың шөп, бұта арасына, тастардың немесе ағаштардың астына кіріп кетпеуін қадағалаңыз. Егер жылан көріп қалсаңыз, оны өлтіруге тырыспай, қауіпсіз жерге өтіп кетуіне жол беріңіз,- деді төтеншеліктер.
Жылан шаққан жағдайда не істеу керек? Жылан шаққан жағдайда ең бастысы – үрейге берілмей, уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну. Зардап шеккен адамды қозғалтпауға тырысып, медициналық ұйымға жеткізу қажет.
Мыналарды жасауға болмайды:
- шаққан жерге жгут салуға;
- жараны кесуге;
- шаққан жерді күйдіруге;
- алкоголь беруге;
- өз бетінше ем қолдануға болмайды.
Еске сала кетейік, баланы жылан шаққан жайғдайда “жағдайы жақсы”- деп бей-жай қарап отырмаңыз. Дереу дәрігерге апарған жөн.

