Психотерапевт: “Лудомания мектептен басталады”

Ақтөбе облысында лудомания диагнозымен 2 науқас есепте тұр. Алайда бұл-ресми статистика ғана. Құмар ойынға тәуелді адамдардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені науқастардың көпшілігі мұны ауру ретінде мойындамайды. XXI ғасырдың дертіне айналған лудомания туралы кәсіби маман не дейді?
Жансая ЕСМАҒАНБЕТ
Ақтөбе облысында құмар ойынға тәуелді 2 адам облыстық психикалық денсаулық орталығында есепте тұр. Олар екі жыл бұрын писихиатрия бөлімінде жатып, емделіп шыққан. 25 жылдық тәжірибесі бар психотерапевт, психиатр-нарколог Дина Тілеубаева құмар ойынның жастар арасында кеңінен тарағанын айтады.
-Менің тәжірибем бойынша, құмар ойынға тәуелді адамдардың орташа жасы 23-35 жаста. Лудомания- XXI ғасырдың дерті. Қазір телефонда бәс тігуге қатысты жарнамадан көз сүрінеді. Оны үлкен адамдар парақтап, өткізіп жіберуі мүмкін. Ал гаджетке тәуелді жастар оған тез құмартады. Олар ата-анасынан гөрі интернетке көбірек сенеді. Дені спортқа бәс тігеді. Құмар ойынға шалдыққандар алғашында ұтады. Жеңіл ақшаға қызығады. Олар зомби сияқты. Ата-аналарын мүлдем естімейді. Көздері қызарып, ұйықтамайды, үйлерінен кетеді. Есіл-дерті телефонда болады. Қоғаммен, ортамен байланысы тоқтайды. Ақыры олар қарызға батып, микронесиелер ала бастайды,-дейді маман.
Республикалық психикалық денсаулық орталығының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 450 мыңға дейін адамда ойынға тәуелділік белгілері бар. Ал 1,8 млн-нан астам адам тұрақты түрде құмар ойын ойнайды. Алайда тек 36 мың адам ғана өзінде проблема барын мойындайды.Бұл мәселе әскери қызметшілер мен мемлекеттік қызметшілер арасында да өзекті. “Керек. INFO” газетінің тілшісі өңірдегі ахуалды білмек болып, ресми органдарға да сауал жолдаған еді. Ақтөбе облысы прокуратурасының мәліметінше, құмар ойынға бәс тігіп, жұмыстан шығарылған мемлекеттік қызметкерлер туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен осыдан екі жыл бұрын мектеп қызметкері бюджеттің 238 млн теңгесін жымқырып, оның бір бөлігін букмекерлік кеңселерге жұмсаған. Ол сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал Ақтөбе облысының мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілмановтың бұған дейін берген жауабында бір әкімшілік мемлекеттік қызметшінің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысқаны айтылды. Бұл үшін оны мемлекеттік қызметтен босатқан. Дегенмен мемлекеттік бюджет қаражатын құмар ойындарға пайдалану фактілері анықталмапты. Мемлекеттік қызметшілер арасында құмар ойындар мен бәс тігуге жол бермеу үшін тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілетін көрінеді.


