Тағдыр тәлкегі

Менің 6 балам бар. Олар менің байлығым, көз қуанышым. Осы балаларды бағып-қағып, басымды тауға да, тасқа да соғып келе жатырмын. Бірінші жолдасыммен екі баламен ажырасып кеттім. Ол кезде екеуіміз де жас болдық. Отбасының қандай болатынын, ондағы жауапкершілігі жайлы білмедік. Ақыры не керек, ажырасып тындық. Қызым жолдасымнан еді. Екінші ұлым қайныағамнан. Жолдасым жоқ кезінде сонау Қостанайдан «қыдырып келдім» деп сылтауратып, мені зорлап кеткен болатын. Мен ол кезде 20 жаста болдым. Қызым кішкентай еді. Мас болып келіп, мен ұйықтап жатқанда зорлады. Үйде қайным жолдастарымен келесі бөлмеде отырды. Менің айқайлағанымды ести тұра көмек бермеді.

Сол шарасыздықпен мен қайын ағамнан көтеріп қалыппын. Мен оны өз үйіме кетіп қалғаннан кейін 3 айдан кейін ғана білдім. Өйткені жолдасым жазда кеткен еді, қайын ағам күзде келді. Мен аяғым ауыр екенін желтоқсанның ортасында білдім. Жанталасып мамама білдірмей, қаладағы үйге кетуге асықтым.

Содан жолдасымды шақырып алдым. Қайныағамның зорлағанын айтқым келген. Бірақ айта алмадым, қорықтым. Содан арақатынасымды түзеп, айтқанын істедім. Жолдасымнан көтергендей болып, әрекет жасадым. Бірге тұрдық. 5 айға дейін ішімді байлап жүрдім. Төрт айында аяғым ауыр деп айттым. «1 ай» деп, содан ол қуанды. Мәз болған соң әрі қарай жүре бердім. Іште қорқыныш болды, әр күн сайын азаппен жүрдім.

Сөйтіп уақыт өтіп, жаз кезінде босандым. Ұл тудым. Жолдасым қуанды. Бір күні күз кезінде қайным келіп, арамызға түсті. Екеумізді  ұрыстырып, ағасын ертіп әкетті. Мен қайтадан екі баламен ауылға кеттім. Қазір 15 жыл өтті. Сол кеткеннен жолдасым оралмады. Ол Астанаға барып, бомж болып кетті. Аға-інілері қарамай кетті. Қазір ешкімді танымайды.

Сөйтіп жүргенде туыстарыма екі баламен сыймадым. Жеңгелерім болған жоқ, бірақ ағаларым сыйдырмады. Әпкелеріме бардым, жезделерім сыйдырмады. Сөйтіп басар тау, тұрар жерім болмай жүргенде бір балаға тұрмысқа шықтым. Екеуміз пәтер жалдап тұрдық. Екі баланы бауырына басып, жұмыс істеп, жақсы тұрдық. Мінезі жақсы деп түріне де қарамадым, «түріне ас құйып ішем бе?» деп. Дүниеге екі ұлым келді. Мені әркімнен қызғанып ұратынды шығарды. «Бала үшін» деп шыдадым. Бір күні мені өлімші етіп сабап, ауруханадан бір-ақ шықтым. Ал ол біреудің жылқысын ұрлап, қашып кетті.

Бұрынғы жолдасымнан қалған екі баланы да  өз атына жазып алған болатын. Ол кеткен соң ашумен алиментке бердім. Қазір 10 жыл өтті. Алименті 14 миллион теңге  болып жиналып қалды. Сол кеткеннен кейін 4 баламен ешкімге сыймадым. Өйткені 10 мың теңге ғана жәрдемақы аламын. Кішкентай бала бар, жұмыс істей алмаймын. Сөйтіп жүргенде ауылда ағам үйленіп, жеңгем анаммен бірге мені қыс ортасында қуып шықты. «Топырлаған адаммен тұрмаймын» деді.

2019 жылы жаңадан жәрдемақы өсіп, АСП басталғанда, жеке тұру керек деп бөлек пәтер жалдап тұрдым. Мамам ағаммен қалды. Үйленбеген ағам балалардың жылағанын көтере алмай, ұра беретін. Бір күні кино көріп отырғанда бала жылап, оған ағам «аузыңды жап» деп аузына қағаз жұмырлап тығыпты. Мен жынданып, алдымдағы кесені жібергем. Содан ағам мені шнурмен қылғындырды. Мамам көмек берген жоқ.

Сол кезде мен осыған дейін көрген қиындыққа шыдамай асылып қала жаздадым. Қызым 8 жаста еді. «Мама, сен жылама, қазір өлесің, сен кеткеннен кейін біздің күнімізді қазір елестетші» дегенде, үстімнен су құйып жібергендей, өзімді тоқтаттым. Түнге қарамастан квартираға кетіп қалдым. Сол кезде мамам бір қарамады.

Сол қиналумен жүріп, жалғыздық, қиындық, бәрімен арпалысып жүргенде дос  қыздар бір баламен таныстырды. Қазіргі жолдасым. Онымен бір жылдан аса жай араласып жүрдім. Ана бала арақ ішпейтін, қамқор болып көрінетін.  «Өзім бір үйдің жалғыз баласымын, балаларды өз баламдай, бауырымдай көремін  деген сөзіне алдандым. Апам «төлеймін» деп алғызған кредит жан-жағымнан қысып жатты. Қиындықтан шығуға көмектеседі деп сол жігітке тұрмысқа шықтым. Әке-шешесі жақсы кісі еді. Бізді қуана қарсы алып, тойын жасады. Сөйтіп ата-енемен бірге тұрдық. «Арақты аузыма алмаймын» деген адам ауылға келген соң, іше бастады. Ол да мені қызғанып, ұратын болды.

