Жас ақындардың республикалық поэтикалық дуэлі өтті
Ақтөбеде жас ақындардың басын қосқан республикалық «Жыр жауһары» поэтикалық дуэлі өтті. Өлең додасына Ақтөбе, Алматы, Орал және Қызылорда қалаларынан 10 жас ақын қатысып, өзара бақ сынады.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Республикалық байқау Қазақстан халқының тілдері күніне орай ұйымдастырылды. Поэтикалық дуэль Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» ғимаратында өтті. Байқау екі кезеңнен тұрды.Алғашқы кезеңде қатысушылар тіл, Ақтөбе қаласы және еркін тақырыпта өз өлеңдерін оқыды. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша үздік алты ақын келесі кезеңге жолдама алды. Екінші кезеңде жас ақындар жеребе арқылы жұптарға бөлініп, жекпе-жек форматында өнер көрсетті. Қатысушылар өз шығармаларын ұсынып қана қоймай, сөз саптау шеберлігі мен суырыпсалмалық қабілеттерін де көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша Алматы қаласынан келген Сандыбай Піржан І орынға ие болды. ІІ орынды Ақтөбе қаласының өкілі Нұрсерік Тәуекелов пен Қызылордадан келген Бексұлтан Санақұл бөлісті. Оралдық Дәурен Шамұратов ІІІ орын алды.Ал арнайы жүлде Ақтөбе қаласының жас ақыны Жанерке Жанкееваға табысталды.Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Ержан Аманжоловтың айтуынша, мұндай шығармашылық жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Оның пікірінше, поэзиялық байқаулар жас ақындардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, еліміздің әр өңіріндегі шығармашылық жастардың өзара байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.


