Сіңілімді еркінен тыс алып қашты
Соңғы болып жатқан оқиғаларға байланысты, өз отбасымда болған жағдаймен бөліскелі отырмын.
Университетті тәмамдап, басқа қалада жұмыс істеп жүрдім. Бір күні анамнан ауылдағы 15 жасар туған сіңілімді алып қашып кетті деген хабар келді. Мен бастапқы да алдап отырған болар, қазір ешкім 15 жасар қызды алып қашпайды ғой. Сөйтсем шын екен. Анам енді қуып бара жатырмыз деді. Мен «Қуғаны несі, барып мән-жәйды анықтамайды ма алдымен, сіңілім өзі таниды ма? Оқиға қалай болды?» деген сұрақтарыма жауап ала алмадым. Сонымен біраз уақыт өткен соң сіңілім өзіме жазды. Телефонын алып қойып қолхат жазып бер деп жаздырып алып, содан соң ғана телефонын беріпті. Дереу маған жазды.
- Мені құтқар. Бұл адамды танымаймын шыны керек, мені күштеп ұстап отыр. Мен оқуым керек. Ауылда өзім танымайтын адаммен тұра алмаймын, - деп жылады. Мен ата-анама хабарласып, алып келуін өтіндім. Анамнан алған жауап:
- Әкеңнің бетін жерге қаратпақшысың ба? Қалады, әкеңнің ауылға, туыстарға қарабет болғаны керек емес, алып келмейміз! – деді.
Ал сіңілім мүмкіндік болса, маған хабараласып көмек сұрауда. Ол кішкентай кезінен сондай еді. Сіңілім әрқашан өзімнен көмек сұрайтын және ешқашан жауапсыз қалдырған емеспін (арамыз 4 жас). Сонымен ести сала жолға шықтым такси тауып, жол бойы заңдарды оқып келе жатырмын. Таксиде менен бөлек 6 адам бар. Жол 8-10 сағат уақытты алады. Алып қашқан баланың аккаунтын тауып алып қарасам 4,5 сағат өтпестен беташарын жасап тастапты. Сториске салған адамдарды тауып алып, бәріне заңмен жауап беретіндерін айтып, стористерін скрин жасап алып, айғақ жинадым. Сосын видеоларды қарасам сіңілімді екі жағынан екі жеңгесі күштеп ұстап, ұзын көйлектің астынан аяғын байлап қойғанын кейін білдім. Қашып кетпесін деген шығар, кім білсін? Үйге келдім таң атысымен. Бәріне алып келеміз болды, ол танымайды ешкімді, тұра алмайды кішкентай әлі деп айтумен болдым. Бірақ алған жауабым:
- Өзіңнен бұрын тұрмысқа шығып жатқанын көре алмай отырсың ба?- деген туыстардан жауап алдым. Туған-туыстан, жақын адамдардан ешқандай көмек болмайтынын түсініп, өзімді қолға алып, дереу айла ойластыра бастадым. Өзіме көмекке келер адамды іздедім және ойыма бірден анамның әпкесі түсті. Анам ол кісінің жасағандарын, айтқан ақылдарын кішкентай бізге айтып жамандап, есіне алып жылап отыратын. Телефонды қолыма ала сала бірден хабарласып, мән-жәйды айттым. Ол кісі де ең алдымен сіңілімнің нөмірін сұрады. Әрине сіңілім телефонға бірден жауап бермеген. Алып қашқандар сыртқа шыққан соң ғана нағашы апама бәрін айтып түсіндіріпті. Ал мен осы уақыт аралығында әлгі жігітке қолыңның ұшы тимесін, тисе аямаймын деп ескертумен болдым. 19 жыл биязы, жайдары деп танитындарды таң қалдырдым-ау. Ешкімді аямадым. Үйге тойдан дәм етіп келіп отырған туыстарға ұрысып, итеріп-итеріп қуып шықтым. 4-5 сағат өткен соң апамнан жинал жолға шығамыз деген хабар келді. Апам ауылдың қараңғы адамдарына күші жетпесін біліп жанына өзі танитын 3 адамды ертіп келіпті. Төртеуміз 3 сағаттық жолға шықтық. Мекен-жайға жеттік.
Ауыл дегенде де ойлауы өте таяз, жағдайлары нашар ауыл екен. Мұндағы үйлер шыны керек біздің сарайдан жаман. Түсе сала бәрі машинаның жан- жағынан атып шықты. Апам ең алдымен үйге кірейік, қызбен сөйлесейік деді. Барлық артық адамдарды шығарып, өзіміз сөйлестік. Қатты таңқалдым... Алып қаша салысымен анам туыстармен қосылып алып кетпеймін бағың осы жер шығар қаласың деп сіңілімді көндіріпті. Кішкентай ғана сіңілім жылап-жылап сол жерде қалыпты. Хабарласар телефоны жоқ, адамдар алып қойған. Қолхатты телефонын алу үшін амалсыздан жазып берген. Қолдары көгерген, аяқтарында беташарда байланған жіп іздері тұр.