Мені қорғамақшы болған енемді кеудесінен итеріп жіберді. Шешені қуып, ұрған қандай екен, көрейін деп оқтауды алып, жолдасымды ұрып тастадым. Ол мас адам қарсыласа алмай, таяқ жеді. Содан кейін маған да, енеме де бір қол көтермеді.

Бірақ мен жоқта балаларымды ұрып жүріпті. Балалар қорқып, маған айтпаған. Енем қорғаймын деп өзі таяқ жейтін көрінеді. Бір күні босануға кеткенде, кішкентай 4 жастағы ұлымды аузынан бір ұрып, 4 тісін сындырып жіберіпті. Бала шок алған. Қазір 10 жаста, төсекке жіберіп  қояды. Бармаған жерім, алмаған дәрім жоқ. Дәрігерлер мүгедектік ал дейді. Бірақ мен қимаймын. Сол күні баланы ұрғанда енемді де ұрған. Енемнің басына шишка шығарған. Үстінен арыз жаздым. 15 күнге қамалып, қайта шықты. Осылайша уақыт өте берді. Ол арақ ішуін қоймады. 2022 жылы қызымды ұрып жатқан жерінен қолымдағы пышақты қалай тығып алғанымды білмеймін, арқасына кіріп кетті. Онымен мен 4 жылға сотталдым. 2 жылдан кейін тәртібім жақсы болған соң бостандық берді. Бәрібір соңымыздан қайтып келді. Кіргізбесем, көршілерді мазалайды.  Аузына келгенді айтатын. Көршілер үй иесіне шағымданып, бізді пәтерден шығарып жіберді.

Ауылға кеттік. Өзімді ұмыттым. Балаларымды асыраймын, байдың көңілінен шығам деп қарызға да баттым. Процент те, кредит те  алдым. Қалаға қатынап жұмыс істедім. Одан үй ақтап, біреудің кірін жуып, ақша таптым. Ол болса арақ ішіп, менің айқайыммен ғана жұмыс істеп жүрді.

Былтыр енем қайтыс болды. Емдеткеніммен жаман ауруға шалдыққан енемді аман алып қала алмадық. Енем қайтқаннан кейін атам бауырларымен бірігіп бізді үйден қуып шықты. Енемнің намазына түскен ақшаға таласып, өздері бір-бірімен қырылды. Мен балаларымды алып, қалаға көшіп кеттім.

Қыста қазіргі жолдасым  келді. Келеді, кетеді, әйтеуір жүр. Ішеді, боқтайды, Жазда менің түрткілеуіммен подъезд жөндеп, жұмыс істеп жүрдік. Қазір қайтадан кетті. Мен одан суып кеткендеймін. Бір жағынан екі рет тұрмыс құрып, ажырасып, кеткеннен кейін тағы ажырасып кеттім деген сөзге қалам ба деп ойлаймын.  Балалар өсіп келе жатыр. Үлкен қызым 11 класты, ұлым  9 класты бітіреді.

Кім не десе, о десін бала-шағаны өзім асырап жатырмын.  Бірақ жазып, қоңырау шалып, мазамды ала береді. Балаларыма шығып, мені қарсы қояды. Ішкенде аузына келгенді айтады. Өліп қалғым келеді, бірақ жалғыз қызымды уайымдаймын. Осыған дейін қаншама рет өзіме қол жұмсап, қолымды кестім. Бірақ аман қалып жүрдім. Қазір денсаулық та жоқ, жүйкем де шаршады. Бірақ балаларым үшін күресіп жүрмін. Осы жолдасыммен некедеміз. Енді басым қатып жүр. Ажырассам ба екен, әлде ажыраспай алиментке берсем де деген ой мазалап жүр. Төрт баланың тегі бір болған соң, екінші жолдасымды алиментке бердім, төлеп жатқан жоқ. Өзім көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегінде тұрмын. Осы басымнан өткен жағдайды ешкімге тілемеймін, дұшпаныма да. Бала кезімде ағамнан зорлық көріп, тұрмыста қайын ағамнан қорлық көріп, осы қиындықтардың бәрін есіме алып, өмір сүргім келмейді мүлдем. Бірақ балаларымды қимаймын, жақсы көремін. Осыларды жеткізгім келеді. Ойым жан-жаққа шашырап кетті. Қайныағамнан туған баламды менен басқа жан білмейді. Ешкімге айта алмадым. «Өлгенде көрге ала кетем» деп ойлаймын. Осынының бәрі мені артқа тартып, өмірден түңілдіреді. Алға ұмтылғым келеді. Қызыма: «Оқы, білім ал, еркек атауын ойлама, алға ұмтыл» деп ақылымды айтып отырамын. Өзімнің көрген қорлығымды қызым көрмесе екен деймін. Айналдырған 147 мың теңге жәрдемақы тамақ пен пәтер ақысынан ауыспайды. Не істерімді білмей жүрмін.

                                                                                                                                                 Оқырман хаты

Оқырман хаты (18+)
10:56, 29 сентябрь 2026
290
0
Комментарии (0)
Добавить
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив