Ақтөбеде қазақстандық және шетелдік хирургтар бас қосты

Ақтөбеде «Қазіргі хирургияның өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Қазақстанның әр өңірінен және Беларусь, Түркия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 100-ге жуық маман қатысты.

Айгерім ЖҰМАБАЕВА

kerekinfoaktobe@gmail.com

     Ақтөбеде өткен конференцияда хирургияның қазіргі жағдайы, заманауи емдеу әдістері және трансплантологияның дамуы сөз болды. Шетелдік мамандар қазақстандық әріптестерімен тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақстан кардиологтары қауымдастығының президенті Сәлім Беркімбаевтың айтуынша, мұндай кездесулер жас мамандар үшін аса маңызды.

-Облыста ауқымды конференция өтті. Мұнда алыс-жақын шетелден 100-ге жуық дәрігер келді. Мұндай басқосулардың маңызы зор. Тәжірибелі мамандармен пікір алмасып, біліктілігімізді арттырамыз. Әсіресе хирургия мен трансплантология саласында шетелдік әріптестерден үйренеріміз көп. Түркия мен Корея медицинасы жақсы дамыған елдер. Ал Қырғызстан мен Өзбекстанда бұл бағыттар енді қарқын алып келеді. Сондықтан шетелден келген мамандардың жас дәрігерлерге берер пайдалы ақпараты көп деп ойлаймын, — деді ол.

       Конференцияда трансплантологияға ерекше назар аударылды. Қазақстанда бұл бағыт соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Ақтөбеде де ағза ауыстыру оталары бірнеше жылдан бері жасалып келеді.Марат Оспанов атындағы БҚМУ кафедра жетекшісі Базылбек Жакиевтің айтуынша, өңірде трансплантация бағытының дамуына жергілікті мамандардың шетелдік тәжірибеден өтуі де ықпал еткен.

- Шетелден келген ғалымдар трансплантология бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Ақтөбеде алғашқы трансплантация операцияларының бірі 2014 жылы жасалды.Ол кезеңде Жақсылық Досқалиевтің жетекшілігімен трансплантология бағыты қалыптаса бастады. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай конференциялар жергілікті мамандар үшін тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігін арттыруға үлкен мүмкіндік береді, — деді Базылбек Жакиев.

     Конференция бағдарламасында шеберлік сабақтары қарастырылмағанымен, шетелдік мамандардың қатысуымен тәжірибелік жұмыстар да жүргізілді.  Атап айтқанда, бұдан екі күн бұрын Түркиядан келген дәрігерлер Ақтөбеде сүт безіне операция жасаған.Қазір пациенттің жағдайы жақсы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияның негізгі мақсаты — қазақстандық хирургтарды бір алаңға жинап, тәжірибе алмасу және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру. Сонымен қатар заманауи әрі тиімді технологияларды күнделікті клиникалық тәжірибеге енгізу мәселелері де талқыланды.Мамандар мұндай халықаралық кездесулердің жас дәрігерлер үшін де, тәжірибелі хирургтар үшін де маңызды екенін атап өтті. Себебі медицина үнемі жаңарып отырады, ал жаңа әдістерді меңгеру хирургиялық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Қоғам
15:54, 18 сентябрь 2026
294
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив