Ақтөбеде білім беру ұйымының 21 басшысы жауапқа тартылды

Ақтөбе облысында былтыр мектеп пен балабақшадағы олқылықтар үшін 21 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әсіресе, балабақшада балалардың жарақат алуы, топтағы бүлдіршіндердің жас ерекшелігінің ескерілмеуі, тәрбиешілердің біліктілік санатын көтеру жұмыстары толық жүргізілмеуі тыйылмай тұр.
Назгүл ӘБЕТОВА
kerekinfoaktobe@gmailcom
Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиеваның айтуынша, мектептерде де бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтсақ, мектепішілік бақылау талапқа сай жүргізілмеген. Мұғалімдердің 5 жылда бір рет біліктілік санатын растамауы, біліктілікті арттыру курсынан үш жылда бір рет өтпеуі сияқты заңбұзушылықтар жиі бұзылады.
- ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (ӘҚБтК) бойынша мектеп немесе балабақша басшысы, өзінің қызметтік міндеттерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық жасалса, лауазымды тұлға ретінде әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Бұл ӘҚбТК-нің 30-бабында бекітілген, - деді департамент басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасын бұзғандарға да жауапкершілік қарастырылған. Мұғалімге тауарлар мен қызметтерді сатып алу міндетін жүктеуге болмайды. Мұндай жағдайда 86 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Сондай-ақ мұңалімдерге міндетінен тыс жұмыс жүктеген басшылар да жазасыз қалмайды.
Гүлнар Сәрсенғалиеваның айтуынша, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы талаптарды бұзған білім беру ұйымдарының басшыларына да арнайы әкімшілік жауаптылық көзделген. Кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылық анықталса, тез арада полицияға хабарлау қажет. Уақытылы хабарламаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай кезде 10-30 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды.
Департамент былтыр 148 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестаттау жүргізген. Оның 99-ы мектеп болса, 49-ы балабқша. Соның ішінде 25 мектеп пен 5 балабақша білім беру стандартының талаптарына сәйкес келіп, бірден аттестатталған. Ал кемшілік анықталған мектеп пен балабақшаға қателіктерді жоюға тапсырма беріліп, тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде ғана аттестатталған. Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне айтар шағымыңыз болса, 8(7132) 45-91-34, 41-44-32 телефонына хабарласуға болады.
Айта кетейік, былтыр облыста заңбұзушылықтарға жол берген 21 басшы, биыл 10 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.


