«Аңсаған сәби»: 114 квота әлі игерілмеген
Ақтөбе облысында бала сүюді армандаған отбасыларға мүмкіндік беретін «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша биыл 311 квота бөлінді. Бағдарлама аясында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыларға тегін медициналық көмек көрсетіледі. Қазір оның 197 квотасы берілген, ал қалған 114 квота әлі игерілген жоқ. Қалған квоталарды алдағы екі айда пайдалану жоспарланып отыр.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
Ақтөбе облысының бас репродуктологы Светлана Есенаманованың айтуынша, квота алу үшін ерлі-зайыптылар өздері тіркелген емханаға жүгінуі қажет.
-Емханаларда «жасыл дәліз» жүйесі енгізілгендіктен, алдын ала жазылудың немесе ұзақ кезек күтудің қажеті жоқ. Қажетті тексерулерден кейін отбасы облыстық перинаталдық орталықтағы комиссияға жіберіледі. Комиссия шешімі оң болған жағдайда квота беріледі. Квота алған отбасы МӘМС жүйесі арқылы жұмыс істейтін 19 ЭКҰ орталығының бірін таңдай алады. Квота берілгеннен кейін үш ай ішінде тиісті орталыққа жүгіну қажет,-дейді акушер гинеколог.
Кімдер квота ала алады?
ЭКҰ квотасы бірінші және екінші бедеулік диагнозы қойылған отбасыларға беріледі. Ақтөбе облысына бөлінетін квотаның шамамен 55 пайызы бірінші бедеулікке, 45 пайызы екінші бедеулікке тиесілі.Бұған дейін жүкті болған әйел, оның ішінде жүктілігі түсікпен аяқталған немесе жатырдан тыс жүктілік болған әйел де «екінші бедеулік» санатына жатқызылуы мүмкін. Сонымен қатар ер адамның денсаулығына байланысты бала сүйе алмау жағдайында да отбасы комиссия шешімімен бағдарламаға қатыса алады.Квотаға нақты жас шектеуі белгіленбегенімен, медициналық көрсеткіштерге сәйкес негізінен 42 жасқа дейінгі әйелдерге беріледі. Қазір квота алушылардың орташа жасы 32-33 жасты құрайды.
Бедеуліктің негізгі себептері
Мамандардың мәліметінше, бедеулік мәселесін анықтау кезінде ерлі-зайыптылардың екеуі де міндетті түрде тексеріледі. Ерлі-зайыптылардың бала сүйе алмауына кей жағдайда ер адам тарапынан туындайтын себептер әсер етсе, енді бір жағдайда мәселе екі тарапқа да байланысты болуы мүмкін. Алайда шамамен тең жартысында әйелдердің денсаулығына қатысты мәселелер себеп болады. Әйелдердегі бедеуліктің негізгі себептерінің қатарында жатыр түтіктерінің өткізгіштігінің төмендеуі немесе бітелуі, эндокриндік бұзылыстар және түрлі гинекологиялық аурулар бар. Олардың ішінде эндометриоз бен жатыр миомасы да кездеседі.Ер адамдарда бедеулік көбіне спермограмма нәтижесіндегі өзгерістер арқылы анықталады. Сондықтан ЭКҰ-ға дейін ерлі-зайыптылардың екеуіне де қажетті тексеру мен ем жүргізіледі.
ЭКҰ-ға кімдер жиі жүгінеді?
Бедеулік мәселесімен дәрігерге көбіне әйелдер бірінші болып жүгінеді. Кейін тексеру барысында жұбайы да медициналық тексеруден өтеді. Ал ЭКҰ квотасын рәсімдеу кезінде ерлі-зайыптылардың екеуі де бірге қатысып, келісімшартқа қол қояды. Дәрігердің айтуынша, отбасылардың арасында қала тұрғындарымен қатар ауылдық жерлерден келетіндер де бар. Алайда ауыл тұрғындарының үлесі шамамен үштен бірін құрайды. ЭКҰ нәтижесінде эмбриондардың шамамен 35-40 пайызы жатырда орнығады. Ал өңірдегі көрсеткіш бойынша шамамен 30 пайыз жағдайда сәби дүниеге келеді. Жүктіліктің дамымай қалуы немесе түсік болуы да мүмкін. Өңірде бұл бағыттағы жұмыс 2017 жылдың көктемінде басталған. Ақтөбеде ЭКҰ арқылы дүниеге келген балалардың ең үлкендері- қазір шамамен 8 жаста. Мамандардың айтуынша, жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген балалардың басқа балалардан еш айырмашылығы жоқ.


