Ақтөбеде 8 әке декреттік демалысқа шықты

Декреттік демалыс тек әйелдерге арналған десеңіз, қателесесіз. Ақтөбе облысында былтыр 13 ер адам, ал биыл жеті айдың ішінде  8 әке декреттік демалысқа шыққан.

Назгүл ӘБЕТОВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

“Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры”  АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының басшысы Нұрлан Кузеуовтің айтуынша, ҚР заңнамасына сәйкес,  бала күтіміне байланысты демалысты дүниеге келген баланың анасы ғана емес, әкесі де ала алады. Соңғы жылдары ер адамның бала күтіміне байланысты демалысқа шығу жағдайы көбейген.

Ер адамның декреттік демалысқа шығуы – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде қарастырылған заңды құқығы. Мұндай шешімге отбасылық жағдайы, жолдасының табысының ,  қажетті құжаттардың болмауы себеп болады.  Біз олардан декреттік демалысқа шығу себептерін сұрамаймыз. Ресми түрде жұмыс берушінің бала күтіміне байланысты демалыс берілгенін растайтын бұйрығын ғана сұратамыз, - деді Нұрлан Кузеуов.

Бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем тағайындау кезінде бала туғанға дейінгі соңғы 24 күнтізбелік айдағы табыс есепке алынады. Бұл төлемнің мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Егер декреттік демалысқа шығатын адам жұмыс істеген болса, әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып есептеледі. Сондықтан  бала күтіміне байланысты табысынан айырылуына орай, бала 1,5 жасқа толғанға дейін әлеуметтік төлем алуға құқылы. Ал жұмыссыз болса, осы кезеңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері баланың туу кезектілігіне байланысты белгіленеді.

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК (24 912 теңге);
  • екінші балаға – 6,81 АЕК (29 454 теңге);
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК (33 952 теңге);
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (38 493 теңге) мөлшерінде төленеді.

–Бала дүниеге келген кезде әйелдер қандай төлемақы алатыны туралы айтар болсақ,  егер әйел жұмыс істейтін болса, әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде оған жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл төлем еңбекке уақытша жарамсыздық парағының (аурухана парағының) негізінде жүзеге асырылады. Ол үшін әйел соңғы 12 айдағы табысын растауы қажет. Бұл ретте есепке алынатын табыстың ең жоғары мөлшері 2,5 млн теңгені құрайды, -деп түсіндірді басшы.

Ал бала туғаннан кейінгі төлемге тоқталсақ, әйел жұмыс істесе  оған бірнеше төлем қарастырылған.Біріншісі – жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем. Бұл төлем еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негізінде тағайындалады. Ол үшін әйел соңғы 12 айдағы табысын растауы қажет. Төлемді есептеу кезінде ескерілетін ай сайынғы табыстың ең жоғары мөлшері – 2,5 млн теңге.

Бұдан бөлек, әйелге бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ол баланың туу туралы куәлігі негізінде тағайындалады. Сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем қарастырылған. Бұл төлем баланың күтімімен анасы айналысқан жағдайда тағайындалады, яғни балаға күтім жасайтын адам әкесі емес, анасы болуы тиіс. Айта кетейік, Ақтөбе облысында биыл 8 әке бала күтіміне байланысты декреттік демалыс алған. Олар ай сайын ең азы - 27 680 теңге,  ең көбі 193 118 теңге төлем алады. Бала күтіміне байланысты бір жарым жасқа дейінгі жәрдемақыны тағайындау үшін қандай құжаттар қажет?

  • жеке куәлік;
  • баланың туу туралы куәлігі;
  • мекенжай туралы мәліметтер;
  • банк шотының деректері;
  • өтініш.
Қоғам
11:01, 31 август 2026
203
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив