Жатыр мойны обырынан 23 әйел көз жұмды

     Биыл Ақтөбе облысында 123 әйел жатыр мойны қатерлі ісігіне  шалдыққан. Қазір олар  емделіп жатыр. Бүгінде өңірде  1400-ге жуық  әйелге  жатыр мойыны обыры диагнозы қойылып,  есепке алынған.

Назгүл ӘБЕТОВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

Обырға шалдыққан науқас үшін әр сәт үмітке толы. Дәрігердің әр сөзі, емнің нәтижесі, жақындарының қолдауы өмір сүруге деген құлшынысын арттыра түседі. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті медицина орталығының онкогинекологы Әсел Жаңабаеваның айтуынша, қатерлі ісікке шалдыққан әйелдер көбіне дерт туралы ашық сөйлесе бермейді. Өйткені диагноз қойылған сәттен бастап психологиялық тұрғыдан қиналады.

-Қазір “жаман ауру” жасарып барады. Отызға толмаған жастар да обырмен есепте тұр. Жасыратыны жоқ, бұл жағдайды адам басына түспей түсінбейді. Күніне 30-ға жуық әйелді қабылдаймыз. Бізге диагнозды айту да оңай емес. Бірақ айту - міндетіміз. Алдымен келген әйелдің жағдайын қараймыз. Диагнозды естімей тұрып, байбалам салатындар бар. Кейбіреулері бүкпесіз ашық айтуды сұрайды. Балалары болашақта жаман аурумен ауырмас үшін алдын-алудың жолдарын сұрайтындар да кездеседі. Ең бастысы, сырқатқа шалдыққан жанға жақынының демеуі қажет, - дейді дәрігер.


Үміт пен күдік

     Обырды емдеу тегін. Отандық медицинаның онкологияны емдеуге қауқары зор.  Дәрігерлердің айтуынша, қатерлі ісікке шалдыққандардың арасында шетел асып, тәуіп жағалап, әлеуметтік желідегі ем-домға үміт артатындар да аз емес.

 -Ақтөбелік әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылды. Барлық құжатын дайындап, комиссияға салмақшы болдық. Комиссия қарауына жарты сағат қалғанда әйел интернетті ақтарып, “Қытайда өндірілген суппозиторий ” тауып алғанын айтты. Сөзінше, дерттен айығуға көмектеседі екен.Сөйтіп жарты сағаттың ішінде ойы өзгеріп, комиссияға қатыспайтынын жеткізді. Ота жасамаса кеш болатынын қанша түсіндіргенімізбен, тыңдамады. Арада 1 жылдай уақыт  өтті. Әйел ауыр жағдайда ауруханаға түсіп, паллиативті бөлімшеге жатқызылды. Ұзаққа бармай, науқас көз жұмды, - деді онкогинеколог.   Бұл бір ғана жағдай. Дәрігерлер күніне осындай бірнеше оқиғамен бетпе-бет кездеседі. Сондықтан обырмен күресте жалған үмітке емес, медицинаға сену керек. Тұрақты скринингтен өту мен дәрігерлік  бақылау арқылы қатерлі ісіктің алдын алуға болады. Қатерлі ісік ерте кезеңде анықталса, емдеу мүмкіндігі де жоғары. Жатыр мойны қатерлі ісігі - әйелдер арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Онкогинеколог Әсел Жаңабаева адам папилломавирусының ағзада ұзақ сақталуы қауіпті фактор екенін атап өтті. АПВ-ға талдау тапсырғанда оң нәтиже берсе, қатерлі ісік бар деп шошуға болмайды.  Көп жағдайда ағза инфекцияны өздігінен жеңеді. Егер вирус ағзада сақталып қалса, жатыр мойны жасушаларында өзгерістер пайда болуы мүмкін. Бұл өзгерістер кейіннен обыр алдындағы жағдайға ұласуы ықтимал.

      Айта кетейік, Ақтөбе облысында қазір 1392 әйел жатыр мойны обырымен диспансерлік есепте тұр. Былтыр 23 әйел көз жұмған.

 

 

Қоғам
16:11, 17 сентябрь 2026
214
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив