КАДР СЫРТЫНДАҒЫ КАСКАДЁР

Көрермен экраннан әсерлі шайқас көргенде, аттан құлаған батырды немесе биік жартастан секірген кейіпкерді байқайды. Бірақ сол көріністердің артында қауіп-қатермен бетпе-бет келетін тағы бір маман бар. Ол – каскадёр. Оның есімі титрларда сирек аталғанымен, киноның ең күрделі әрі қауіпті сәттері дәл осы мамандардың еңбегі арқылы жүзеге асады.

Аружан СМАҒҰЛОВА

@smagulova__aruzhan

Өркен Бақтығали  Байғанин ауданының Оймауыт ауылында дүниеге келген. Бала күнінен кино әлеміне қызығып өскен ол болашағын өнермен байланыстыруды армандады. Әлеуметтік желіден көрген бейнеролик Өркеннің кино әлеміне деген қызығушылығын жаңа арнаға бұрды. Ол Қазақстанға ғана емес, шетелге де танылған NOMAD каскадёрлер тобы туралы ақпаратты көргеннен кейін осы кәсіпті таңдауға бел буады.

Арманға жетелеген жол

Алайда каскадёр болу оңай емес еді. Алдымен бірнеше ай бойы арнайы дайындықтан өтіп, кейін бір жыл сынақ мерзімінен өткен соң ғана кәсіби топтың мүшесі атанады.

— Каскадёр болу үшін ең алдымен батылдық қажет. Қорқыныш мүлде болмайды деп айта алмаймын. Бірақ уақыт өте келе оны жеңуді үйренесің. Бізді бірден түсірілім алаңына жібермейді. Әуелі физикалық және психологиялық дайындықтан өткізіп, түрлі жаттығулар жасатады. Кейін ғана нақты тапсырмалар беріледі. Кейде биіктен секіреміз, тіпті аттан құлаймыз. Мұндай сәтте қорқынышты ойлауға уақыт болмайды. Себебі бүкіл түсірілім тобы саған сенім артып тұрады, — дейді Өркен.

Ол еңбек жолында көптеген ауқымды жобаларға қатысқан. Атап айтқанда, «Томирис» тарихи фильмінде, «Кейкі мерген» телехикаясында, Германияның әйгілі Rammstein рок-тобының бейнеклипінде, сондай-ақ «Пацанская история» мен «Ва-банк» кино жобаларында каскадер ретінде өнер көрсетті. Кейбір жобаларда актерлік қырынан да танылған.

Әдетте каскадер еңбегі көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Көрермен фильмдегі әсерлі көріністерге сүйсінгенімен, сол кадрлардың қалай түсірілгенін немесе оны кім орындағанын ойлай бермейді. Дегенмен киноның шынайылығын арттырып, көрерменді оқиғаға сендіретін де — дәл осы каскадерлердің кәсібилігі. Экранда негізгі кейіпкер көрінгенімен, қауіпті әрекеттерді орындап жүрген мүлде басқа адам болуы мүмкін.

Қауіппен бетпе-бет

Өркеннің айтуынша, бұл кәсіпте «оңай трюк» деген ұғым жоқ.

— Құздан құлау да, ат үстіндегі шайқас та, төбелес сахналары да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кейде шабуыл көріністерінде қылыштасып, жараланған адамның рөлін сомдап, аттан құлауға тура келеді. Осындай сәттерде үйір-үйір жылқының арасында қалып қоятын кездер де болған, — дейді ол.

Түсірілім кезінде әрдайым бәрі жоспар бойынша бола бермейді. Бір көріністі бірнеше каскадер бірігіп орындайтындықтан, олардың біреуінен қателік кетсе, дубль қайта түсіріледі. Кейде бұл бірнеше мәрте қайталанады.

Кәсіптің қауіптілігі де осында. Мәселен, Өркен 9 рет қайталанған «Кейкі мерген» телехикаясының бір сахнасында иығын шығарып алған. Оның айтуынша, каскадёрлер арасында саусақ, қол, аяқ сынуы немесе басқа да жарақаттар жиі кездеседі.

Сахна сыртындағы шындық

Көпшілік кинотеатрда отырып бірнеше секундтық әсерлі көріністі тамашалайды. Алайда сол қысқа сәттің артында апталарға созылған дайындық тұруы мүмкін. Әрбір трюк алдын ала талданып, қайталанып, қауіпсіздік шаралары пысықталады. Кей жағдайда каскадёрлер кәсіби тәжірибесінің арқасында арнайы дайындықсыз да жұмысқа кіріседі. Өйткені олар кез келген тапсырмаға дайын болуға дағдыланған.

– Көрермен білмейтін бір құпия бар. Ол – біз, каскадерлер. Біздің жұмысымыз көзге көрінбейді. Сондықтан көп нәрсе сахнаның сыртында қалып қояды, – дейді ол.

Каскадер мамандығы тәуекелді ғана емес, табысты кәсіптердің бірі саналады. Дегенмен Өркен бұл салада қанша табыс тапқанын жария еткісі келмейді. Десек те өзі бір жоба үшін төленген ақшаға көлік сатып алған.

Қазір Өркен өмірін мүлде басқа арнамен байланыстырып отыр. Бір кездері кино алаңында тәуекелге толы трюктер орындаған ол бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысады. Отбасын құрғаннан кейін каскадёрлік жолды жалғастырмауды жөн көрген. Қазір бау-бақша өнімдерін өсіріп, мал шаруашылығын дамытып, жеке кәсіппен айналысып жүр. Кино әлемінен алыстағанымен, оның өміріндегі ең жарқын кезеңдердің бірі дәл осы каскадёрлікпен байланысты. Өйткені экрандағы бірнеше секундтық көріністің артында үлкен еңбек, темірдей тәртіп және тәуекелге толы тағдыр жатыр.

 

Өнер
14:51, 21 сентябрь 2026
219
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив