Оймақ жинайтын шебер
Ақтөбелік дизайнер 200-ге жуық оймақ жинаған. Оның арасында Милан, Шанхай, Барселона, Санкт-Петербург пен Еуропаның өзге де елдерінен әкелінген тарихи әшекейлер бар.
Айгерім ЖҰМАБАЕВА
kerekinfoaktobe@gmail.com
Ақтөбелік дизайнер Мейрамгүл Таубатырованың ерекше коллекциясы бар. Ол бірнеше жылдан бері түрлі елдер мен қалалардан оймақ жинап келеді. Бүгінде оның топтамасында 200-ге жуық оймақ бар. Әрқайсысының өзіндік тарихы, бейнесі мен мағынасы бар. Мейрамгүл Таубатырованың оймаққа деген қызығушылығы кездейсоқ басталмаған. Ең алғашқы оймақты оған анасы сыйлаған. Анасының жұмыс кезінде пайдаланған қарапайым оймағы кейін ерекше коллекцияның бастамасына айналыпты.
– Ең алғашқы оймақты анам берген. Ол кісі жұмыс кезінде пайдаланған оймақ болатын. Мен үшін оның орны ерекше. Сол оймақтан кейін осы заттарды жинауға қызығушылығым оянды. Содан бері түрлі оймақтарды жинап келемін, – дейді ол.
Бүгінде коллекционердің қоржынында 200-ге жуық оймақ бар. Оның ішінде шетелге сапар кезінде арнайы сатып алынған тігін құралдары да бар. Кейбірін интернет-дүкендерден тапсырыспен алса, енді бірін оның хоббиін білетін таныстары сапардан сыйлық ретінде әкеліп береді.
Әр оймақтың өз тарихы бар
Мейрамгүлдің коллекциясында қарапайым оймақтардан бөлек фарфордан, ағаштан, металдан, тастан жасалған түрлері де бар. Кейбіріне қалалардың көрікті жерлері бейнеленсе, енді бірінде жануарлар, гүлдер мен жәндіктер салынған. Коллекционер әр оймаққа жай ғана бұйым ретінде қарамайды. Оны қай елден немесе қаладан алғанын, онда қандай тарихи орын бейнеленгенін білуге тырысады.Шанхайдан әкелінген оймақта айдаһардың бейнесі бар. Миланнан келген тігін құралында қаланың танымал мұнарасы бейнеленген. Барселона, Санкт-Петербург және Еуропаның өзге де қалаларынан әкелінген оймақтар коллекцияның көркін келтіріп тұр. Коллекциядағы ең ерекше бұйымдардың бірі – Санкт-Петербургтегі І Петр негізін қалаған этнаграфиялық музейде тұрған, бірнеше жылдық тарихы бар оймақ. Мейрамгүл бұл оймақты арнайы іздеп, Астанадағы зергерден сатып алған. Коллекциядағы оймақтардың бағалары да әртүрлі. Кейбір оймақтардың құны 10 мың теңгеден басталады. Материалы мен жасалу ерекшелігіне қарай бағасы да қымбаттай береді. Коллекцияда янтарь тастары қосылған, фарфордан және күмістен жасалған ерекше үлгілер де бар.
Ең қымбат оймақ-150 мң теңге. Мен оны арнайы тапсырыспен жасаттым. Үлкен әдемі сақинасымн бірге жүреді. Оймағында кішкене салпыншағы бар, сақинаға тағылады.
Оймақ – жай ғана тігін құралы емес
Оймақтың тарихы да терең. Бұрын оны теріден, тастан, сүйектен жасаған. Тіпті піл сүйегінен жасалған үлгілері де кездеседі. Кейін күмістен жасалған оймақтар кең таралған. Қазақ халқының тұрмысында да оймақтың өзіндік орны болған. Шебер әжелер оймақты тек саусақты инеден қорғау үшін емес, сәндік бұйым ретінде де пайдаланған. Дизайнердің коллекциясында еңбек тарихын көрсететін көне оймақтар да бар. Соның бірі – етікшілер пайдаланған бұйым. Ұзақ жылдар бойы қолданылғандықтан, оның беті тіпті тесіліп кеткен.
– Кейбір оймақтардың тозғанына қарап, оның қанша жыл пайдаланылғанын аңғаруға болады. Мысалы, етікшінің оймағы бар. Бірнеше жыл жұмыс істегені көрініп тұр, тіпті тесіліп қалған жерлері бар. Осындай дүниелер маған ерекше қызық, – дейді коллекционер. Мейрамгүлдің айтуынша, коллекциялық оймақтарды күнделікті тігін жұмысына пайдалануға болмайды. Олар арнайы сәндік мақсатта жиналады. Ал жұмыс кезінде ол қарапайым оймақты пайдаланады.
– Коллекциядағы оймақтарды жұмысқа пайдаланбаймын. Олар-мен үшін естелік әрі сәндік бұйым. Ал күнделікті тігін кезінде қарапайым оймақ қолданамын. Өзім де шебермін, қазақтың ұлттық киімдерін тігемін. Кітаптардан көне киім үлгілерін қарап, олардың ерекшелігін сақтай отырып қайта жаңғыртып тігуге тырысамын, – дейді ол.
Коллекциясы жұмыс орнында тұр
Алғашында Мейрамгүл оймақтарын үйінде жинаған. Кейін коллекциясын жұмыс орнына алып келген. Мұнда күн сайын түрлі адамдар келетіндіктен, олар да ерекше бұйымдарға қызығушылық танытып, коллекция иесінен оймақтардың тарихын сұрап жатады.
– Үйде тұрса, ешкім көрмей, жай ғана жиналып тұра беретін еді. Сондықтан жұмыс орныма алып келдім. Мұнда адамдар көп келеді. Көргендер қызығып, оймақтардың тарихын сұрап жатады. Оларға көрсетіп, әрқайсысы туралы айтып беремін, – дейді дизайнер. Оның айтуынша, соңғы уақытта оймаққа қызығушылық танытатын адамдар көбейген. Себебі қазіргі коллекциялық оймақтар тек тігін құралы емес, белгілі бір елдің, қаланың немесе мәдениеттің ерекшелігін танытатын шағын өнер туындысына айналған.
Дизайнердің өзі де Қазақстанның қалаларына арналған оймақтарды жинауға тырысады. Кейбір үлгілерін арнайы суретшіге жасатып, оған қала атауы мен көрікті жерлерін бейнелеткен. Осылайша, бір кездері анасынан мұраға қалған қарапайым оймақ бүгінде дизайнердің 200-ге жуық бұйымнан тұратын ерекше коллекциясына айналып отыр. Ал Мейрамгүл үшін олардың әрқайсысы — белгілі бір елдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін шағын жәдігер.


