Швейцариялық эколог Ақтөбеде орман отырғызу кезінде биоматтарды қолдануды ұсынып отыр

Маманның пікірінше, қой жүнінен және мульчадан жасалған модульдер өңірде отырғызылған ағаштар мен бұталарды қурап қалудан сақтай алады.
Ренат ТАИПОВ
Жасыл белдеулерді құруға жүздеген миллион теңге бөлінеді. Осы қаражатқа Ақтөбенің айналасында баяғыда-ақ ну орман өсіп шығуы керек еді. Алайда ол неліктен екені белгісіз, көзге көрінбейді. Билік өкілдерінің мәліметінше, Ақтөбе облысының жалпы аумағы 30 миллион 62 мың гектар болса, оның небәрі 64 мың гектарын орман алып жатыр, яғни 0,2 пайыз ғана. Оның үстіне бұл көрсеткіштердің өзін әлі де тексеру қажет.
Облыс әкімдігінде 2021 жылдан 2025 жылға дейін өңірде 500 мың ағаш отырғызылғанын мәлімдейді. Бұл ретте көшеттердің жерсіну көрсеткіші небәрі 60–70 пайызды құраған. Басқаша айтқанда, шамамен 200 мың ағаш қурап қалған. Оның басты себебі– судың жетіспеуі.Бұл мәселені шешуге кешенді түрде қарау қажет, – деп түсіндіреді Швейцарияның MORE ZEN экологиялық қауымдастығының жетекшісі Александр Гельфант. Ол Қазақстанда 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
– Менің қауымдастығым швейцариялық және еуропалық стандарттарды Қазақстан жағдайына бейімдеумен айналысады. Біз стандарттарды ғана емес, өз әдістемелерімізді де бейімдейміз. Өйткені Швейцарияда жұмыс істейтін тәсілдің Қазақстанда да тиімді болуы міндетті емес.
Эколог орынды атап өткендей, ең алдымен, ағаш отырғызбас бұрын топыраққа талдау жүргізіп, оған қандай өсімдіктердің жерсіне алатынын анықтау қажет. Тағы бір міндет – жердің ерекшелігін зерттеп, өсімдіктерді қурап қалудан сақтайтын су жеткізу жүйесін алдын ала ойластыру. Үшінші элемент – Александр Гельфант ұсынып отырған әдіс, яғни ағаш отырғызылатын жерлерде биоматериалдарды қолдану.
– Швейцарияда көгалдандыру үшін кокос талшығынан жасалған биоматтар кеңінен қолданылады. Оларды топырақтың үстіне төсейді, содан кейін осындай биоматқа қажетті өсімдіктердің тұқымдары себіледі, – дейді эколог. – Нәтижесінде биомат субстратқа айналып, ылғалды сақтап тұруға мүмкіндік береді. Бұл суды едәуір үнемдеуге де жағдай жасайды.
Қазақстанда бұл әдісті қолдану тәжірибесі кокос талшығының отандық жағдайға сәйкес келмейтінін көрсетті.
-Мәселені зерттей келе кокос талшығының орнына қой жүнін пайдалануға болатынын түсіндім. Ол көптеген тұрғыдан тіпті жақсырақ! Енді қазақстандық серіктестеріміздің арқасында биоматтар өндіру үшін киізді пайдаланып жүрміз. Топырақ қатты желдің әсерінен тез кебеді. Ал киіз бен жалпы биоматтың көмегімен біз ылғалдың буланып кетуіне жол бермейміз.
Экологтың түсіндіруінше, биоматтар біртұтас модуль түрінде жасалады. Оның құрамындағы киіз көрпе тысының қызметін атқарады, ал оның ішіне биомасса – жаңқа күйіне дейін ұсақталған өсімдік қалдықтары салынады.
Бұл биомассаны өзен арналарын ұқыпты, қол еңбегіне негізделген тәсілмен тазарту арқылы алуға болады.
– Әңгіме Ақтөбеде бұрын жүргізілген өзен арналарын тазарту жұмыстары туралы болып отырған жоқ, – деп түсіндіреді Александр Гельфант. – Ол жұмыстарды шынымен де варварлық тәсіл деп атауға болады. Оның үстіне, сол кезде алынған биомассаның өзі еш пайдаланылмады. Не кесілген сау ағаштардың бүтін діңдерін жағалауларға қайтадан варварлық жолмен көміп тастады, не қоқыс полигондарына шығарып әкетті. Ал дұрыс жүргізілетін тазарту жұмыстары кезінде сау ағаштарды ешкім кеспейді. Өзен арнасынан өрт кезінде қурап, жойылғанағаштар мен бұталардың діңдері мен бұтақтары – яғни өртенген ағаш қалдықтары, сондай-ақ қураған ағаштар, өзендерді батпақтандырып жатқан қамыс пен амброзия алынып тасталады. Өзеннен топырақ қабаты ешқандай жағдайда шығарылмайды! Жиналған өсімдік массасы сол жерде шағын ұсақтағыштардың көмегімен майдаланады. Міне, осы жаңқа, яғни мульча, киізден жасалған маттарға салынады. Содан кейін мұндай модульдер ағаш отырғызу жоспарланған учаскелерге төселеді.
Эколог атап өткендей, киіздің тағы бір артықшылығы – ол арамшөптерге қатысты «тұншықтырғыш элемент» ретінде әсер етеді:
– Арамшөптер себілген тұқымдар мен жас көшеттерге үлкен қауіп төндіреді. Арамшөптер ылғалдың көп бөлігін өзіне тартып алады, ал киізден жасалған тығыз модуль олардың өсуіне жол бермейді әрі ылғалдың топырақтан кетуіне мүмкіндік бермейді.
Ақтөбеде швейцариялық маман биоматтарды әзірге тек үш учаскеде қолданған – АХЗС аумағындағы пилоттық жобада, Тұңғыш Президент саябағында және тұрғын үй кешендерінің бірінің маңында.
– Бұл тұрғын үй кешенінің жанында бұған дейін алма ағаштарынан аллея отырғызылған болатын. Топырақ кеуіп кеткендіктен, олар қиналды. Соңында біз бес алманың түбіне маттар төседік. Әрине, бұл жеткіліксіз. Дегенмен, бұл да – тәжірибе. Өкінішке қарай, біз жеткілікті қолдау ала алмадық, сондықтан бүкіл аллеяда жұмыс жүргізе алмадық.
Александр Гельфант Швейцарияда әлдеқашан қолданыста жүрген бұл әдіске Қазақстан билігінің жергілікті және республикалық деңгейде қызығушылық танытатынына үміт артады.


