Шалқардағы жасөспірімнің өлімі: Сот басталды
Ақтөбеде Шалқардағы жасөспірімнің өліміне қатысты сот отырысы басталды. Марқұмның жақындары айыпталушыны заң аясында қатаң жазалауды сұрайды.
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
kerekinfoaktobe@gmail.com
Іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қарала бастады. 18 жастағы айыпталушыға Қылмыстық Кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (“Адам өлтіру”)бойынша айып тағылуда. Қайғылы оқиға биыл 19 наурызда болған. Бұған дейін Шалқар қаласында “Маяк” және “Рабочий” аудандарының арасында 2008 және 2010 жылғы жасөспірімдер арасында кикілжің болады.Сол кезде “Маяк” ауданының балалары дене жарақатын алған. Мұны Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқып жүрген айыпталушы естіп, Шалқарға келеді. Оқиға болатын күні айыпталушы анасының көлігін айдап, компьютер клубына, одан кейін дүкен маңына барады.
-Көлігінде “Маяк” ауданынының балалары болған. Олар арадағы мәселені шешу үшін “Рабочий” ауданының балаларын іздейді. Жасөспірімдер түн ортасында үйлердің бірінің маңына тоқтап, “Рабочий” ауданының балаларымен жанжалдаса бастайды. Жиналған топтың қасына бір көлік тоқтап, ішіндегілер жанжал шығармауды сұрайды. Алайда кикілдің ушығып кетеді. Айыпталушы мен жәбірленуші топтан бөлек шығып, сөзге келіп қалады. Сол кезде 18 жастағы айыпталушы арадағы мәселені бейбіт жолмен шешпей, ашу-ызаға салынып, Әлихан Жәнібековтің сол жақ кеуде тұсына аңшылық пышағымен бір рет соққы жасаған. Кейін оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен. Ал кәмелетке толмаған жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Әлихан Жәнібековтің сол жақ өкпе артериясы жарақаттанып, көп қан кеткен, - деді прокурор Осман Орынбасарұлы.
Марқұмның анасы Рауан Жүрсінқызы айыпталушыға кешірім бермейтінін , қатаң жазаланғанын қалайтынын айтты.
- Қылмыс менің үйімнен 500 метр қашықта, жақын жерде болды. Менің балам сол жерге бірінші болып барады. Мектеп оқушылары көмек сұраған. Айыпталушы менің баламның “Родной, сөйлесейік, шешілмейтін мәселе жоқ” дегеніне қарамай, сөзге келместен кеуде тұсына пышақ сұғып алады. Балам жан тапсырады. Ал айыпталушы қашып кетеді. Заң алдында ауыр қылмыс жасаған адам қатаң жаза алсын. Менің талабым осы. Кешірім бермеймін,- деді ол.
Бұған дейін “Шалқардағы төбелеске қатысы бар” деген күдікпен тағы екі жасөспірім ұсталған еді. Оларға Қылмыстық Кодекстің “Бұзақылық” бабы бойынша айып тағылуда. Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс кәмелетке толмағандарға қатысты болғандықтан жабық қаралып жатыр. Айыпталушылар 4 қыркүйек күні сотта соңғы сөзін айтады.