Қайтамын деп мені жібермей жылады. Мен оны мына жерден алып шыға алмайтынымызды біліп, тағы да жоспар құруыма тура келді. Апама олармен бірге тойлата тұруын өтіндім. Сіңілім келісті деп достарын жанында болсын деген сылтаумен шақырттым. Өзім сол уақытта жанында болдым. Сіңілімнің құрбысының әкесі ести сала машинасымен жолға шығыпты. Ішінде сіңілімнің 10 шақты досы бар. Келді, кірді бәрі. Бір жігіт досы сіңілімнің киімін киіп, сіңілімді қыздар болып үйден алып шықтық. Дәретхана далада орналасқан. Енді ғана сіңілімді келген машинаға отырғызғанымыз сол еді, үйде емес екенін біліп қойып адамдар машинаны қоршап, жабыла бастады. Ал құрбымның әкесі қызды отырғыза сала, өз қызына жолға қарай жүгір деп машинасын таспен атқылап жатса да жүріп кетті. Құрбысының әкесі жарты сағаттан соң кері айналып, бізді алып кетті. Сонымен сіңілімді құтқардық па дегенде, үйге жеткенше 15 рет талып, есін жоғалтып, жылауға шамасы болмай келді. Үйге келе сала әке-шешеме айтпаған сөзім жоқ. Олар менен өмірінде естімеген сөзді естіп, көрмеген мінезімді көрсеттім.
Таңертең алып қашқан жігіттің туыстары келінімізді қайтарыңдар деп келді. Есіктің алдына тұрып алып кетпей қойды. Оларға әке-шешем тиіп қашып, жоқ жауап беріп жүр. Әлде менің сөздерім өтіп кеттіме? Кім білсін? Кетпей тұрып алған соң полиция шақырдым. Сол аралықта машинада тығылып отырған әлгі алып қашқан жігітті көрдім. Кімнің алып қашуға себеп болғанын білдім. Ол жігіт наурыздың бірінде басқа қызды алып қашыпты. Ол қыз келісім бермей туыстары алып кетіпті. Ал наурыздың 3-не менің сіңілімді алып қашып отыр. Алып қашуға көметкескен - біздің ауылдағы түрмеден жақында ғана шыққан туысы. Маған 1-2 күнде тәрбиелі, атағы шықпаған қыз тауып берсең, 100 мың теңге беремін деп келісіпті. Тағы алып қашуға өзінің ұлы (менің сіңілімнің сыныптасы) көмектесіпті. Барлық жағдайды біліп жағамды ұстап, бәрін полицияға баяндадым. Олар да бәрін көзбен көрді. Сол аралықта жаңағы алып қашуға көмектескен сыныптасының анасы келді. Өзі ажырасып кеткен. Екі қызы өзінің қолында қалған, ал ұлын әкесі тартып алған. Балама кешірім бер деп келді. Сенесіздер ме? Болашағын құртпа дейді тағы.
Арада біраз уақыт өтті. Мен өз жұмысыма кеттім. Әке-шешем өз қателерін түсініп, кейін маған рақмет айтты. Сіңлімді 1 жыл психологқа сүйреді. Денсаулығымен алысты. Ал туыстар қанша араласқысы келсе де бұрығыдай сыйлай алмаймын. Ал сіңілім соншама өсекке қалса да бәріне мән бермей тек білім алумен айналысты. Оқуын бітіріп сол қалада жүріп, өз адамын тауып тұрмысқа шықты. Қазір одан бақытты адам жоқ, тәп-тәтті балалары бар. Ал күйеу баламыз көзі ашық, оқыған-тоқыған, ел көрген адам. Ондай күйеу екінің біріне жолыға бермейді. Кіші сіңілім қыдырып барғанда «Жезде үйді де өзі жинап, ыдысты да өзі жуып, дәмді тамақ жасайды. Киімдері шашылып жатса оны да жинай салады» деп келді.Күйеу баламыз жағдайдан хабардар. Маған рақмет айтып, бұдан соң ешқандай қиындық көрмейді деп берген уәдесінде тұрып келе жатыр. Жақында білдім. Сіңілім екінші бөпеге аяғы ауыр екенін. Бар тілегім сол, екеуі де бақытты болса екен.
Оқырман хаты


