«Ажыраспаңдаршы, қыздар»
Ішімдегіні шығармасам өліп қалардай болып отырмын. “Бірінші неке-бағың, Алладан” дегенді кеш түсіндім… Егер қазір күйеуіңізден көңіліңіз қалып, «осы адаммен қалай өмір сүріп жүрмін?» деп жүрген болсаңыздар, менің осы сөздерімді бір рет толық оқып шығыңыздаршы.
Менің ажырасқаныма үш жыл болды. Үш жыл бұрын мен үшін күйеуім дүниедегі ең “жаман” адам еді. Маған көңіл бөлмейді, түсінбейді, қолдамайды деп ойладым. Тіпті кейде тиран болып көрінді. Тапқан ақшасын да азсындым. «Осы ғана ма?» дейтінмін. Оның тұрақты жұмысы болды. Тапқаны отбасының тамағына, балалардың қажетіне, үйдің шығынына, несиелерге кететін. Бірақ мен оны ол кезде сезбедім. Мен тек өзіме жетпейтін нәрсені ғана көрдім.
Ең жаманы — күйеуімді жұртқа жамандай беретінмін… Оның намысына тиетін сөздер айттым. Туыстарының алдында да, өз адамдарымның алдында да төмендететін кездерім болды. «Сен еркек емессің, езсің» дегенді де айттым.
Қазір сол сөздерімді есіме алсам, өзімнен ұяламын. Мен сол кезде ажырассам, өмірім керемет болады деп ойладым. «Мені түсінетін еркек табылады. Маған көңіл бөлетін, мені бағалайтын адам кездеседі. Өзім балаларымды өсіремін, ешкімге тәуелді болмаймын» деп ойладым. Бітпейтін ұрыстарымыздан бір күні күйеуімнің де шыдамы таусылды. Біздің 2 баламыз бар екеніне қарамай, ажырасуға шешім қабылдады, ажырастық… Сол кезде мен «міне, ақыры құтылдым» деп ойладым. Бірақ, ажырасқаннан кейінгі өмір мен ойлағандай болмай шықты... Балаларымды жалғыз тәрбиелеймін, тәуелсіз боламын дедім. Ажырасқан соң бастапқыда ата-анам, құрбыларым, жақындарым бәрі қолдау білдіргендей болды.
Уақыт өте келе жалғыздықтан да, бәріне мықты болудан да шаршадым. Сөйтіп арқа сүйер ер адам іздедім. Қарым-қатынас бастаймын деп ойладым. Бірақ кездескен ер адамдардың көпшілігінің ниеті мен ойлағандай емес екенін түсіндім. Ойлары тек арамдық, төсек… Кейбіреуі 2 балам бар екенін айтсам бірден қашады, біреудің баласын бағып, жауапкершілік алғысы келмейді екен. Басқа қолдар, басқа иіс, басқа дауыс. Олардан және өзімнен қатты жиіркендім…
Сол кезде ғана мен бұрынғы күйеуімнің қадірін түсіндім. Балаларыма өз әкесіндей ешкім қамқорлық, махаббат бере алмайды, бермейді де екен… Әлі күнге дейін балаларын сағынып, кездескенде қатты қуанады. Балалар да әкесін қатты сағынады, жақсы көреді. Әкелерін көргенде көздерінен қуаныш көрінеді, еркелейді. Сол сәттерде балаларымның тағдырына балта шауып, өмірлерін қиындатқанымды ойласам, тамағыма тас тұрып қалғандай қатты қынжыламын.
Мен жылдар бойы күйеуімді жаман адам деп ойлаппын. Шын мәнінде мен оның жасаған жақсылығын бағаламаппын. Оның да бәрінен шаршап жүргенін көрмей тек өзімді ғана ойлай беріппін. Отбасы үшін тапқан ақшасының қайда кетіп жатқанын түсінбеппін. Менің және балаларымның жағдайын ойлап жүргенін қалыпты нәрсе деп қабылдаппын.
Қазір басымыздан өткен барлық кезеңдерді көз алдымнан өткізсем, ол маған жамандық ойлаған адам емес екен. Мен өзім оның жүрегін суытқан екенмін. Күн сайын негатив ойлармен, ренішпен, өзгемен салыстырумен... Біреудің сөзін тыңдап, күйеуімді өзімнің санамда «құбыжық» жасап алған екенмін. Туыстарымның айтқанына ердім. Айналамдағы адамдардың пікірін өз күйеуімнің сөзінен жоғары қойдым.Ол мені сүйген кезінде мен оның махаббатын сезбеппін емес, сезгім келмеген екен...
Қазір үш жыл өтті. Бұрынғы күйеуім қайта отбасын құрған. Кейде әлеуметтік желіден көріп қаламын. Әйелімен бірге түскен суреттерін көремін. Оның күлкісін көремін. Бұрын менімен тұрған кездегі күлкісінен бөлек күлкі сияқты. Қазір шынайы, еркін, бақытты екенін көрдім… Оның қазіргі әйеліне қалай қарайтынын көргенде, жүрегім ауырады. Өйткені мен сол адамның сондай бақытты болуына өзім себеп бола алатын едім. Мен оның махаббатын өз қолыммен өшіріп алыппын.
Қазір бір ғана нәрсе үшін қатты қиналамын: «Неге сол кезде махаббатымды сездіріп, жылулық силап, күйеуімді тыңдамадым?» деген ойлар ғана. Сол кезде бәрі басқаша боларма еді… Мүмкін біздің де балаларымыз толыққанды отбасыда өскен, бақытты жандардың бірі болар ма едік?! Балаларымыз әкесін қазіргідей сағынбас еді. Менің түндерім жалғыздықта өтіп, өткен өмірімді аңсамас па едім… Сондықтан ажырасудың алдында тұрған әпке, сіңілілеріме бір ғана өтінішім бар. Асықпаңыздар! Жай ғана реніштен, ақшаға көңіл толмағаннан, «маған жеткілікті внимание бөлмеді», шаршадым дегеннен, құрбылардың сөзіне еріп, күйеуіңізді күн сайын жамандап жүріп ажырасуға дейін жетпеңіздер!
Бір сәт ойланыңыздаршы. Күйеуіңізге сырт көзбен қарап көріңізші. Сіз оның жақсылығын бағалап жүрсіз бе? Оның намысына тиіп жүрген жоқсыз ба? Оны басқа еркектермен салыстырмайсыз ба? Оның проблемаларын түсінуге тырысып көрдіңіз бе?
Еркек те -адам. Оның да жүрегі бар, ол да бір күні шаршайды. Бір күні сізбен ұрыспайды. Бір күні түсіндіруге тырыспайды. Бір күні жай ғана өміріңізден кетеді. Сол кезде ғана оның қадірін түсінеді екенсіз… Ал ең ауыры — сіз түсінген кезде оның жүрегінде сізге орын қалмауы.
Менің өкінішім — күйеуімнің жаман болғаны емес. Мен жақсы адамның қадірін жанымда жүргенінде түсінбегенім. Сондықтан, қыздар ажыраспаңдар демеймін. Бірақ, ажыраспас бұрын мың рет ойланыңыздар дегім келеді. Әсіресе, арада бала болса…
Оқырман хаты


