Ақтөбе мектептерінде тіс дәрігері жұмыс істейді

Ақтөбеде балалар тіс дәрігеріне баруы үшін емханаға кезек күтудің қажеті жоқ. Енді кей мектептерде стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбе облысында оқушылардың тіс денсаулығына ерекше көңіл бөлініп отыр. «Болашаққа – сау тіспен» Жол картасы аясында мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылып, балалардың тісі өз білім алатын жерінде тексеріле бастады. Облыста оқушы саны 1000-нан асатын 59 мектепте осындай кабинет ашу жоспарланған. Былтыр 14 мектепте стоматологиялық кабинет іске қосылса, биыл тағы 15 білім ордасында ашу көзделіп отыр. Жыл басынан бері өңірде 7 847 оқушы профилактикалық тексеруден өткен. Оның ішінде 1 719 баладан жеңіл және орташа дәрежедегі кариес анықталған. Тісінде ақау бар балаларға дәрігерлер қажетті кеңес беріп, әрі қарай ем алу үшін тиісті мамандарға жолдайды.Солардың бірі — Ақтөбе қаласындағы №56 мектеп. Мұнда стоматологиялық кабинет өткен жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өткен оқу жылында мектептегі тіс дәрігері 2 265 оқушыны тексерген.
Мектеп директорының айтуынша, кабинетте балаларға күрделі ем жасалмайды. Негізгі мақсат — тіс ауруларын ерте анықтап, алдын алу.
-Баланың денсаулығы тістен басталады. Былтырдан бері мектебімізде стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Өткен оқу жылында мектептегі тіс дәрігері 2 265 оқушыны тексеруден өткізді. Балалардың тісін жұлмайды, тек сүйемелдейді, қажет болған жағдайда дәрігерлерге жолдама беріледі. Сонымен қатар стоматолог кластарда тісті дұрыс тазалау және ауыз қуысына күтім жасау туралы дәрістер өткізеді. Мұның барлығы балалар арасында ауыз қуысы мен тіс ауруларының алдын алуға бағытталған. Стоматологиялық кабинеттің барлық қажетті құрал-жабдығын №3 КДП қамтамасыз етеді. Менің ойымша, бұл өте маңызды жұмыс. Себебі барлығы өскелең ұрпақтың дені сау болуы үшін жасалып отыр», — деді Ақтөбе қаласындағы №56 мектептің директоры Гүлнара Нарымбетова. Сонымен қатар стоматологтар оқушыларға тісті дұрыс тазалауды, ауыз қуысына күтім жасауды және тіс щеткасы мен пастасын дұрыс таңдауды үйретеді.Арнайы профилактикалық сабақтар да өткізіледі. Мамандардың айтуынша, мұндай кабинеттердің пайдасы — баланың тісіндегі мәселені дер кезінде анықтауда. Ең бастысы, оқушы тіс дәрігеріне баруды кейінге қалдырмай, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды бала кезден үйренеді. Қазір мектеп стоматологиясы тек тісті тексеретін орын емес, балаларға ауыз қуысының тазалығын үйрететін профилактикалық орталыққа айналып келеді.

